«Қара сөздер» қазақ эссеистикасының бастауы

Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен Қазақстан Жазушылар одағының елорда филиалы мен Ұлттық академиялық кітапхана өткізіп жатқан «Қаламгер ұстаханасы» жобасы аталмыш кітап ордасында жалғасты. Бұл жолы белгілі жазушы, драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ермек Аманшаев «Қазақ прозасындағы кеңістік пен кейіпкер әлемі» тақырыбында дәріс оқыды.
Алдымен өзінің шығармашылығынан хабар берген қаламгер негізінен драматургия саласында қалам тербейтінін айта келе, өзінің бүкілодақтық байқауда топ жарған алғашқы «Үзілген бесік жыры» драмасын режиссура реформаторы Әзірбайжан Мәмбетовтің ұсынысымен Мұхтар Әуезов театрында Әубәкір Рахимов сахналағанын атап өтті.
«Қанша дегенмен драматургияның шығармашылыққа көп пайдасы бар. «Қазақфильм» киностудиясын жеті жылдай басқардым. Соның да үлкен пайдасы тиді. Қазақ киносының тарихында қазақ әдебиетіне қатысы бар фильмдерінің қашан да сапасы жоғары болған. Кезінде Дулат Исабековке, Әбдіжәміл Нұрпейісовке, басқа да қаламгерлерге хабарласып, шығармаларын экранға шығарайық деп ұсыныс айттық. Сол уақытта «Жаужүрек мың бала» фильмі шықты. Оның сценарийінің тоғыз нұсқасын жасадық. Смағұл Елубайдың да шығармаларын экранға шығардық» деген Ермек Аманшаев, өзінің ұстаздары қатарында академик Зейнолла Қабдоловтың есімін, адами және шығармашылық қалыптасуына үлесін қосқан Әбіш Кекілбайұлы, Рымғали Нұрғалиұлы, Оралхан Бөкей, Төлен Әбдік, Сатыбалды Нарымбетов секілді тұлғалардың аттарын жылылықпен атап өтті.
Әдебиеттанушы ретінде зерттеуді Мұхтар Әуезовтің «Қаралы сұлу» әңгімесінен бастағанын айта келе, соған тоқталды.
«Мұхтар Әуезов классик жазушымыз ғой. Ол белгілі бір ойды айту үшін, кейіпкерлердің мінезін, табиғатын ашу үшін әртүрлі шығармашылық әдістерді қолданған. Соның ішінде кейіпкердің өмірінде болып жатқан оқиғалардың мағынасын аша түсу үшін табиғат суреттерін беру шеберлігі маған қатты ұнайды. Мысалы, «Қорғансыздың күні» әңгімесінде Ғазиза мен оның әжесі мен анасының тағдырын боран арқылы суреттеген кезде боранды жандандырып жібереді. Кейін қарасам, әлемдік деңгейдегі жазушылар осындай әдістерді қолданған» деді қаламгер.
Оралхан Бөкей шығармаларында табиғатты суреттеу көріністерінде үнемі экстремалды кейіпкерлер кездесетінін атап өткен жазушы мысал ретінде «Қар қызы», «Сайтан көпір», «Атау кере» шығармаларын келтірді. Оның пікірінше, мұндағы кейіпкерлер шекаралық, стихиялық жағдайларға кездеседі.
«Оралхан Бөкейдің тағдырында әртүрлі жағдайлар болды. Жалпы жазушының шығармасы мен жеке тағдыры арасында алшақтықтар көп емес. Оралханның соңғы жылдары жазған шығармаларында оптимистік сарындар пайда болды. Сол кезде қуанғанбыз. Яғни, оның өмірінде жақсылықтар болып жатқанын шығармаларынан түсіндік» деді жазушы.
Ермек Аманшаев қазақ прозасының жетістіктері көп екенін айта келе, соларға тоқталды. Соның ішінде Әбіш Кекілбайұлының отыз жасқа толмай жазған «Шыңырау» повесі ерекше орын алатынын атап өтті.
«Бұл шығарма қазақ даласына үлкен жаңалық әкелген, көрегенділігімен ерекше әсер еткен туынды болды. Тоқырау заманында жазылған шығармада құдықшы Еңсеп кұдықшылық секілді атакәсіптен артық даңқ іздей бастайды. Сол даңқты көрген сайын оның бойында екінші әзәзіл секілді Еңсеп пайда болады. Кейіннен қарап отырсақ, ата салттан, бабаларымыздың дәстүрінен, тілімізден, мәдениетімізден ажырауды, алыстауды Әбіш аға сонда жазып кетті. Сондай жағдайларды Әбіш Кекілбайұлы, Оралхан Бөкей, Төлен Әбдік шығармалары арқылы көрсетті» деген жазушы аталмыш туынды мазмұнын тарқатты.
Қаламгердің пікірінше, тарихи мұраларымыздың, қайраткерлердің, қаламгерлердің еңбектерін жаңа заман тұрғысынан қайта қарау керек.
«Қазіргі заманда Абайдан жаналық ашу мүмкін емес» деген пікір қалыптасты. Мүмкін екен. Мысалы, Абайдың «Қара сөздері» мен әдебиеттегі эссе жанрының негізін қалаушы атақты Мишель Монтеньнің «Тәжірибелер» кітабының бастауы ұқсас келеді. Бұл шамамен 1891 жылы шыққан кітап, Абайдың «Қара сөздерін» аяқтап жатқан тұсы екен. Семейде 1870 жылдары ашылған алғашқы кітапханада осы кітап болған екен. Мұны Абай оқығандай. Қаламгерлер арасында ізденіс үстінде бір-бірімен осындай байланыс, үйрену болып тұрады. Ең бастысы, Абай «Тәжірибелермен» тек оқып таныспай, «Қара сөздерімен» қазақ әдебиетіне жаңа жанр эссені алып келді» деді Ермек Аманшаев.
Оның айтуынша, Камю, Сартр Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін ғана адамның қорғансыздығы, жанына жат тіршілікке тасталғаны жөнінде жазды. Ал Мұхтар Әуезов мұны өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары жазып кеткен.
«Сондықтан әдебиетімізді жаңа көзқараспен зерттейтін болсақ, Мұхтар Әуезовті әлемдік экзистенциализм ағымының негізін қалаушы деп айтуға болады» деді қаламгер.
Дәрістен кейін жазушыға қазақ прозасында суреттелген, бірақ тарихтағы орны әлі де айшықталуы тиіс тұлғалар, ұлт қайраткерлері туралы сұрақ қойылды. Сауал қоюшы мысал ретінде Әбіш Кекілбайұлы жазып кеткен Әбілқайыр хан бейнесін келтірді.
Оған жауап берген қаламгер қазір қазақ тарихының әртүрлі кезеңдері бойынша мемлекеттік комиссия құрылғанын, тиісті антологиялық жинақтар шығып жатқанын жеткізді.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ