Қараөткелдегі ең көне ғимарат

Астана тарихының кәсіби тарихшылар мен өлкетанушылар бас қосып шешетін құпия жұмбақтары көп. Сонымен бірге тарихшылардың көздері жеткен, анықтаған мәселелерін қоғам болып қолдап, ұлттық-мемлекеттік сананы қалыптастыруға пайдалану жетіспейді.
Мысалы, бүкіл ортағасырлық және жаңа заманда әлем білетін, мыңдаған жылдар бойы қазақ даласындағы негізгі географиялық нысан қызметін атқарған Қараөткелге арналған белгі жоқ. Ең болмағанда, тарихи өткелдің аузына ескерткіш тақта орнатылмаған.
Кенесары көшесі сол Қараөткелден басталады, неге қала әкімшілігіне сол жерге сәнді бір ескерткіш орнатпасқа?!
Басты тақырыбымызға келейік. Сонымен қазіргі күні астаналықтардан, жалпы қазақстандықтардан «біздің байтағымыздың ең көне ескерткішін білесіз бе?» деп сұрайық. Жұрттың көпшілігі астана іргесіндегі Бұзоқты айтатыны сөзсіз. Иә, Бұзоқ ортағасырлық отырықшылық мәдениеттің ескерткіші, ежелгі Қараөткелдің ғұрыптық орталығы, бірақ Бұзоқ – қаладан сәл бөлек орналасқан елді мекен. Ал енді шынына келсек, Астананың ең ескі құрылыстары қаланың өз ішінде, ескі қаланың орталық бөлігі, соның ішінде Кенесары көшесі бойында болған. Оған себеп Қараөткел қаласы өткелдің арқасында пайда болды. Түркістаннан, Бұхар мен Хорезмнен, Қашғариядан, яғни оңтүстік жақтан келген керуендер Есілді Қараөткелден өткен соң қостарын тіге бастайтын. Қараөткелден өтіп алған соң, керуен басылар түйедегі, арбадағы жүкті түсіреді де, саудасын бастап кетеді. Солтүстіктен сонау Астрахан, Қазан, Уфа, яғни Еуропадан Есілді өрлеп келе жатқан керуендермен екі жақ болып қазіргі Кенесары көшесінің бойында табысады. Ібір-Сібірден келген сауда керуендері де Есілдің жағалауына тоқтап, бір демалып алады. Кей жағдайда оңтүстік және солтүстік керуендері осы жерде өз тауарларын айырбастап, еліне қарай қайта беретін. Қазіргі Кенесары көшесі бірнеше жүздеген, тіпті мыңдаған жылдар бойы сауданың қайнаған ортасы болды. Қараөткелден бастап Ащыөзекке (Соляная балка – Гребной канал – Ақбұлақ) дейін созылған Кенесары көшесі ол кезде Үлкен базар көшесі аталады. Сауданың нағыз қайнаған жері Кенесары мен Бейбітшілік көшелері қиылысатын алаң ол кезде Кіші базар көшесі аталады. Бұл мәселе – Керуен сарай ерте заманда салынды деуімізге ең бірінші себеп. Қараөткел атауы Еуразия саудасына қатысы бар саудагер қауымдарының бәріне де таныс болды.
Сонымен бірге сауда керуендерімен бірге елшіліктер жүретінін де айту керек. Елшіліктерді әдетте өте лауазымды, хан-патша сарайларында қызмет жасайтын адамдар басқаратыны белгілі. Мысалы, қазақ хандары шет елдерге аттандырған елшіліктерді аталықтар әулетінің өкілдері бастайтын. Елшіліктердің құрамында кей жағдайда басшысы бар, қосшысы бар жүздеген адамдар болады. Керуен сарай қалай пайда болды? Әрине, елшілік өкілдеріне де, ірі саудагерлерге де күтім керек, осылайша керуен жолдарының бойында Керуен сарайлар салына бастады. Егер сіз ұлы меридиан жолы бойын жақсылап зерттесеңіз, әр 25-50 шақырым сайын бекет орындары мен керуен сарайлардың қирандыларын көресіз.
Қараөткел қаласы да алғашқыда Керуен сарайдан басталғанына жоғарыдағы дәлелдеріміз жеткілікті деген пікірдеміз. Керуен сарай – алдымен қонақ үй, одан кейін тауарларды сақтайтын қойма, одан кейін сауда орны болды. Жергілікті өлкетанушылардың ертеректе Қараөткелде кездейсоқ қазба жұмыстарының кезінде құбыр фрагменттері табылғанын баяндауы тегін емес. Құбыр жүйесі Қараөткелде Керуен сарай ғана емес, сонымен бірге қалалық қоныстың пайда болғанын білдіреді.
Осылайша Қараөткелдің ең көне ескерткіші Керуен сарай екені мағлұм болды. Ресей осы жерге келіп, бекініс қорғанын салған соң, Керуен сарайды «Гостиный двор» деп атады. Егер сіз ХІХ ғасырдағы Қараөткел қаласына қатысты құжаттарды қарасаңыз, Керуен сарайды «Гостиный двор» атауымен кездестіресіз. ХХ ғасыр басындағы қала фотосуреттерінің ішінен бір қабатты үлкен үйді және ол үйдің маңдайшасындағы «Қосшығұлов және К» деген араб әрпімен жазылған жарнаманы көруге болады, ол – ежелгі Керуен сарай. Керуен сарайдағы негізгі дүкендер І гильдия (gilde – бір мамандық өкілдерінің ұжымы, корпорация) көпесі Баймағамбет Қосшығұловтың қарамағында болды.
Қараөткелдің орталық бөлігінде салмақты зерттеу жұмыстары жүргізілсе, Керуен сарайдан басқа да егінші, қолөнерші, саудагер қауымдардың үй-жайларының орны, сауда ғимараттары, мешіт т. б. табылатыны сөзсіз. Бұл зерттеуді біз Астананың ең көне ғимаратының қабырғасына «бұл жерде ежелгі замандардан бері Керуен сарай болды» деген ескерткіш тақтадан бастауымыз керек!
«Қараөткел құпиялары» кітабынан