Қарыз беруге құмарлар көп…

Таяуда «Халық банк» қызметкерімін» деп бір бойжеткен телефон шалды. «Біз жалпы сомасы 8 миллион теңгені құрайтын ұтыс ойынын өткізіп жатырмыз. Шарт – 100 мың теңгеден жоғары несие алсаңыз болғаны. Қарыз алып, тәлейіңізді сынап көрмейсіз бе?» дейді шімірікпей. «Сонда бұл ұтыс ойынын өткізудегі «Халық банктің» мақсаты не?» десем, жарытып ештеңе айта алмай күмілжиді. Бұл – жай ғана телефон қоңырауы емес, бүгінде қаржы ұйымдарының халықты қарызға тартудың жаңа айласына айналған тәсілдің көрінісі.
Соңғы уақытта Қазақстандағы көптеген қаржы ұйымы «жүлде», «ақшалай ұтыс», «сыйлық» сияқты амалмен азаматтарды несие рәсімдеуге үгіттеп, онсыз да қарыздан көз ашпай отырған халықты жоғары өсіммен несие алуға ашық шақыра бастады. «Халық банк» сияқты ірі ұйымдардың өзі халықтың әлсіз тұсын – материалдық қиындық пен оңай олжаға сенгіштігін пайдаланып отыр. Бұл тәсіл, шын мәнінде, қаржы нарығындағы бәсекенің шектен шығуының белгісі.
Қазақстанда тұтынушылық несие алғандардың саны соңғы жылдары күрт артты. Көпшілігі ай сайын қарыз төлеу үшін жалақысын жеткізе алмай, екінші несиеге жүгінеді. Бұл – қоғамдағы әлеуметтік тәуелділікті күшейтетін фактор. Осыдан 2 жыл бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында халықты қарызға батырған банк жұмысын сынап: «Нақты секторға берілетін кредит азайып жатқанда банктер тұтыну несиесімен әуестеніп кетті. Осы жағдай қаржы жүйесіне төнетін сын-қатерлердің көбеюіне және азаматтардың шектен тыс қарызға батуына әкеп соқтырды» деген болатын. Алайда «Халық банк» секілді алпауыт ұйымның бүгінде дәл осы сыннан ешқандай сабақ алмағаны байқалады. Керісінше, «Ит үреді, керуен көшеді» дегендей, өз дегенінен қайтпай, жұртты несие алуға итермелеуді жалғастырып келеді. Елдегі ірі банктің халықты қарызға батыратын мұндай әрекеті қоғамның сенімін әлсіретеді. «Ұтыс» деген желеумен қарызды насихаттау – этикалық тұрғыдан да күмәнді қадам. Мұндай жарнамалар реттелмесе, қарапайым халықтың қаржылай сауатсыздығы есебінен банктер байи береді. «Халық банк» атауы – халықтың сенімімен, мүддесімен байланысты ұғым. Ал егер банк өз атауына сай қызмет етпей, ұтыс ойыны арқылы жұртты несиеге қызықтырса, бұл – банк пен халық арасындағы моральдық келісімнің бұзылғаны. Қаржы ұйымдары халыққа «қарыз беруді» емес, қаржы тұрғысынан сауатты болуды насихаттауы керек. Себебі халықтың әл-ауқаты банктің пайдасынан әлдеқайда маңызды.
Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ