Қауіпсіздік – сенімнің басты шарты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында: «Заң мен тәртіп, азаматтардың қауіпсіздігі және құқықтық тәртіп жүйесіне цифрлық технологияларды енгізу – мемлекеттік саясаттың басты қағидатына айналуы тиіс. Адамның өмірі мен денсаулығы – ең қымбат құндылық, мемлекет оны сенімді қорғауға міндетті» деп қауіпсіздік мәселесіне ерекше тоқталды.
Алайда соңғы айларда орын алған қайғылы оқиғалар түнгі клубтар мен ойын-сауық орындарының қызметінде әлі де жоғары деңгейдегі қауіптің сақталып отырғанын көрсетті. 2025 жылдың қаңтар-тамыз айларының өзінде республика бойынша «102» жедел арнасына ойын-сауық орындарындағы құқық бұзушылықтарға қатысты 45992 шағым түсті. Осы орайда Астана қаласы бойынша 11569 шағым, оның ішінде: клубтарда – 2718, мейрамханаларда – 2269, кафелерде – 6582. Алматы қаласында да дәл осындай жағдай орын алып отыр (11021). Бұл көрсеткіш басқа өңірлермен салыстырғанда айтарлықтай жоғары: Шымкенттен – 2 есе (5626), ШҚО-нан – 4 есе (2806), Қызылорда облысынан – 7 есе (1557), Жамбыл облысынан – 8 есе (1471), СҚО-нан – 12 есе (947), Маңғыстау облысынан – 14 есе (833), Түркістан облысынан – 20 есе (586).
Елорданың «Amazon» клубында орын алған резонансты оқиғаны айрықша атап өту қажет. Жексенбіге қараған түні пышақ қолданылған жанжал салдарынан 19 жастағы азамат қаза тапты. Көптеген айыппұлдар мен әкімшілік хаттамаларға қарамастан, заң бұзушылықтар жалғасуда. Әлеуметтік желілерде бұл саладағы «көлеңкелі экономиканың» көріністері – заңсыз алкоголь сату, салықтан жалтару, жекелеген орындарды «қорғау» фактілері кеңінен талқылануда.
Негізгі мәселелер мыналар:
- түнгі клубтардың лицензиялануы мен қызметіне жеткілікті бақылаудың болмауы;
- қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздіктің жүйелі түрде бұзылуы;
- мекеме иелеріне қолданылатын санкциялардың тиімсіздігі;
- көлеңкелі экономика мен бюджетке түсетін салықтардың айтарлықтай азаюы.
Халықаралық тәжірибеге үңілсек, мысалы, Германияда түнгі клуб лицензиясы жыл сайын жаңарып отырады, қауіпсіздік талаптары бұзылған жағдайда, ол бірден қайтарып алынады. Сингапурда клубтардағы бейнебақылау полицияға онлайн режимде беріледі, ал шу мен тәртіпсіздікке жол берген орындар ұзақ мерзімге жабылады. БАӘ-де (Дубай тәжірибесі) клубтар қатаң салықтық және цифрлық бақылауда, алкоголь сату тек арнайы лицензияға байланысты жүзеге асырылады. Осыған байланысты Үкіметтен төмендегі ұсыныстарды қарастыруды сұраймын:
- Заңнамалық нормативтік толықтырулар арқылы түнгі клубтар мен барларды лицензиялау талаптарын күшейту; міндетті қауіпсіздік стандарттарын енгізу (полицияға онлайн-қолжетімді бейнебақылау, күзет, өрт дабылы, эвакуация кезінде шығу жолдары); мекеме иелерінің келушілердің өмірі мен денсаулығына жеке жауапкершілігін бекіту; жұмыс уақыты мен алкоголь сатуды бақылауға алу.
- Түнгі клубтар мен барлардың бірыңғай мемлекеттік тізілімін құрып, тексерулер мен анықталған заң бұзушылықтар туралы ақпаратқа заң аясында ашық қолжетімділікті қамтамасыз ету.
- Аталған нысандардың қызметін әкімдік, ішкі істер және төтенше жағдай министрліктері мен салық органдары тарапынан ведомствоаралық бақылауды күшейту.
- Мониторингтің цифрлық технологияларын енгізу: бейнебақылау деректерін заң аясында онлайн беру, электронды лицензиялау, салық түсімдерінің автоматтандырылған есебі.
Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – мемлекеттің конституциялық парызын орындау ғана емес, сонымен бірге қоғамның билікке деген сенімінің шарты.
Бибігүл ЖЕКСЕНБАЙ,
Сенат депутаты



