Елорда тынысы

Қариялар архивке келді

Бүгін қалалық ардагерлер кеңесінің мүшелері Астана қаласы мемлекеттік архивінде бас қосты. Олар өткен күннен сыр шертіп, бұрынғы Ақмоланың бүгінгі Астанаға айналғанына куә болғанын қуана жеткізді. Қариялар үшін қала тарихынан сыр шертер арнайы көрме ұйымдастырылды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Іс-шара барысында Астана қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Мұрат Іргебаев:
– Астанаға көптеген тұлғалардың еңбегі сіңді. Әр саланың мамандары қаланың қалыптасуына жағдай жасады. Осы отырған ақсақалдардың да еңбегің ерен. Себебі, қай адам болса да жан-тәнмен маңдай терін төкті. Соның нәтижесін бүгінгі жас ұрпақ көріп отыр. Қай жерге барсаң да «Астана – жастардың қаласы» деген жақсы сөзді естіп жатамыз. Міне, осыдан-ақ қаланың әлемге даңқы жайылғанын біле беруге болады. Бүгініг бас қосуды ұйымдастырған Астана қаласы мемлекеттік архиві ұжымына ақсақалдар атынан алғыс айтамын, -деді.
– Астананың бүгінгі өзгеруі таңқаларлық жағдайда деп айтуға болады. Себебі, біз көрген бұрынғы қала өте қарапайым болатын. Ол кезде көптеген дүниеге қол жеткізудің өзі арман еді. Ал, қазіргі уақытта заман талабына сай жаңарған, өзгерген. Бұл қуанарлық жағдай. Жаңа заманның сұранысына орай барлық жағдай жасалған. Бұған өзіміз қызмет еткен уақыттарды және сол кездегі түсірілген суреттерді дәлел ретінде айта аламыз. Астана қазір – жастардың қаласына айналды. Біз соған қуаныштымыз, -деді бір кездері қаланың музейін басқарған, Астана қаласының Құрметті азаматы Нелля Шиврина.
Бұдан соң сөз алған ардагерлер кеңесінің мүшесі Райса Ағыбаева да өз естелігімен бөлісті. Ол:
– Біздің осы өңірге жасаған еңбегіміз қазіргі уақытта тарихқа айнала бастады. Біздің сол уақытта атқарған жұмыстарымыз БАҚ беттерінде мақала болып жарияланып жатты. Сондықтан біз хәл-қадіріміз жеткенше Астананың қалыптасуына өз септігімізді тигіздік деп есептеймін, -деді.
Шынында әр салада еңбек еткен қоғам қайраткерлері, еңбек ардагерлері Астананың жыл санап өзгергеніне және өздерінің еңбек еткендерін мақтанышпен жеткізді. Кездесу тізгінін қолына алған Ғылыми-зерттеу және ақпараттық түсіндірме жұмысы қызметінің басшысы Ғазиза Тұрмағанбетқызы қарттарға алғыс айта отырып, «Тағдыры тарихқа айналған», «Ақмола Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында» кітабын тарту етті. Шара соңғы естелік суретке түсімен тәмамдалды. Архив – құнды құжаттар мекені. Бұл жерде тарихқа толы құнды қағаздар өткен күндерден сыр шертеді. Бүгінгі қариялардың бас қосуы да тарих қойнауына ене береді…

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button