Қарттыққа қоғам жайлы ма?

Қазақта «не боларын білмей жүр» деген сөз бар. Қара басын тауға да, тасқа да соғып, ортасынан орнын ала алмай, өз бағытын таба алмай жүргендерді айтатын болар. Біздің әңгіме олар туралы емес. Әдемі қарттық туралы.
Күні кеше келместің кемесіне мініп кеткен жасы үлкен ағаларымыз алдында өткен жақсылардан көп нәрсе алып қалды. Оның өнегесін көрсетіп қарттыққа қажымай, көбіне топырақты өлім бұйырды. Міне, осы көкелерімізді сағына еске аламыз. Қазіргінің өзім қатарлы, алдыңғысы алпыстан асып жетпіске жетіп қалғандардан солардың елесін де көре алмай қынжыламыз. Өмірдің базары тарқап келе жатқанын мойындамай, үлкендікті қабылдамай барынша жастықтың буына малданып жүре бергісі бар. Біздің қоғамда ондай қарттарды қайда қоярын білмейді. Жұмысқа жегіп саларға күші жоқ, бірақ тұғырынан тайып та тұрған жоқ. Қарттардың жаһанданған жаңа болмысын қабылдай алмай біздер де әлекпіз.
Қарттықтың өзіндік қалыптасқан «стереотиптік» бейнесі бар. Ол егде жастағы адамдардың өмірінің көптеген аспектілерін тікелей анықтайды. Сол арқылы қарттардың қоғамдағы орны мен ұстанымы және жалпы өмір сүру сапасы – осы стереотипті толықтырады. Оның қалыптасуында қоғамдық сана деңгейінде де анық мойындалып, бұқаралық ақпарат құралдарында көрініс тауып, егделерімізге деген қарым-қатынасымыз әрқилы қалыптасуда. Қоғамның ағысына ілікпегендері бір төбе. Қырын қарасақ, оны құптайтын «асарын асады, жасарын жасады, енді не жетпейді?» дейтін сөз тағы бар. Баласынан таяқ жеп өлген ата-аналар – осы стереотиптің құрбандары.
Мұндайда шетелде не болып жатыр деп мойнымызды созамыз. Ол жақта да жағдай басқаша. АҚШ пен Канадада геронтофобиялық көзқарастар айыпталып, «адамдары бірегей жастағы қоғам» құруға ұмтылыс бар. Олардың өмір тәжірибесін, әулет алдындағы үлгі-өнегесін, жауапкершілігін жиып қойып, қарттықтың тізгінін бермей, жастармен теңестірмек. Онысын «сәтті қартаю» деп атапты. Бәрін қара бояумен қарайтуға болмас, бұл үрдіс бойынша адамның ауруға берілмеуін қадағалап, психикалық және физикалық жағдайын жоғары деңгейде сақтау, қоғамдық өмірге белсенді араластыру, қолдан келгенше жұмыстан қол үздірмеу қарастырылады. Бір қарағанда қарақан қу бастың қамы, ешкімге салмақ болмай өз тірлігіңізді өзің жаса. Қазақша айтқанда, «пендеге пенде қылма» дегені. Бірақ бұл шешім бәріне бірдей қолайлы ма?!
Қауқарсыз қарттыққа дейін де жасы үлкендеріміздің өз жауапкершілігі өз міндеті, көретін құрметі мен төрде орны болуы керек. Біздің қоғам сол қарттарды төрден ептеп ығыстырып келе жатқандай.
Қазіргі Батыс мәдениеті қарттықты «елемеуге» тырысады. Тіпті бір-біріне таныстырғанда, «құрметті жастағы адам», «өте жақсы сақталған» деп қолтығына су бүркеді. АҚШ-та «қарт адамдар» сөзі мүлдем қолданылмайды, оның орнына «үшінші жас» деген атау қалыптасыпты. Әрине, зейнетақысы жүріс-тұрысына жетіп тұрса, жиған-тергені бар болса, біздің де зейнеткерлеріміз жас көрініп, қалағанын киіп, ішіп-жемінен қиналмай, тәуір көлік мініп, көп саяхаттап, қатарластарына арналған арнайы клубтарға барар еді. Бізде мұның бірі болмай тұрып, қарияларды емексітіп, жөнсіз жасартқымыз келеді. Содан келіп олардың жастармен жағаласқанына куә болып жүрміз. Әжелеріміз «ақылман» коучтарымызды тыңдап, немере бағудан бас тартып, келін-балаға жексұрын бола бастады.
Бұл жерде зейнеткердің кінәсы жоқ. Кінәлі келін – балаға таңылған, қартқа қатал қоғамда қалыптасқан көзқарас. Олай дейтініміз, зейнеткерлердің жеке сұранысы, жай-күйі, өз қажеттілігі болмайды, тек немере бағумен айналысуы керек деген ұстаным бар. Рас, бұрындары немерені «өлгенше» бағатын. Ол да үлкендік, жетілгеннің белгісі, жақсылықтың нышаны еді.
Бірақ бүгін көп нәрсе өзгеріп жатыр. Сөзіміздің алдындағы басын тауға да, тасқа да ұрып жүрген дейтініміз сондықтан. Емханада жұмыс бастылармен бірге сығылысқан зейнеткерлер, қоғамдық көліктерде сығылысқан қарттар, жасына қарай үйлесімді киім кимей көзге ұратындар да солар. Тойға барса шыршаның ойыншықтарындай арзанқол жалтыраққа малынып жүргендер де солар. Қарттардың өмірінің мәні де жоқ, сәні де, мәні де аз. Той-томалақта қисалаңдатып билетіп қойдық, тек жиын-тойда сол кейіпте көргіміз келеді. Белсеніп шықса, жақтырмаймыз. Өйткені оған лайық, қарым- қатынас жасайтын белгілі бір стандарт немесе қолайлы орта жоқ. Оны қабылдайтын жас жоқ. Өздері де айтатыны аз, қазақы қалпын көбісі мойындай бермейді.
Мұны не үшін айтып отырмын. Бүгінде қарттарға қатысты мемлекетте де – отбасы институтында да қазақы бейнемізді, ұлттық болмысымыздан ажыратпайтын әлуметтік бағдарлама болған емес. Қазақы дәстүріміздегідей ақсақалдарымыздың ақыл мен парасаттың, кемелдіктің белгісіне айналмағаны да сондықтан.
Бір ғалым, қарттарды мінез-құлқына орай жіктеп беріпті: Бұлардың басында белсенді, креативті, толыққанды өмір сүретін, өзін өзгелерден төмен сезінбейтін кемел адамдар тұр екен. Екінші топтағыларға ортаға бейімделген, психологиялық жағынан орнықты, жігерлі адамдар жатады. Бірақ олардың мүдделері енді қоғамдық емес, жеке игіліктеріне ойысқан. Олар қалағанынша өмір сүріп, материалдық жағынан тәуелсіз болып, өз өмірін өзі реттеумен айналысады. Ешкімнің қамқорлығына мұқтаж емес. Үшіншілері отбасы, ошақ қасынан аса алмайды. Олардың бос уақыты жоқ. Жауапкершіліктері шаш-етектен. Аяғынан тұрмаған бала-шағасының қамымен қажиды. Өміріне қанағаттанбайтындар осылардың қатарынан. Ендігі бірі өздерін науқас сезінеді және өмір бақи ауруымен алысып жүреді. Денсаулығынан басқаны ойламайды. Бұл олардың барлық бос уақытын алады.
Бәрін айт та бірін айт демекші, сананы тұрмыс билеп, өзін-өзі дамытып, жақсылықтарға ұмтылмағандар қанағаты жоқ, сабырсыз, айналасындағыларға, тіпті бүкіл әлемге көңілі толмайтын, ешкім жақпайтын, бәрін сынап-мінеп, өшін өзгеден алатын ашулы жандарға айналатыны белгілі. Өз өмірлерінен түңілгендер өткенімен өмір сүріп, бүгінгі күннен тысқары қалады. Осыған байланысты жұғымы қалмайды. Қай топтың адамдары көп қаралы болса, қартыңның бүгінгі сипаты сондай болады.
Жасыратыны жоқ, әр адамға қарттық келгенімен, кәрілікке жететіндер некен-саяқ. Кәрілікке жеткізетін әдемі қартаю тек денсаулығына ғана емес, рухына, айналасына шашқан шуағымен өлшенеді. Қарттарымызға да, осыған дейін қатал қарап келген қоғамға да ойланатын кез келді.
Астана қаласы «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығы Есіл ауданының психологы Гүлбадам КЕНЖЕНОВА:
Психологтың көмегі қажет
– Қазіргі күнде зейнеткерлермен жұмыс істеймін. Көбіне байқайтыным, қарттық кезеңінде аадмдар тек физикалық емес, психикалық өзгерістерге ұшырап жатады. Осы жаста олар ішкі жанкүйзелісін бастан кешіреді. Ол –жалғыздық. Ұмытылып қалу, өзін керексіз сезіну тіпті, кейбірі өмірдің мәнін жоғалтып жатады. Көбіне жасында лауазымды қызмет атқарып, зейнетке шыққаннан кейін көп жағдайда өзін қоғамға керексіз деп санап, соған күйзеледі. Бұрынғы ортасын, айналасындағылардың көңілі, ықыласын іздейді.
Расында да зейнетке шыққан күннен бастап, өмір бойына үйреншікті болған әдеттері өзгереді. Таңертең ұйқысынан тұрып, таңғы асын ішіп, киініп жұмысқа бару қалады. Осы сәтте психологтың көмегі аса қажет. Психолог тек кеңесші ғана емес, жан тыныштығының себепшісі бола алады. Олардың өткенін, қызмет еткен жылдарын қабылдып бүгінгі сәтпен өмір сүруіне, ішкі тыныштықты табуына, күйзелісті жеңуіне отбасылық эмоционалдық тепе-теңдікті қалпына келтіруге, осы қалпымен өзін қоғамның маңызды мүшесі екенін сезінуіне мүмкіндік береді. Қарт кісілер бұлар тірі тарих өткен өміріндегі қателіктері, жетістіктері болсын ұрпаққа беретін бағыт-бағдары бола алады. Сондықтан да дәл осы кезеңде ақшаның не дәрі-дәрмектің аса қажеті жоқ. Көбіне жылылықпен қарау, мұқият тыңдау, естеліктерімен бөлісуді сұрау маңызды. Яғни қарт зейнеткерлердің жүрегін тыңдай білу аса маңызды. Қарттыққа құрмет – өз болашағыңа құрмет.
Қысқаша жұмыс барысын айта кетсем, бірінші рет кеңес алуға келгенде, зейнеткерден жақын арада, немесе алты айдың көлемінде жан күйзелтетін оқиға болады ма деп сұраймыз. Осы кезеңде қариялар бүкіл өміріне серік болған сыңарларын жоғалтып жатады. Қырық жыл бірге тұрған жолдасынан айрылып, жетімсіреп қалған кезде, ауыр жағдайды көтере алмай әрі табиғат заңын қабылдай алмай қиналады.
Көңіл дегеннің кілті аспандағы нәрсе ғой. Бар-жоқты талғамайды. Мысал үшін айта кетейін, көп жылдар қызмет етіп, қоғамға да еңбегі сіңіп, алаңсыз қарттығын да қамтамасыз етті дегеннің өзі де күйзеліске түсуі ықтимал.
Қарттардың көбі қазіргі зейнет жасындағы ахуалын қабылдамайды. Осыны байқағаннан кейін тренингке жинап, күйзелісті, депрессияны жеңудің жолдарын, адам бойында болатын түрлі қорқыныш пен қобалжуды басқаруды үйретеміз. Қарапайым тиімді әдістер арқылы жетістікке жетіп жатамыз. Соңғы жарты жылда осы орталықта қызметімді бастағалы бері, аудиториям үлкейді, бір тренингіме 35-40 адам жиналады. Жұмасына екі тренинг болса, бірі – психологиялық, екіншісі – нейродинамика, есте сақтау қабілетін, зейінді арттыратын жаттығулармен жұмыс жасаймыз. Тренингтің нәтижесін қатысушылардың бет-жүздерінен, көздерінде ұшқын пайда болып, өмірге деген құлшыныстарынан байқаймын. Осы кісілерге бір көмегім тиіп жатқанын түсініп мен де алғысты боламын.
Ләззат ӨТЕҒҰЛОВА, «Сабақтас» республикалық Күміс волонтер қозғалысы қоғамдық қоры жетекшісі:
Алпыстан кейінгі тіршілік…
– Зейнеткерлерге мемлекет барлық жақсылықтарды жасап отыр. Әсіресе Астана қаласында қоғамдық көліктерде тегін жүру, бұрын жылына бір рет болатын, қазір екі жылда бір рет шипажайларға жолдаманың белгілі бір пайыздарын ғана төлеп демала алады. Денсаулықтарын түзеп, оңалтуға мүмкіндіктері бар. Дене шынықтыру, ой өрістерін дамытуда барынша нәтижелі жұмыстар жүргізуде. Дегенмен, біздің қарттарымыздың қоғамның белсенді мүшесі ретінде көргіміз келсе, әлі де айтарлықтай көп жұмыс жасауымыз керек. Оларға жаңа технологияларды меңгеру қиынға түсіп тұр. Астаналық зейнеткерлердің қарапайым смартфондарын пайдалануы, ондағы қосымшаларды меңгеру күрделі болып тұр. Шамамен 40 пайызы банктердің қосымшаларын біліп, онымен жұмыс істей алса, қалған 60 пайызы меңгере алмай жатады. Әлеуметтік желілер де қарттардың қолы жетпей жүр. Орталықтарда волонтерлар келіп, үш айдай уақытын бөліп үйретуде. Алайда араға уақыт салып, айналып келгенде, білгендерін ұмытып қалады. Оны да үйлестіруге болар еді. Өйткені қалалық Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарында қажетті барлық үйірме жұмыс істеп тұр. Бос уақытын пайдалы ортада, өнерлі іспен айналысам дегенге барлық жағдай жасалған.
Зейнеткерлерімізді қоғамның тыныс-тірлігін біліп отыратын, көзқарақты болғанын қаласақ, идеология жағынан танымдарын көтеруді ескеру керек. Орталықтарда жоғарғы деңгейдегі кездесулер, пікір алмасу үшін халық депутаттарымен тағы басқа лауазымды адамдармен кездесіп жатқанда қарттар майда тірлікті айтып, қоғамдағы маңызды мәселелерге аса көңіл қоя бермейді. Қоғамға бейімдеу осы нәрседен басталады. Көбінің деңгейі сын көтермейді. Сол себепті де қоғамдық өмірден сырт қалуда.
Бұл ретте «күміс еріктілер» белсенділігі ұнайды. Алысқа бармай-ақ қоялық. Зейнеткерлердің бір бөлігі бар, жұмыстан қолы босағаннан «маған ештеңе керегі жоқ» деп басындағы бүкіл ойдан арылып, еш нәрсеге құлқы да зауқы да жоғалады. Сол кісілер алдымен деменцияға ұшырайды. Ондай жағдайда тоғызқұмалақ ойынына тартып, мидың жұмыс істеу қабілетін арттыруға әрекет етеміз. Қарттардың ендігі бөлігі, белсенділігі өте жоғары, жігерлі жандар. Қоғам белсендісі болып, өз ойларын ашық айта алатындар көбірек болса, қарттарымыз қоғамның айнасы болып жүрмей ме деп ойлаймын.
Айгүл УАЙС



