Руханият

Қаныш рухына құрмет

12 сәуір – Ғылым қызметкерлері күніне және «қазіргі қазақ ғылымының атасы», қазақтан шыққан тұңғыш академик Қаныш Сәтбаевтың туғанына 127 жыл толуына орай Астанада Қаныш Сәтбаев ескерткішіне гүл шоқтарын қою салтанатты рәсімі өтті.

Іс- шараға ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Қазақстан республикасы парламенті Сенатының депутаты, халықаралық Қаныш Сәтбаев қоры қамқоршылар кеңесінің төрағасы Алтынбек Нұхұлы, Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен, Сондай-ақ депутаттар, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері қатысып, заңғар тұлғаның ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

«Бүгінгі күн бірнеше маңызды мерекелермен тұспа-тұс келіп отыр: Халықаралық ғарыш күні, Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың 127 жылдығы және Пасха мерекесі. Бұл — рухани жаңғырудың, үміт пен сүйіспеншіліктің күні» деп айырықша атап өтті Саясат Нұрбек.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысы ғылым саласына әрдайым айрықша көңіл бөліп келеді. «Ғалымдарымызға, ғылыми қызметкерлерге, инженерлік-техникалық мамандарға үлкен қолдау көрсетілуде. Соның айқын дәлелі — жуырда Ақордада бірқатар әріптестеріміз жоғары мемлекеттік марапаттарға ие болды. Сонымен қатар, 10 жас ғалымға Президенттің өз қолымен пәтер табысталды. Бұл — несие де емес, ипотека да емес, бұл — мемлекет тарапынан көрсетілген нақты қолдау. Қазіргі таңда 200-ге жуық пәтер жас ғалымдарға бөлініп отыр. Оның 128-і берілді, жыл соңына дейін тағы 70 пәтер табысталмақ» деді ол.

Министрдің сөзінше, соңғы бес жылда ғылымды қаржыландыру көлемі 6 есеге артып, 300-ден астам жаңа зертхана ашылған. «Жоғары оқу орындарында, әсіресе өңірлік университеттерде 16 инженерлік орталық іске қосылды. Кеше ғана Satbayev University базасында үш жаңа зертхананың ашылуына куә болдық. Бұл — мемлекетіміздің ғылымға деген сенімінің нақты көрінісі. Жаңа Конституциямызда білім, ғылым, инновация және адами капитал елдің негізгі құндылықтары ретінде айқын белгіленді. Бұл — біздің сала үшін үлкен серпіліс, зор мүмкіндік» деді министр.
-Қаныш Сәтбаев тек ұлттық деңгейде ғана емес, жалпы адамзат өркениетіне қызмет еткен ұлы ғалым. Оның ғылым, білім, мәдениет және руханият салаларындағы еңбегі орасан зор. Осындай мұраны насихаттау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар бізді қуантады. Бүгінде елорда төрінде бой көтерген, биіктігі 13,5 метрлік еңселі ескерткіш – соның айқын дәлелі. 2024 жылы ғалымның 125 жылдығы мемлекеттік деңгейде аталып өтті. Содан бері ескерткішке күл шоқтарын қою игі дәстүрге айналып келеді. Бұл – Қанышқа деген құрмет, ғылымға деген құрмет,- деді Сенатор, халықаралық Қаныш Сәтбаев қоры қамқоршылар кеңесінің төрағасы Алтынбек Нұхұлы.

Қалиакбар Үсемханұлы

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button