Қоғам

«Қарызсыз қоғам»: қазақстандықтарға қалай көмек берілді?

Елімізде «AMANAT» партиясының ұлттық әлеуметтік бастамасы «Қарызсыз қоғам» жобасы кеңінен жүзеге асып келеді. Оның жұмысы және нәтижесі туралы елорданың Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «AMANAT» партиясы Астана қалалық филиалының атқарушы хатшысы Мұхаммед Болысбек мәлім етті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

2023 жылдың мамырында пилоттық режимде іске қосылған бұл жоба өзінің тиімділігін дәлелдеп, Мемлекет басшысының қолдауына ие болды. Қазір «Қарызсыз қоғам» жаңа кезеңге қадам басып, республика бойынша жүздеген мың қазақстандықты қамтып отыр.

Алғашқыда жоба сегіз өңірде Халық банкінің қаржылай қолдауымен басталған болатын. Басты мақсат – халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру, қарыз жүктемесін азайту және жеке қаржыға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыру.

Бар болғаны екі жыл ішінде қаржылық сауаттылық курстарынан 845 мың адам өткен (2023 жылы – 65 мың, 2024 жылы – 780 мың). Биыл тағы 1 миллионға жуық азаматты қамту жоспарланып отыр. Ерекше назар мектеп оқушылары мен студенттерге аударылған. 2024 жылы Финляндия мен Эстония тәжірибесі негізінде бейімделген бағдарлама әзірленіп, 7,5 мың педагог оқытылды.

Өткен жылы барлығы 780 мың адам қаржылық білімін жетілдірді, оның ішінде 180 мыңы – ересектер, 500 мыңы – мектеп оқушылары, 100 мыңы – колледж студенттері.

Оқу бағдарламасы 4 бөлімнен тұрады:
1. Қарызды басқару;
2. Қаржылық сауаттылық негіздері;
3. Ұзақмерзімді стратегия және мотивация;
4. Жұмыспен қамту және өзін-өзі жұмыспен қамтуға жәрдемдесу.

Алғашқы жылдардың тәжірибесі көрсеткендей, дәрістер мен тренингтер жеткіліксіз. Көптеген азаматтарға құқықтық және қаржылық көмек, яғни қарыздарды қайта құрылымдау мен банкроттық рәсімдері бойынша қолдау қажет. Сондықтан 2025 жылы жоба онлайн форматқа көшіп, 90 күннен астам мерзімі өткен қарызы бар азаматтарға кешенді көмек көрсетуде.

Бүгінде оқу курстарынан qogamfin.kz сайтында тегін өтуге болады. Дәрістерді қазақ тілінде – Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев, ал орыс тілінде – жоба атқарушы директоры Олжас Ордабаев жүргізеді.

Сонымен қатар Call- орталық жұмыс істейді. Мұнда 60-тан астам заңгер онлайн-кеңес береді. Айқындықты арттыру үшін әр қатысушыға жеке электронды карточка ашылып, барлық өтініштер мен көрсетілген қызмет нәтижелері тіркеліп отырады.

2025 жылы «Қарызсыз қоғам» жобасына 800 мыңнан астам қазақстандық жүгінген. Олардың 360 мыңы нақты көмек алған.

250 мыңы қаржылық сауаттылық бойынша оқудан өтті, ал 110 мыңы тегін заңгерлік кеңес алды. 25,6 мыңнан астам азамат қаржылық қарыздарын қайта құрылымдау үшін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне бағытталды. 15 мыңнан астам өтініш банк шоттарының бұғатталуына қатысты тіркелді.

Банкроттық рәсімдеріне сұраныс та артып отыр:
• 10 мыңға жуық азамат соттан тыс банкроттыққа өтініш берген;
• 500-ден астам іс сот арқылы қаралып жатыр;
• 488 өтініш төлем қабілеттілігін қалпына келтіру бойынша түскен.

Бұл көрсеткіштер қазақстандықтардың қаржылық және заңгерлік көмекке деген жоғары сұранысын, сондай-ақ елдегі қарыз мәселесінің өзектілігін айғақтайды.

2025 жылғы 8 қыркүйекте жарияланған Мемлекет басшысының халыққа Жолдауында Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың қаржылық сауаттылығын арттырудың маңыздылығын тағы да атап өтіп, «AMANAT» партиясы бастамашы болған «Қарызсыз қоғам» жобасын жалғастыруды тапсырды.

Президенттің айтуынша, азаматтардың қаржылық тұрақтылығы – жеке әл-ауқаттың ғана емес, ел экономикасының тұрақтылығының кепілі.

Инфляцияның өсуі, азық-түлік пен жанармай бағасының қымбаттауы, табыстың төмендеуі және мобильді қосымшалар арқылы «жылдам несие» алудың жеңілдігі – кредиттік тәуелділіктің артуына әкелді. Сондықтан жобаның басты мақсаты – азаматтарды өз қаржысын сауатты басқаруға, табыс пен шығынды жоспарлауға, артық шығыннан сақтануға және жинақ мәдениетін қалыптастыруға үйрету.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button