Қарапайым еңбек иесі

Тіршілік нәрі саналатын судың үздіксіз ағып тұруы, жылу жүйесінің ақаусыз қызмет етуі күн сайын таң ата сала көзге түсе бермейтін, бірақ ел игілігі үшін қызмет етіп жүрген жандардың тынымсыз еңбегімен тығыз байланысты. Солардың бірі – астаналық сантехник Тоқбан Сағынайұлы Өтепберген.
2015 жылдан бері елордада су құбыры мен жылу жүйелерін жөндеуші болып қызмет етіп келе жатқан ол бүгінде «Сарайшық сервис» тұрғын үйді басқару компаниясында жұмыс істейді. Оның міндетіне көпқабатты үйлердің барлық инженерлік жүйесіне қатысты техникалық ақауларды тексеру, жөндеу, алдын алу және тұрғындардың өтінішін орындау кіреді. Кез келген ақау немесе төтенше жағдай кезінде жедел әрекет етіп, тұрғындардың тыныштығын қалпына келтіруге атсалысады.
Таңның атысы, күннің батысы атқарылатын істің бәрі Тоқбан ағаның кестесінде бар. Қолында құрал-сайман, көңілінде сабыр мен төзім. Себебі әр тұрғынның уайымы – оның да уайымы. Бір құбырдан су ағып кетсе, бір пәтерде жылу болмаса, сол жерде дереу бой көрсететін де осы кісі. Бұл – сырт көзге байқалмайтын, бірақ қала тынысын сақтап тұрған көзге көрінбес еңбек.
– Судың қысымы, жылу тарату, құбырлардың құрылымы сияқты дүниелермен көп айналыстым.
Қазір сол білімім мен тәжірибемді тұрғын үй саласында пайдаланып жүрмін. Бұл – менің мамандығым әрі өзім таңдаған жолым. Қолымнан келетін істі қоғам игілігіне жаратып жүргеніме шүкір деймін. Күн сайын адамдармен сөйлесіп, көмек көрсету – бұл да бір жауапты іс, – дейді өзі.
Айтуынша, ең қиыны – кәріз жүйесіне қатысты жұмыс. Қолайсыз болса да, көпшіліктің жайлы өмір сүруіне тікелей әсер ететін бағыт болғандықтан, жауапкершілікті бірінші орынға қояды. Ал ең қызығы – тұрғындармен ашық әңгімелесу, олардың алғысын есту.
– Бұл саланың қадірін тек төтенше жағдай болғанда сеземіз. Су тоқтап, жылу берілмей қалса, сонда ғана инженерлік қызметтің қаншалықты маңызды екенін ұғамыз. Сондықтан бұл жұмыстың салмағы ауыр, бірақ қадірлі. Әрбір тұрғын үйдің тыныштығы – біз үшін үлкен жауапкершілік.
Тоқбан Сағынайұлы үшін еңбек – тек табыс көзі емес, қоғам алдындағы борыш. Қала тіршілігінің күре тамырындай жүйені қалтқысыз ұстау тек білік емес, жүрекпен жасалатын іс. Сол себепті де ол күнделікті жұмысын мұқият әрі адал атқаруға тырысады.
– Адал еңбек ешқашан елеусіз қалмайды. Кейде жұмысым көзге көрінбейді, бірақ оның нәтижесі – адамдардың тыныштығы мен жайлылығы. Осыны сезінген сайын таңдаған жолымнан ешқашан жаңылмаймын, – дейді еңбек иесі.
Қарапайым көрінетін мамандықтың арғы жағында үлкен қажыр мен жанкештілік жатқанын ұғынуымыз керек. Тоқбан ағаның ісі – еңбекке адалдықтың, шеберлік пен сабырдың көрінісі. Осындай азаматтардың арқасында қаламызда жылу бар, су бар, тыныш тіршілік бар. Қала тіршілігін үнсіз сүйемелдеп жүрген жанның қызметі құрметке лайық. Еңбегімен елге тыныш өмір сыйлап жүрген осындай жандар барда қоғам да берік, өмір де көркем.
Айнамкөз БҮРКІТХАН,
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің
студенті