Қасиетті құндылық

– Халқымыздың ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздігіне қол жеткізгенімізге биыл 34 жыл толды. Осы жылдарда ел де, мемлекет те қайта жаңғырды. Ол саяси жағынан ғана емес, мәдени, рухани, экономикалық тәуелсіздікке жол ашты. Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні – мемлекетіміздің мызғымас беріктігін, шайқалмас шаңырағының биіктігін дәлелдейтін күн. Қай халық үшін де азаттықтан артық ұлы ұғым, тәуелсіздіктен биік тұғыр жоқ. Олай болса тәуелсіздік біз үшін қашанда киелі құндылық. Тәуелсіздікпен бірге тыныстаған еліміз осы 34 жыл ішінде ішкі және сыртқы саясатымызды, елдік дәстүр мен мемлекеттік мәдениетті, рухы биік руханият пен қажырлы еңбек үлгісін қалыптастырды.
Ұлы даланы ат тұяғымен дүбірлеткен даңқты бабаларымыздың аманат мұратын қайта жаңғыртты. «Ұлы дала ойындары» деп өткізген дүниежүзілік дүбірлі тойда Қазақ елінің мейманасы тасып, бүкіл әлемге танылды. Тәуелсіздік бізге оңайлықпен келген жоқ. Найзаның ұшы, білектің күшімен ұлан-байтақ жерімізді қорғаған ата-бабаларымыздың, елінің еркіндігі үшін құрбан болған Алаш арыстарының, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің мақсат-мұраты егеменді мемлекет құру болатын. Енді, міне, тәуелсіз Қазақстанның 35 жылдығына аяқ басқан кезеңде бүгінгі Қазақстанның жаңа келбеті асқақтай түсуде. Бүгінгі ұлттық идеяға айналған татулық пен бірліктің арқасында елімізде тұрып жатқан түрлі этнос өкілдері қазақ халқымен бірге тәуелсіздіктің тұғырын нығайта түсуде. Егеменді елдің ертеңі – жастар. Олардың бойында отансүйгіштік пен патриоттық рух қалыптастырып, бабалар аманатына адал болуына, тәуелсіздіктің жауапкершілігін жете сезінуіне ықпал етуде аға буын ардагерлердің алар орны бөлек. Бұл орайда қалалық Ардагерлер кеңесі ұрпақтар сабақтастығы аясында түрлі іс шара өткізуді дәстүрге айналдырды. Қала мектептері мен жоғары оқу орындарында өмір жолы үлгі-өнеге болған әр сала ардагерлерімен кездесулер өтуде. Тәуелсіздік – тек бір күндік мереке ғана емес, ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып қалатын қасиетті құндылық. Оны көздің қарашығындай сақтау – әрбіреуіміздің борышымыз!
Қарлығаш ҚҰСПАН,
Астана қаласы Ардагерлер
кеңесінің мүшесі



