Қанат пен Әсем Ражановтар Астанада ән кешін өткізеді

27 қазанда елорда төріндегі Жастар сарайы жүрекке жылу сыйлар, жанға рухани дем берер ерекше кештің куәсі болмақ. Сахна мен өмірде қатар жүріп, өнердің шырағын маздатқан жарасымды жұп – Қанат пен Әсем Ражановтар астаналық көрерменге шынайы сезімге толы «Елім, сенің арқаңда!» атты ән кешін тарту етеді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Бұл кеш ән ғана емес, жүректен төгілген сыр, туған елге деген құрмет.
Қанат пен Әсемнің өнердегі ортақ сапары 2014 жылы отбасын құрған сәттен басталды. Сол уақыттан бері олар дуэт ретінде сахнада қатар өнер көрсетіп келеді. Шығармашылық жолдары киелі Торғайда басталған. Екеуі де Қостанай облысы, Жангелдин ауданының тумалары. Балалық шақтарынан өнерге бейім қос талант аудан орталығындағы Б. Хамзин атындағы балалар өнер мектебінде алғашқы музыкалық білімдерін алған.
Бүгінде олар – Қостанай қалалық «Мирас» мәдениет сарайының кәсіби әншілері. Репертуарларында Тобыл-Торғай өңірі композиторларының сырлы саздары да, елімізге танымал авторлардың жүректі тербейтін туындылары да жетерлік. Барлық әндер заманауи эстрадалық бағытта жаңаша өңделіп, тыңдарманға тың серпінмен жол тартады.
Қанат Ражанов Қостанай облыстық Елубай Өмірзақов атындағы филармонияның жанынан құрылған «Ақжелең» фольклорлық-этнографиялық ансамбльдің де белді әншісі. Ол Қалибек Деріпсалдин, Бақытжан Сәуекенов, Алтай Сейітқасымов сынды өңірдің талантты композиторларының туындыларын жаңаша стильде өңдеп, ұлттық өнерді жаңғыртып жүрген өнерпаз.
Ал жары Әсем Искакова Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының түлегі. Бүгінде Қостанай облысы сахнасына жетіген аспабын тұңғыш алып келген өнер иесі ретінде де танымал. Ұлттық мұраны дәріптеп, осы көне аспапта ойнайтын шәкірттер дайындаудағы еңбегі өлшеусіз. Ол жетекшілік еткен ансамбльдер республикалық және халықаралық байқауларда жүлделі орындарға ие болып, облыстың абыройын асқақтатып келеді.
Астанада өтетін бұл концерт туған жерден түлеп ұшқан қос таланттың елге, елдікке, ұлттық өнерге деген тағзымы.
Кеш барысында халық әндерімен қатар авторлық, лирикалық және патриоттық бағыттағы шығармалар орындалады. Өнерпаздар тыңдарманға айрықша әсер, ұмытылмас сәт, шынайы эмоция сыйлайды.
Сонымен бірге мерекелік концертке Нұриден Қабыкен, Талғат Сапабек, Жәуке Оңдаған және «Кербез сұлу» жетігеншілер тобы қонақ ретінде ретінде қатыспақ. Кешті Мұрат Нағашыбай жүргізеді.
Қанат пен Әсем Ражановтардың ән кешіне келіп, саф өнердің тұнығынан сусындап, жүрекке медет, жанға шуақ алғыңыз келсе, Жастар сарайына асығыңыз!
Мұхарбек Жәкейұлы