Қалдықты сұрыптауды балабақшадан бастап үйретуде

Елордада «Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» кең ауқымды экологиялық акциясы аясында қалалық Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының ұйымдастыруымен «Академия» балабақшасының тәрбиеленушілеріне арналған экошара өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Интерактивті форматта өткен іс-шарада балаларға қоршаған ортаны қорғау, қоқыс тастамау және қалдықтарды дұрыс сұрыптап, утилизациялау маңыздылығы түсіндірілді.
Шараға 15 бала қатысты.
Экобапкер Хамида Тоқымова сабақты ойын түрінде өткізді: балалар қалдықтарды сұрыптауды үйреніп, табиғатқа қатысты сұрақтарға жауап беріп, өз білімдерін көрсетті.
«Сабақ көңілді әрі достық атмосферада өтті. Балалар үлкен қызығушылықпен қатысып, көп сұрақ қойды. Мұндай сабақтар экологиялық жауапкершілігі жоғары ұрпақ тәрбиелеуге көмектеседі», – деді шараның ұйымдастырушысы әрі Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының баспасөз хатшысы Гүлден Симбаева.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл – алғашқы бастама. Алдағы уақытта осындай сабақтарды тұрақты өткізу және басқа балабақшаларды да қамту жоспарланып отыр.