Денсаулық

Қан доноры – өмір сақтаушы

Дүниежүзілік қан доноры күніне орай «Хан Шатыр» атриумында мерекелік іс-шараны Денсаулық сақтау министрлігінің Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығы ұйымдастырды. Оған Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері, қоғамдық ұйымдар, БАҚ, тегін қан тапсыратын донорлар мен қазақстандық эстрада жұлдыздары қатысты.

– «Хан Шатыр» сауда-ойын-сауық орталығында өтіп жатқан мерекелік іс-шарамыз – тұрақты донорларға деген ризашылығымыздың белгісі. Біз қан тапсырудың қауіпсіз әрі қажетті екеніне қоғам назарын аударғымыз келеді. Ерікті өтеусіз донорлық – тек медициналық емес, әлеуметтік жауапкершілік пен азаматтық ұстанымның көрінісі. Биылғы ұран «Қан тапсырып, үміт сыйлаңыз!» деп аталады. Бұл – әр адамға өмір сыйлай алатынымызды еске салатын үндеу. Донор болу – қарапайым әрекет, бірақ оның салдары – біреудің өмірі.

Сол себепті барлық азаматты тұрақты қан доноры болуға шақырамыз, – деді Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығы басқарма төрағасы Сания Абдрахманова. 2024-2025 жылдары Астана қаласында қан донорлығы саласында бірқатар маңызды нәтиже тіркелген. Айталық, 2024 жылы 31088 адам қан тапсырса, 2025 жылдың қаңтарынан мамырға дейін бұл көрсеткіш 14149 адамды құраған. Донорлардың ішінде алғаш рет қан тапсырғандар саны 2024 жылы 7619, 2025 жылы 3645 адамды құраса, тұрақты донорлар саны, сәйкесінше, 3773 және 2157 адам болған. Бұл қалада донорлық мәдениеттің тұрақты түрде қалыптасып келе жатқанын көрсетеді. Ал 2025 жылдың алғашқы төрт айында Астанада 13695 доза консервіленген қан, 11271 доза эритроциттік компонент, 5745 доза тромбоцит, 11403 доза мұздатылған плазма және 2170 доза криопреципитат дайындалған.

Шапағат ӘБДІР

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button