Қауіпсіздік рейдтері күшейтілді

Астанада қоғамдық тамақтану объектілерінде өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау бойынша көшпелі түсіндіру іс-шаралары жалғасуда. Сондай іс-шаралар Алматы және Есіл аудандарында өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Өткен жылдың 27 желтоқсан айынан бастап елордадағы нысандарда өрт қауіпсіздігі талаптарын түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі таңда 270-ке жуық қоғамдық тамақтану орындары қамтылған. Бүгін Алматы ауданында 10 нысан және Есіл ауданында да 10 нысан тексерілді.
Негізгі мақсат — өрттің алдын алу және мекеме басшылары мен қызметкерлерге өрт қауіпсіздігі талаптарын түсіндіру. Рейдтер шеңберінде мамандар электр сымдары мен желдету жүйелерінің жай-күйін, сондай-ақ алғашқы өрт сөндіру құралдарының болуы мен жарамдылығын тексереді. Бұдан басқа кәсіпкерлер мен мекеме қызметкерлеріне электр желілері мен жабдықтарды қауіпсіз пайдалану тәртібі түсіндіріледі.
— 2025 жылы Астана қаласында қоғамдық тамақтандыру объектілерінде 50-ге жуық өрт тіркелді. Осыған байланысты профилактикалық жұмыстар күшейтілді. Рейдтер барысында өрт қауіпсіздігі талаптары, өрт туындаған кездегі іс-қимыл тәртібі, сондай-ақ өрт сөндіргіштерді қоса алғанда, алғашқы өрт сөндіру құралдарын пайдалану қағидалары түсіндіріледі. Бұл іс-шаралар күн сайын өткізіледі. Ауа-райына және объектілердің жұмыс режиміне байланысты күніне 10—нан 20-ға дейін мекеме қамтылады, — деп атап өтті Алматы ауданы ТЖД басқармасының бастығы Асхат Қабиденов.
Жұмыс барысында сору жүйелерінің жағдайына, электр жабдықтары мен электр сымдарының жарамдылығына, сондай-ақ оларды пайдалану ережелерін сақтауға да ерекше назар аударылады. Өйткені көбіне дәл осы факторлар өрттің пайда болуына себеп болады. Алдын алу іс-шараларын жүргізу өрт қаупін азайтуға, келушілер мен қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған.



