«Қарызсыз қоғам» жобасы аясында тренинг өтті

Астанада «Қарызсыз қоғам» жобасы бойынша үкіметтік емес ұйымдарға арналған жыл сайынғы оқыту бағдарламасы аясында «Әлеуметтік тәлімгерлік» тақырыбында тренинг өтті, деп хабарлады astana-akshamy.kz.
Азаматтық бастамалар орталығы ұйымдастырған тренингке ҮЕҰ өкілдері қатысты. Аталмыш іс-шара қатысушылардың қаржылық мәдениетін қалыптастыруға және «Қарызсыз қоғам» тұжырымдамасын жүзеге асыруға бағытталған.
Мұнда қатысушылар әлеуметтік тәлімгерліктің қағидаттарымен танысып, қаржылық жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға арналған пайдалы кеңестер алды, сондай-ақ тренинг барысында «Қарызсыз қоғам» тұжырымдамасы аясындағы табысты кейстер талданды.
«Қазіргі таңда қаржылық сауаттылық тақырыбы – еліміз үшін өте өзекті мәселелердің бірі. Нақтырақ айтқанда, жеке қаржыны басқару, инвестициялау, несие мен депозит және т.б. Бүгінде Қазақстан бойынша 1,5 миллионнан астам адам несие алып, оны уақытылы төлей алмай отыр. Мұндай жағдайға әкелетін басты себептер ретінде халықтың тұрақты жұмысының болмауы, табыстың аздығы, қаржылық білімнің төмендігін айтуға болады», — деді қаржылық сауаттылық бойынша оқытушы Рауан Ерғалиев.
Экономист бұған дейін екі жыл бойы «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында оқытушы ретінде жұмыс істеген. Ол азаматтарға несие алуда аса мұқият болуды, жасырын комиссиялар мен шарттарға назар аударуды ұсынады.
«Несие рәсімдеу алдын ала ойлануды, жоспарлауды қажет етеді. Ол – өте маңызды шешім. Көп жағдайда азаматтар несиенің шарттарына аса мән бермей, үстінен пайыз қосылып қалай өсетінін, төлем қабілеттілігіне қалай әсер ететінін байқамай жатады. Ақыр соңында қарызға белшесінен батып, қиын жағдайға тап болады», — деді Рауан Ерғалиев.
Сондай-ақ ол қазіргі кезде қаржылық алаяқтықтың жаңа түрлері көбейіп бара жатқанын жеткізді.
«Цифрлы сауаттылықтың төмендігі көптеген адамның интернет алаяқтардың құрбаны болуына жол ашып тұр. Бұл мәселе де өте өзекті. Сондықтан осы бағытта, яғни оның алдын алу бойынша да тренинг барысында маңызды ақпараттар айтылды», — деді ол.
Маман қаржылық сауаттылықты арттыру үшін пайдалы кеңестерін бөлісті.
«Біріншіден, ай сайынғы табыс пен шығынды есептеп отыру керек. Бұл қаражатты бақылауға көмектеседі. Екіншіден, импульстік сатып алулардан бас тарту керек. Бұл – қажетсіз шығындардың негізгі себебі. Үшіншіден, несиенің барлық механизмін түсіну қажет. Оның шарттарымен толық танысып, өз табысыңызға сай шешім қабылдаған жөн. Төртіншіден, әр адам қаржылық «қауіпсіздік жастығын» құруды ұмытпағаны абзал. Кем дегенде 3 айға жететін қаржы жинап отыруы керек. Өйткені өмірде күтпеген түрлі жағдай – ауырып қалу, жұмыссыз қалу және т.б. болуы мүмкін. Сондай-ақ қаржылық білімді үнемі толықтырып отыру керек», — деді Рауан Ерғалиев.