Қараөткел – Алаштың кіндігі

Округ орталығының Ақмоладан ашылу себептерін анықтауға болады. Шубиннен сәл бұрынырақ осы маңда болған Филип Назаров «Записки о народах и землях средней части Азии» кітабында өзінің 1813-1814 жылдардағы Қоқан хандығына саяхатын баяндай отырып, Есіл бойына қатысты кейбір мәліметтерді келтіреді.
Қараөткел аты тікелей аталмайды, бірақ елшінің жазбаларында аталатыны «Ақмола» деген жер: «Так как мы удалялись от границы, подходя к киргизам (казахам-Ж.А.), не имеющим уже никакого сношения с Россией, то, в отвращения могущих случиться нам притеснений от них и дабы не сбиться с тракта, разведывали, где кочует с Карпыкской волостью султан Худай-Менда, славящийся неограниченным уважением и властью над соседственными киргизами, надеясь выпросить у него вожатых, которые знают водяные и безопасные места. Нас уведомили, что он кочует за рекою Ишимом, у реки Нуры, при урочище Акмуле».
Филип Назаров сияқты елшілердің деректеріне қарап, ХІХ ғасырдың басында Қараөткел маңында Құдайменді сұлтан, кейіннен оның ұлы Қоңырқұлжа сұлтан сияқты Шыңғыс тұқымының өкілдері жайлағанын білеміз. Қазақтың ауызша айтылатын шежіре-аңыздары бұл кезең туралы тамаша мәліметтерді сақтаған. Ол кезде қазақ төрелерінің мықты әулеттері, соның ішінде Сәмеке хан ұрпақтары, әлі де Түркістанмен байланысын үзбеген. Белгілі дәрежеде Мәуреннахр мен Түркістан-Тәшкент аймақтарынан Қараөткел арқылы солтүстікке өтетін сауда керуендері де Сәмеке және Әбілмәмбет хандардың ұрпақтарының бақылауында және қамқорлығында болуы керек. Біздің есебімізше, подполковник Шубиннің ұсынысына қарамастан Қараөткелдің орнына Ақмоланы округ орталығына, яғни бұйрыққа (приказ), қазақтың бұрынғы ұғымымен айтсақ, дуанға (диуан) арнап таңдаған Сәмеке ханның тұқымы Қоңырқұлжа Құдаймендіұлы. Негізгі себеп – қазақтың Сарыарқа аймағына шеңгелін сала бастаған орыстарды меридианалдық саудаға араластырмау, Қараөткелден түсетін пайдаға ортақтастырмау. Бір-екі жыл өтпей Қоңырқұлжа Құдаймендіұлы дуанның Ақмоладан Қараөткелге көшуіне де себеп болды, бірақ ол туралы әңгіме кейінірек. Астана тарихын білеміз дейтін зерттеушілердің көпшілігі осы мәселелерді дұрыс айыра алмайды.
Қараөткел туралы ХІХ-ХХ ғасырдың басындағы орыс әдебиеті тамаша деректер береді. Бүкіл ресми құжаттарда біз Ақмола атын кездестіреміз, бекініс те Ақмола, округ те Ақмола деген сияқты. Бұдан шығатын қорытынды округ орталығы 1833 жылы Қараөткелге көшіп келгенде өзімен бірге Ақмола атын да ала келген. Бірақ біз осы тақырыптағы ізденістеріміздің барысында округ орталығы (дуан) Қараөткелге көшіп келгеннен кейін біраз уақыт «Қараөткел» атанып жүргенін анықтадық (дуаннан шыққан құжаттағы «Карауткуль» деген атауға назар аударыңыз). Сонымен жергілікті басшылық өздерінің отырған жерінің атауын қабылдаған болып шығады, ал оның Ақмола атауына қайта көшуіне не себеп? Мен бұл жерде жоғары үкіметтің алғашқы берген атауды ұстанып, Қараөткел атауына көшпей қойғаны себеп болды ма деп ойлаймын. Бір қызығы, Ресей заңдарына бағынатын қызметкерлер мен орыс тұрғындары Қараөткел аталатын қазақтың қонысын Ақмола атап кетті де, қазақ болса өзінің байырғы атауын сақтап қалды.
Қазақтың ауыз әдебиетінде Қараөткел аты жиі кездеседі, ал әндері мен күйлеріне келсек, қазақ түгілі, өзін «шалақазақпын» дейтін Ғазиз ақынның: «Атандым Ғазиз ақын бала жастан, Ақын жоқ Қараөткелде менен асқан» дейтінін еске түсірсек болар. Сонымен қатар Қараөткел – саналы өмірі қазаққа жақтас болған Г.Н.Потанин сияқты әулие ғалымдардың дуалы аузына іліккен қала. Ә.Бөкейханов Г.Н.Потанин мерейтойына арналған жазбасында ғалым туралы жаза келіп: «Қазақты автономия қылсақ, Қараөткел Алаштың ортасы, сонда университет салып, қазақтың ұлын, қызын оқытсақ, «Қозы Көрпеш – Баянды» шығарған, Шоқан, Абай, Ахмет, Міржақыпты тапқан қазақтың кім екенін Еуропа сонда білер еді-ау» дейтін Григорий Николаевич» деп әулиеге нағыз азаматтық бағасын береді.
Қазақтың бағына Г.Н.Потаниннің әулиелігі қабыл болып, Қараөткел қазақтың Астанасына айналды. Қазақ баласы бірнеше ұрпақ бойы армандаған қазақтың тәуелсіз өз Астанасы. Қала сәулетінен дүниенің төрт торабының үлгілерін көреміз, осы төрт тораптың басын қосып тұратын қаланың өзіндік тарихы, қазақ аталатын бәйтеректің өзегіне жалғасатын тамыры болуы керек деп ойлайсың.
«Қараөткел құпиялары» кітабынан.