UncategorizedҚоғам

Қанаттас қалаларды қаласа…

Еліміздің ішкі көші-қон мәселесінде ескерілмей келе жатқан екі нәрсе бар. Ол – халық тығыз орналасқан өңірден теріскей жаққа бет ауған қазақтардың таңдауын Алматы, Астана немесе Шымкент сияқты ірі шаһарлар емес, осы қанаттас қалаларға аудару мәселесі.

Астананың іргесінде Қосшы болса, Қарағандының өзі қатарлас дамып келе жатқан бірнеше қанаттас қалалары бар. Мұндай қалалар еліміз бойынша көптеп саналады. Айтпағымыз, егер солтүстік облыстардың қанаттас қалаларына жол түсіп бара қалсаңыз, өзге елде жүргендей әсерде қаласыз. Бұрындары кеніш орындары болған елді мекендерде, ірі орталықтарға жапсарлас бой көтерген елді мекендердің кезінде жұлдызы жанған шағы болған. Көлік, басқа да құрылымдары ірі қалалардан кем түспейтін. Кейіннен ондағы кәсіпорынның дені жабылып жатса да, қуаты әлі қайта қоймаған себепті, тұрғындардың тірлігіне жететін кәсіп әлі де жоқ емес. Жұмыс бар жерде береке бар. Мұндай қалалар Қарағанды, Петропавл, Қостанай және Көкшетау төңірегінде жеткілікті. Көрші мемлекеттерден көшіп келіп жатқан қандастарымыз болмаса, мұнда жергілікті халықтың саны мүлдем аз.

Неге қанаттас қалалардағы қазақтардың санын көтеріп, тұрмысқа қолайлы жерлерді қазақтандыру мәселесін алға тартпайды. Қазақтар міндетті түрде жолы жоқ, алыс ауылдарға ғана қоныстануға тиіс пе?

Бұл аса маңызды, себебі көшіп келген қазақ құрылымы жетілген ортаға тез икемделеді. Артынша жаңа жерге бауырлап, басқа да ағайындарын алдыруға өте қолайлы мүмкіндік туады. Екіншіден, мұнда тұрақты жұмыс бар. Ал тұрғын үй мәселесін де әрқалай шешуге болады. Қала шетіндегі бос жатқан жерлерге өздері баспана салып алуға мүмкіндік ашып, қолдау керек. Бұл да жұмыс орны. Орталықтарға қарағанда салынатын үйлердің өзіндік  құны әлдеқайда арзан түсер еді.

Нақты тәжірибе ретінде айту керек, осыдан біраз жыл бұрын Екібастұз қаласына Астанадан жүзден астам отбасы көшіп барған болатын, олар қалай орнықты, қалай икемделді дегеннен көптен хабар жоқ. Жалғасын тапса, жақсы жоба болатын.

Бұл жағдайдың бір жағы, екінші мәселе – осындай шағын қалаларға  көшіп келгендерді ортаға тарту. Сөзімнің мысалы ретінде айта кетейін, дәл осындай ірі қалаға серіктес бір елді мекенге жол түсті. Ел шетіндегі ұзыннан ұзын салынған саяжайларға қарап, мұнда көшіп келгендердің дүнгендер екенін білдік. Бірақ жергілікті қазақ-орысы екі бүктетіліп, жерді тырмалап отырғандардың тірлігін ерсі көріп, жайнап өсіп тұрған жасыл бағын да сынға алды.

Есіме Астанаға алғаш көшіп келгенде, ауызекі тілде жиі еститін «ежиктер» сөзі түсті. Бұл оңтүстіктен келгендерге жергілікті халықтың  берген атауы болатын. Адам баласы сөйлескенше, қазір «ежик» деп ешкім айтпайды. Бұл – бірін-бірі танып болмайтын үлкен орта. Естігенде шамданып қалатынбыз. Ал шағын елді мекендегі жаңадан көшіп келген азаматтардың әлеуметтенуіне, интеграциялануына көмек көрсетуде не амал жасап отыр?

Осы ретте қазақтың әдемі дәстүрі болатын. Ол – ерулік. Ерулік – жаңадан көшіп келген көршілерді үйге шақырып, дастархан жайып, қонақ қылу дәстүрі. Тұрғылықты ауыл тұрғындары жаңа қонысқа көшіп келген отбасы сол ортаға тез үйренісіп, бір-бірімен жақын араласып кетуін ойлап, барынша көмек берген. Бірақ табақтас болмаса да, басқа да жолымен бейтанысты таныстыруға, табыстыруға болады ғой.

Жалпы, солтүстікке көшіп баратындарға түрлі көмек қарастырылған. Көшіп келетін адамдар үшін мынадай мемлекеттік қолдау шаралары көрсетіледі: жаңа жерге ат басын бұрарда материалдық көмек, барған жерінде тұратын үйді жалдау мен коммуналдық қызметтерге ақы төлеу бойынша шығыстарды мемлекет төлеп береді. Кәсіптік білім алғысы келсе, оны қолдайды. Жаңа тұрғылықты жерінде кәсіпкерлікті дамытуға және жұмысқа орналастыруға жәрдемдеседі. Солтүстік өңірлердегі ауылдарды сақтау, мектептердегі оқушы санын арттыру мақсатында жергілікті әкімшілік алдына мал мен егін салатын жер де береді.

Бірақ мұның ішінде адамның жеке басына қатысты, ерулік жасап, олардың  ортамен тез байланыс орнатып, өлі-тірісіндегі қуаныш-қайғысына да бірге болуға септігін тигізу жағын ескермейді. Өскен жерінен, ағайын ортасынан алыстап, жаңа жерге қоныстанған адамның жағдайын жақсы  түсінген қазақтар осы салтпен адамдардың тонның ішкі бауындай тез аралысып, сіңісіп кетуіне жағдай жасайды. Бұл артта қалған жұртына алаңдайтындардың қатарын азайтып, өзім деп келген елдің бір адамына тез айналар еді. Бір рет табақтас болғанымен қырық күн сәлемдесетін салтымыз бар, адам тілдескенше деген. Ендеше оңтүстіктен қоныс аударушылардың жергілікті халық несібесіне ортақтаса келгендей алакөз етпей, тез табыстырғанға не жетсін!

Айгүл УАЙС

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button