Басты ақпаратМәдениет

Қара өлеңнің көкжалы

Көрнекті ақын, драматург, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Серік Тұрғынбекұлының 80 жылдық мерейтойы елордадан басталды. «Өмірге өлең керек» атауын иеленген шығармашылық кездесу Ұлттық академиялық кітапхананың Мұқағали Мақатаев залында ұйымдастырылды. Серік шайырдың «Қобыз» атты алғашқы кітабына ақиық ақын ақ жол тілеп, пікір жазған еді, сол себептен бұл жүздесу символдық мәнге ие болды.

Белгілі ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дәулеткерей Кәпұлы кешті тізгіндеп, кездесудің шырайын кіргізді. Серік Тұрғынбекұлының болмысы қандай қарапайым, ақкөңіл, аңқылдаған болса, әдемі әзілдермен әдіптелген жұртшылықпен жүздесуі де сондай риясыз қалыпта өтті. Алдымен Ұлттық академиялық кітапхананың директоры Күміс Сейітова ақынды ұжым атынан құттықтап, қазақы дәстүрмен иығына шапан жапты. Белгілі ақын Қалқаман Сарин Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің құттықтауын оқып беріп, өзінің шығармашылығына да Серік шайыр әсерін тигізгенін айтып өтті. Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкеновтің ізгі лебізін осы ұйымның Астана қалалық филиалының директоры Бауыржан Бабажанұлы жеткізді.

Көрнекті жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Алдан Смайыл Серік ақынмен ҚазМУ-де қатар оқығанын айта келе, сол кезде аталмыш оқу орнына ақындық арманды арқалап келгендердің арасында өзі де болғанын, сол ұшқын бойында қалғанын айтты. Сол ортадан Серік Тұрғынбекұлы мен Кеңшілік Мырзабеков суырылып шыққанын атап өтті. Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сәкен Жүнісовтің «Мен көрген ақындардың ішінде ақын болып жаратылған – осы Серік Тұрғынбекұлы» деген пікірін келтірді. Алдан Смайылдың өзі де биылғы күзде сексеннің сеңгіріне шығады. Қаламгер сөзін осы жас туралы Серік құрдасына арнаған өлеңімен түйіндеді. Әйгілі дипломат, экономика ғылымдарының докторы Сайлау Батыршаұлы елорданы Серік Тұрғынбекұлындай жырлаған ақындар кемде-кем екенін айта келе, мерейтой иесіне «Астана қаласының құрметті азаматы» атағын беру керектігі жөнінде ұсынысын жеткізді. Көрнекті ғалым, филология ғылымдарының докторы Тұрсын Жұртбай өткен ғасырдың 60-жылдары қазақ поэзиясына келген үлкен толқынға тоқталып, Кенен Әзірбаевтың 80 жасқа келгенде айтқан өлеңін еске алып, Серіктей арқалы ақындар да екі тумайтынын айтып өтті. Белгілі қаламгер, әдебиеттанушы ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сауытбек Абдрахманов ақындық мінез дегенге тоқталып, Серік ақынмен араласа бастағанына биылғы көктемде 50 жыл толатынын жеткізе келе, естеліктерді жаңғыртты.

«Секеңнің бүкіл поэзиясы Торғайдың төсінен ескен Сарыарқаның самалы секілді қарапайым келеді. Қоңыр жел секілді оқырманды шаршатпайды. Төгіліп, құйылып жатады. Одан соншалықты метафоралық теңеу іздеу керек емес. Қазақтың өлеңі, негізінен, қарапайым болған. Осы тұрғыдан алғанда, Секеңнен үйренетін қасиет көп» деген қаламгер ақынның кезінде «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Ғарыш-Қазақ» поэмасына бір тараудың қосылуына өзі себепкер болғанын жеткізіп, сол оқиға туралы әңгімелеп берді.

Ізгі лебіздер легін белгілі ақын, жыршы, манасшы Баянғали Әлімжанов, ақын Әбжан Әбілтай жалғап, арнауларын оқыды. Академик, Ұлттық құрылтай мен Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Кәрімбек Құрманәлиев ұлттық тәрбие мәселесі туралы қазір көп айтылып жатқанын айта келе, Серік Тұрғынбекұлы өзінің шығармашылығымен бұған баяғыдан үлес қосып келе жатқанын ерекше атап өтті. Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сәкен Жүнісовтің қарындасы Роза Жүнісова Серік ақынның адалдығы, тазалығы туралы тебіренді. Кездесуде ақын туралы осындай сөздер өте көп айтылды. Торғайдан шыққан тарлан ақындар Нұрхан Ахметбеков, Сырбай Мәуленов, Ғафу Қайырбеков, олардың соңын ала қазақ поэзиясы көгіне самғап, Серік Тұрғынбекұлымен құлын-тайдай тебісіп өскен Кеңшілік Мырзабеков есімдері жиі ауызға алынды. Белгілі жазушы, драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жолтай Әлмашұлы ақынның драмалық шығармаларына тоқталды.

«Бұл – шын мәнінде, шын ақынның тойы. Біз қазір өтірік ақынның да тойын тойлайтын болып кеттік. Қазақта тірі жүргендердің ішінде өзі саусақпен санарлықтай ғана ақын бар деп ойлаймын. Соның ең алдында тұрған, барлық ғұмырын ақындықпен кешкен, өзінің табиғаты, әлемі, жолы, жосығы бар ақын – Серік Тұрғынбекұлы» деген көрнекті ақын, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ғалым Жайлыбай арнауын оқыды. Оның сөзін қостаған белгілі әдебиеттанушы, сыншы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Амангелді Кеңшілікұлы «Серік Тұрғынбекұлы – қазіргі нөмірі бірінші ақын» деді. Серік ақынның соңынан ерген толқынның атынан сөз алған ақын Мұхарбек Жәкейұлы тілегін жеткізіп, өлең оқыды. Дәстүрлі әнші Еркебұлан Қасымов, әнші, композитор Нұрболат Арзамасұлы мен Анар Құмарова ақынның өлеңдеріне жазылған әндерді әуелетті. Кездесуді түйіндеген Серік Тұрғынбекұлы ағынан ақтарылып, жиналғандарға алғысын жеткізді. Ақын тойы мамыр айында бас қалада Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен және өзі туған қасиетті Торғай топырағында жалғасады.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

СЕРІК АҒАМ СЕКСЕНДЕ

Сераға! Қалтқыдай қалтырап тұр қайық-ғалам,

Сен барда Есіл де аман, Жайық та аман.

Өлеңді мен бастамай кім бастайды,

Төбеңді көрген сайын байып қалам.

 

Сер-ағау, сексенде бір қақшы қанат,

Ақ таңнан ақын біткен бақ сұрамақ.

Ақ сағым арасынан қол бұлғай ма,

Аяулы алтын бесік – Ақшығанақ.

 

Беу, Торғай, берен ұлмен аты кеткен,

Кеңшілік екеуіңді ақын еткен.

Ар жағың – Қошқарұлы Жәнібектен–

Бер жағың – Міржақып пен Ахметтен.

 

Ақынның шығар бір күн бір дерегі,

Не деген зулап жатқан күндер еді.

… Ғафудың өзің едің ғайып жыры

немесе Сырағаңның сырлы өлеңі.

 

Сақаның қолға жаққан алшысындай,

Қызырдың қасиетті қамшысындай.

Торғайдың өзенінде мөлт-мөлт еткен,

Нұрханның өлеңінің тамшысындай.

 

Іргесін жыр-орданың түнде түріп,

Айтасың айтарыңды кімге өтініп?

Анадан ақын болып туғандарға

Бұл өмір кейде тұман, кейде тұнық.

 

Шабыт құс бір күн келер, бір күн кетіп,

Дүниеден дүлдүл де өтіп, бұлбұл да өтіп…

Арқаның самалындай аңқылдаған

Сері-ағам, Серік ақын Тұрғынбеков.

 

Ішінде өспесең де тал-қайыңның,

Әніңнің қайырмасын сан қайырдың.

Сегіз шумақ жырыммен сексеніңде

Кетейін терін сүртіп маңдайыңның.

Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button