Қарттар асық ойнады

Астанада Алматы ауданының Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының ұйытиқы болуымен Қарттар күніне орай асық ату және тоғызқұмалақтан зейнеткерлер арасындағы турнир өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Жарысқа еңбек ардагерлері мен зейнеткерлер қатысып, ұлттық ойынға деген сүйіспеншіліктерін көрсетті.
Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының бұқаралық іс-шаралар ұйымдастырушысы Бақытжан Түсіпқызы шараның басты мақсаты – ұлттық мәдени мұраны сақтау, қарттардың белсенді өмір салтын насихаттау және мерекелік көңіл күй сыйлау екенін атап өтті.
«Біз мұндай жарыстарды әр тоқсан сайын өткіземіз. Негізгі мақсатымыз – дәстүр мен ұлттық ойындарды сақтап, жас ұрпаққа жеткізу. Бүгін Қарттар күні аясында үлкен буынға арнап турнир ұйымдастырдық. Әсіресе тоғызқұмалақ – логикалық әрі математикалық ойлауды дамытатын ерекше ойын. Жақында 86 жастағы апамыз бар болғаны бір жылда үйреніп, алғашқы жарыста-ақ бірінші орынды жеңіп алды. Бұл – дәстүрдің әлі де өміршең екенін көрсетеді», – деді ол.
Ал, Асық ату бәсекесі арнайы дайындалған алаңда өтіп, ойыншылар көз мергендігі мен шапшаңдығын көрсетсе, тоғызқұмалақ кездесуінде қатысушылардың ой ұшқырлығы мен төзімі сынға түсіп, ойындар тартысты өрбіді.
Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздарға арнайы диплом және естелік сыйлықтар табысталды.