Басты ақпаратҚоғам

Қандастар ел ғылымын өркендете ме?

Бейресми дерекке сүйенсек, қазір әлемнің 50-ден астам елінде 8 миллион­ға жуық қазақ өмір сүріп жатыр. Соңғы жылдары білім іздеп, кәсіп қуып немесе жаңа мүмкіндікке ұмтылып шетел асқан жастардың көбейгенін ескерсек, сыртта жүрген қазақтың қатары жыл сайын артып келе жатқаны анық. Бұл бір жағынан жаһандық үрдіс болса, екінші жағынан әлемнің әр түкпірінде тарыдай шашылған қазақ баласының білімі мен тәжірибесін ел игілігіне бағыттайтын жаңа тетіктер қажет екенін көрсетеді. Себебі шетелде жүрсе де, жүрегі «қазақ» деп соғатын әрбір зерттеуші – елдің интеллектуалдық әлеуетін күшейтетін зор күш. Осы тұрғыдан алғанда, әлемнің әр түкпірінде жүрген қазақ ғалымдарын Қазақстанға шақыру – бүгінде стратегиялық маңызы бар міндеттің бірі. Осы мақсатта жақында Назарбаев университетінде «Отандас ғалымдар форумы» өтті.

Сыртқы істер министрлігінің қолдауымен «Отандастар» қоры тұңғыш рет ұйымдастыр­ған игілікті басқосуға АҚШ, Оңтүстік Корея, Франция сынды 12 елден 40-тан астам ғалым қатысып, баяндама жасап, өз ойын ортаға салды. Шетелде еңбек етіп жүрген отандас ғалымдардың тәжірибесін елдің ғылыми-инновациялық дамуына тартуды, Қазақстанның зият­керлік әлеуетін халықаралық деңгейде танытуды мақсат қылған жиынға еліміздің әр саласында қызмет істеп жүрген ғалымдар қатысып, шетелдік әріптестерімен өзара пікір ауысуға үлкен мүмкіндік тапты.

Жиналыстың ашылуына ­қатысып, сөз сөйлеген Сырт­қы істер министрлігі Халық­аралық ақпарат комитетінің төрағасы Айбек Смадияров басқосудың маңызын айрықша атап, қандас ғалымдарды ортақ мақсатқа ұйыстыратын мұндай алаң ел ғылымын жаңа белеске көтеруге жол ашатын стратегия­лық бастама екенін жеткізді. Ғылым және жоғары білім вице-­министрі Талғат Ешенқұлов еліміздің ғылым-білім саласын жаңғырту мен халықаралық ынтымақтастықты кеңейтудің маңызына тоқталса, Назарбаев университетінің президенті Ахмад Вакар: «Бұл форум – жай ғана академиялық пікір алмасу емес, білім, ұлттық болмыс және елдің дамуы тоғысқан маңызды алаң. Қай елде өмір сүріп, қай жерде еңбек етсе де, түпкі тегі ортақ, Қазақстанның болашағына бей-жай қарамайтын отандас ғалымдарды бір арнаға тоғыс­тырған жиын. Бүгін біз шекарадан тыс интеллектуалдық байланыстың қуатын көріп отырмыз. Германия, АҚШ, Жапония, Түркия, Корея, Моңғолия және басқа да елдерден келіп отыр­ған ғалымдар қазақ ғылымының жаһандық деңгейдегі ­әлеуетін айқын көрсетеді. Сіздер талқылайтын жасанды интеллект, жасыл энергетика, цифрлық медицина, қоғамдық денсаулық, инновациялық материалдар, мал шаруашылығын тұ­рақты дамыту сияқты мәселелер – ғылыми тұрғыдан маңызды әрі Қазақстанның болашақ дамуы үшін шешуші бағыттар» деді ол.

«Отандастар қорының» тө­рағасы Данияр Қадыров жиын барысында шетелдік және отандық ғалымдар ғылыми жобаларын таныстырып, инновация­лық шешімдер мен технология­ларды Қазақстан экономикасына және ғылымына енгізу жолдары қарастырылатынын, осы арқылы ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты күшейтуге ден қойылатынын айрықша атады.

Форум аясында «Отандастар қоры» мен Қазақстан Жазушылар одағы бірлесе ұйымдастыр­ған «Ұлы дала» халықаралық жобасы бойынша биыл жарық көрген шетелдік 9 жазушының кітабының тұсауы кесілді. Айта кетейік, 2023 жылдан бастап қолға алынған жоба бойынша қазірге дейін шетелдік 30-ға жуық жазушы, зерттеушінің кітабы жарық көрді. Ал биылғы байқауға Өзбекстан, Моңғолия, Қытай, Ресей елдерінен 30-дан астам шығарма келіп түскен.

Ашылу рәсімінен кейін пленарлық отырыс басталды. Отырыстың беташар сөзін Назарбаев университетінің профессоры, нейробиология саласының білікті маманы Тұрсынжан Тоқай «Еліңізге ғылым әкеліп, халық үшін еңбек етіңіз» тақырыбымен ашты.

«Мен сөзімді ғалым ретінде емес, өз елімнің патриоты ретінде айтқым келеді. Өйткені мен шетелден атажұртқа оралған алғашқы ғалымдардың бірімін. 1999 жылы Қытай ұлттық стипендиялық кеңесінің грантын жеңіп алып, Франция­ның Руан қаласындағы зертханада ғылыми қызметкер ретінде жұмысымды бастадым. 2004 жылдың қазан айында нейробиология ғылымдарының докторы атандым. 2005 жылдан бастап Германияда қызмет істеп, биомедициналық оқыту және зерттеу саласында елеу­лі жетістіктерге қол жеткізіп, әлемге танымал ғылыми журналдарда ағылшын тілінде 27 ғылыми мақала жарияладым. Шетелде барлық мүмкіндік бар, жақсы өмір сүріп жүрсем де, өз елімнің ғылымына үлес қосу үшін 2014 жылдың шілде ­айында Қазақстанға келдім. Көп ұзамай Назарбаев университетінің «Өмір туралы ғылымдар орталығына» ғылыми жетекші болып тағайындалдым. Қазір, негізінен, биомедицина саласындағы зерттеулерді басқарып, зерттеу жүргізіп жатырмын. Назар­баев университетінде мен 3 кәсіби саланы жетілдірдім, қазірге дейін 12 ғылыми жоба ұсынып, соның 6-уын ұтып алдым. Бұл – өз елімнің маған берген мүмкіндігі. Сондықтан мен осында отырған ғалымдарға «өз еліңе келіп еңбек ет, Қазақстан сіздерге мұқтаж. Біздің елде мүмкіндік бар, тек адами капитал жетіспейді» деді.

Отырыста АҚШ, Ресей, Германия, Франция, Финляндия, Индонезия, Жапония, Оңтүстік Корея, Түркия, Моңғолия, Өзбекстан, Қытай елдерінен келген ғалымдар өз зерттеулерін таныстырды. Қатысушылардың баяндамалары жасанды интеллект пен кванттық технология­лар, ядролық энергетика, медицинадағы озық технологиялар, жасыл энергетика, дәстүрлі жайылым шаруашылығы мен агроинновациялар, биометрия және когнитивті ғылымдар, әлеуметтік және психикалық денсаулық, сондай-ақ балалар мен жастарға арналған халық­аралық білім беру экожүйесінің дамуы секілді маңызды ғылыми бағыттарды қамтыды.

Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button