Қаныштануға қосылған кітап
Әзірбайжан Мәмбетов атындағы Мемлекеттік драма және комедия театрында Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен ғұлама ғалым, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының негізін қалаушы академик Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына орай «Отбасы хрестоматиясы» қоғамдық қорының арнайы жобасымен шыққан «Қаныш және ғылыми майдан» кітабының таныстырылымы өтті.
Шара аясында аталмыш кітаптан тыс ертеректе өте аз тиражбен шығып, ғылыми айналымға түсіп үлгермеген және қайта басып шығаруға рұқсат етілмеген «Бала Қаныш оқыған кітаптар» топтамасы мен «Қаныштың жастық шағы», «Жас Қаныш» және «Қуғындалған Сәтбаев», жалпы 9 кітап та таныстырылды.
– Қазақ елім дамысын деп қазақтың қазына байлығын ашқан ғұлама ғалым Қаныш Сәтбаевтың биылғы 125 жылдық мерейтойында жасалып жатқан істер, өткізіліп жатқан іс-шаралар аз емес. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақ руханиятының темірқазығы Абай болатын болса, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы, ал қазақ ғылымының атасы Қаныш Сәтбаев» деген болатын. Жезқазғаннан шыққан байлықтың негізгісі – мыс. Қаныштың бір мыстан қазақ еліне әкелген пайдасы есептеп шыққан кезде 200 миллиард доллармен тең екен. Жалғыз Жезқазған ғана емес, орталық Қазақстан, кенді Алтай, «ұйқыдағы ару» деп атанған Маңғыстау түбегінде бүгінде қазақ қызығын көріп жатқан мұнайдың да көзін көрсетіп кеткен – Қаныш Сәтбаев. Оның тапқан жер асты қазынасынан басқа руханият саласындағы жұмыстар да орасан зор, – деген Парламент Сенатының депутаты, «Академик Қаныш Сәтбаев атындағы» халықаралық қордың қамқоршылық кеңесінің төрағасы Алтынбек Нухұлы қаныштануға үлес қосқан бір топ азаматты «Қаныш Сәтбаев» ІІ дәрежелі орденімен марапаттады.
«Қаныш және ғылыми майдан» кітабының авторлары – Санжар Керімбай мен Әділбек Нәби. Еңбекте академиктің болмысы, өмір жолы, ғылым жолындағы жанқиярлық ерліктері экзистенция анализі арқылы талданған. Әсіресе 1946 жылы ашылған Қазақ КСР Ғылым академиясының тарихы мен жетістігі кеңірек баяндалған.
Еңбекте Қаныш Сәтбаевтың замандастары мен шәкірттері Мұхтар Әуезов, Жұмабай Шаяхметов, Есмағамбет Ысмайылов, Бейсембай Кенжебаев, Шапық Шөкин, Шахмардан Есенов, Евней Бөкетов сынды ғалымдармен қатысты көп жерде кездесе бермейтін, жарық көрмеген тың деректер қамтылып, ұсынылған. Авторлардың бірі Санжар Кәрімбай кітаптың жазылу барысымен таныстырып, оның құндылығына, ұрпақ тәрбиесіндегі мәніне тоқталды. Қаныш Сәтбаев осыдан тура 100 жыл бұрын, 25 жасында зерттеп, кітап етіп жинақтап шығарған «Едіге» жыры айтылды.
Аманғали Қалжанов