
Тақырыпты оқи сала «апыр-ау, рас па?» дерсіз. Бір өтірігі жоқ. Өткен жылдары, нақты қай уақыт екені есте жоқ, біздің елде «Айгөлек» атты автоқалам сатылды. Анығында, сырттан тасымалданған осы тауардың сыртына әлгіндей атауды жазып, отандық өнім деп дабырайтыппыз. Шынымен де мұндай мысал көп-ақ.
Кенже қалған кеңсе тауарлары
Біздің елде мұндай өндірісті күндіз шам алып іздесек те табар ма едік?! Қаламсаптан бастап өзге керектінінің бәрін сырттан таситынымыз рас қой. Есесіне, жыл сайын тамыздың аяғы мен қыркүйек басында бұл дүниелеріңнің құны қолда тұрмайды. Әсіресе, мектеп жасында балалары бар отбасылардың басты мәселесі – осы. Мектепке киер формасын айтпағанда, иығына асар сөмкесі мен сабағына қажет түрлі бұйымың қып-қызыл пұл. Дегенмен де…
«Қазақстандағы өндірушілер оқу мен кеңсе тауарларының аздаған түрін ғана шығарады. Мысалы, ондай шағын өндірістер Алматы мен Шымкент қаласында көбейіп келеді. Онда да бұл біздің халық үшін жеткіліксіз. Бірақ олардың 12 беттік оқушы дәптерін шығаруда ішкі нарықты толықтай қамти алатыны қуантады. Екіншіден, шикізат, яғни қағаз Ресейден келетіндіктен, оны қайта өңдеп, елге қажетті күнделік, түрлі-түсті қағаз, альбом да шығаруда. Әдетте, олардың бағасы сырттан импортталатын тауарлардан арзан болмайды. Себебі, әлгінде айтқанымдай, шикізат – шетелден. Біздің компания да кеңсе тауарларының 95%-ын Еуропа, Ресей және Қытайдан әкеледі» деп ашып түсіндірді «АБДИ Компани» АҚ президенті Әбдібек Бимендиев.
Мамандар да Қазақстанда кеңсе тауарларының жекеленген өндірісі аз да болса бар екенін айтады. Бірақ көп керектіні арнайы дүкендер мен базардағы жаймалар импорттық тауарлармен толтырады. Негізінен, мектеп пен кеңсеге қажетті өніммен қос көршіміз қамтып отыр. Қытай бұл жағынан көп ілгері, Ресей де өз өнімін бізге экспорттаудан алдына қара салар емес. Айтпақшы, бұлардың бағасы да валюта бағамы мен жалпы саяси жағдайға байланысты өзгереді. Мысалы, 2-3 жыл бұрын Ресей мен Украина арасындағы жағдайдан соң Қазақстанда қағаз қымбаттады. Барлық баспаханаға қиындау тигені де осы. Ал кеңселік жұмыстарға ең қажеті А4 форматтағы ақ қағаздың құны тіпті аспандап кетті. Бұның себебі де бар. Мамандар Қазақстандағы қағаз өнімдерінің қымбаттауы – финдік химиялық компанияның Ресейге натрий хлоратын жеткізуді тоқтату туралы мәлімдемесімен тікелей байланысты екенін айтады. Дәл осы химиялық элемент ақ қағаз өндірісінде целлюлозаны ағарту кезінде қолданылады екен. Осылайша сырт елде болып жатқан лаңның кесірі тыныш жатқан былайғы жұртқа тиіп тұр.
Расымен орманы көп орыс жерінің қағаз дайындаудағы өндірісі әлдеқашан дамыған. Ал жоғарыда айтылған ағартқыш қасиетке ие химиялық қоспаның Ресейге де өзге елден келуі – бағаның өсуіне бірден-бір себеп. Батыс елдерінің санкциясы жалғыз көршіні ғана емес, оның жанындағы мемлекеттерде қағаз тапшылығын байқатты. Айтпақшы, қағаз өндірісінде Қытайдың да өз орны бар. Сондай-ақ Түркия мемлекетінен де тасымалданып тұрады.
Сарапшылар еліміздегі қағаз өнімдерін өндіруде «Қазақстанның кеңсе қағазын өндірушілер қауымдастығы» ЗТмЖКБ, «Қағаз өнеркәсібі қауымдастығы Aq Qagaz» ЗТБ, «Қазақстан қаптаушылар қауымдастығы» ЗТБ сияқты заңды тұлғалар бірлестіктері барын айтады. Қазір аталған саланы дамыту мүмкіндігі жоғары. Өйткені, бәсеке аз, өнімнің басым көпшілігі импортталады. Ал осыны ескерсек, отандық өндірісті өзімізде кеңейтуге үлкен мүмкіндіктің төбесі көрінгендей. Тек бұған мемлекет қолдауы жүйелі түрде қарастырылса деген тілек бар.
Бәрібір шикізатқа тәуелдіміз
Жұрт білетіндей, кеңсе тауарларының негізгі түрлері қағаздан (дәптер, күнделік, сурет дәптері), пластиктен (бояу қаламдар, қарындаш пен сызғыштар) және металдан (қағаз қыстырғыш, түйме, степлер) дайындалады. Ал Шымкент қаласындағы «Астра-Ш» ЖШС директоры Ерлан Балықбаевтың айтуынша, жалпы шикізат бойынша бәрібір сыртқа тәуелдіміз.
«Мысалы, біздің цех өзіміздегі «Вектор» ЖШС арқылы тапсырыстар алып, мектепке қажетті 12 беттік оқушы дәптерінен бөлек, бірнеше беттік қалың дәптер және сурет салуға арналған арнайы альбом шығарады. Бірақ оның көлемі аз. Шикізатты да сырттан, Ресейден алдырамыз» дейді ол.
«АБДИ Компани» АҚ президенті Әбдібек Бимендиевтің айтуынша, бұрынғы кеңес заманы кезіндегі көп баспаханалардың ізі жоқ емес. Олардың кейбірі жаңа заманауи құрылғылар сатып алып, жұмысын әлі жүргізіп келеді. Блокнот, қалың дәптер, көрнекіліктер, т. б. қағаздан жасалатын бұйымдарды аз болса да осындай шағын баспа цехтары тапсырыспен істеп жүр.
– Бірақ бұлардың қауқары аз ғой. Үлкен көлемде тапсырыс алуға мүмкіндігі жоқ. Мысалы, аудандық немесе облыстағы газеттің тиражы қанша екені белгілі. Соған орай оның қағаз басудағы арнайы жабдығы да шағын көлемде жұмыс атқарады емес пе? Кеңсе тауарларын тапсырыспен қабылдауы мүмкін, бірақ өте аз көлемде ғана. Екіншіден, бұл – республикадағы халық санына да байланысты. Кезінде өзімізден өнім шығару туралы жобаларымыз болған, тіпті арнайы зерттеу де жасадық. Бірақ тиімсіз болды. Неге? Қарапайым ғана мысал, бір күнде миллиондаған дана қаламсап шығаратын өндіріс болғанымен, оны нарыққа шығару үшін тұтынушылар саны да үлкен рөл ойнайды. Сұраныс аз. Ол үшін біз де өзгелер сияқты шетелмен байланыс жасап, өнімді сонда экспорттауымыз керек. Бұл енді басқа мәселе, – дейді Ә.Бимендиев.
Оның айтуынша, көршілес Қытайда ұсақ-түйек шығаратын цехтарға дейін қолдау көп беріледі. Кәсіпкерлерге сату, сыртқы нарыққа шығару жағынан арнайы жеңілдік жасалған. Ал елдегі кеңселік тауарларды сатумен айналысатын «АБДИ Компани» тауарларының басым көпшілігі (50-60%) – ресейлік өнім. 30% тауар Қытайдан келсе, қалғаны Тайланд, Малайзия, Үндістан және кейбір Еуропа елдерінен ішінара тасымалданады. 1000-ға жуық қызметкері бар компанияның Қазақстанның әр өңірінде филиалы ашылған. Бір өзгешелік – компания сырттан тауар тасығанымен, өнім сыртындағы арнайы нұсқаманы (тауар туралы таныстырылым) мемлекеттік тілде дайындайды.
Баға өспесе түскен емес
Жоғарыда айтқандай, кеңсе және мектеп тауарларының жартысына жуығы қағаздан тұратындықтан келетін тауардың басым көпшілігі Ресейден болып отыр. Шетелден де келеді, бірақ олардың бағасы қымбат. Қытайдан да кеңсеге қажетті офистік А1, А2, А3, А4 қағазы тасымалданады, бірақ оның сапасы Ресейге қарағанда төмен екенін айтушылар көп. Мысалы, ол жақта тығыздығы 70 гр/кв шаршы сантиметр болса, ол біздегі стандартқа сәйкес келмей жатады. Бірақ бағасы арзан екені рас.
Бағаның көтерілу себептері көп. Валюта бағамы, санкция салдарынан бөлек, тауар сырт елден келетін болған соң ортададағы тасымал құны, делдалдық әрекеттердің бәрі қара халық қалтасына ауыр тиеді. Бағасы да жыл өткен сайын қайта жаңарып, бұрынғыдан да қымбаттап отыратыны жасырын емес. Мысалы, оқу құралдарын алуға былтыр бастауыш сыныпта оқитын балаға орташа есеппен 20 мың теңгені құраса, жоғары сынып оқушыларына 25 мың теңгеден жоғары қаражат жұмсалған. Бұл жерде кейбір глобус, конструктор, папкалар, аяқ киім сөмкелері және т. б. қосымша кеңсе тауарларын ата-аналар өз қалауымен ғана алып беретінін ескеру керек. Ал түрлі кеңсе қызметкерлері мен мектеп мұғалімдеріне қажетті бұйымдардың жыл бойы қажет екенін ескерсек, мұның өзі көл-көсір ақшаның басын құрайды.
Сарапшылардың айтуынша, кейбір сауда үйлері немесе дүкендер белгілі бір тауар бағасын төмендетуі – маркетингтік қадам ғана. Мысалы, бір сауда дүкені дәптерге ойға сыймайтын, яғни өзіндік құнынан төмен бағаны қоя салады. Мұндағы басты мақсат – бәсекелестерінен басым болу және тұтынушы назарын өздеріне бұру. Есесіне 12 беттік оқушы дәптері тым арзан болғанымен, ермексаз (пластилин), бояу, түрлі-түсті қарындаш сияқты басқа да сұранысқа ие заттардың бағасын көтереді. Біз байқамағанмен, шынымен де осындай айла-шарғы оқу жылы басталар тұста көбейеді. Айналып келгенде, әлгі арзан дәптердің құнын өзге тауар бағасы шығарып-ақ тұр. Шын мәнісінде, қарапайым жұрт дәптердің төмен бағадан сатылмайтынын, оның өзіндік құнынан бөлек, қағазды Ресейден жеткізу, логистикалық шығындар барын біле бермейтіні анық. Мысалы, кеңсе тауарларын сататын дүкен не базарға бара қалсаңыз, тор, жол, қисық көз дәптер 15-20 теңге аралығында тұр. Қаламсап 50 теңгеден жоғары, қалың дәптер 150 теңгеден басталады. Сөмке де сапасына қарай 8-10 мың теңгеден жоғары. Түрлі-түсті қарындаштар 150, кітап, дәптер қаптағыштың бір данасы 30, ал күнделік 400 теңгеден жоғары. Сонда орта есеппен бір балаға 30-40 мың теңгеге оқу құралын алуға болады. Бұл – ең төменгі көрсеткіш.
Қош, сонымен Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың мәлімдеуінше, биылғы жаңа оқу жылында бірінші сыныпқа 341 мың бала барады. Қазір елімізде 8 мыңнан аса мектепте 4,1 миллион оқушы білім алып жатыр. Қалған мектеп оқушыларын есептемегенде, мектепке енді баратын шәкірттің жабдығы (оқу құралдары себеті) орташа есеппен 30 мың теңге деп алайықшы. 341 мыңды 30 мыңға көбейтсек, 10 млрд, 23 млн теңге шығады. Ал дәл осы керекті дүниені өндіретін көрші елдердің «қағанағы қарқ, сағанағы сарқ». Сырт елді байытуға шебер Қазақстанның әзірге «мүмкіндігі» осындай.
Айтпақшы, жылда мемлекет тарапынан әлеуметтік осал отбасылардың балаларын мектепке дайындауға қаржылай көмек берілетіні белгілі. Қаражат баланың мектеп формасына, оқу құралына жұмсалады. Биыл әр балаға 46 228 теңгеден, «Жалпыға бірдей білім беру» қорынан 500 мың адамның есепшотына ақша түспек. Жалпы ел бойынша аударылатын қаражат көлемі 23 млрд теңгеден асады. Әрі бұл қаржыны кез келген отбасы ала алмайды. Аталған көмек жетім, ата-ана қамқорлығынсыз қалған, аз қамтылған және атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасы балаларына берілмек. Сондай-ақ осы санатта өмірлік қиын жағдайға тап болған балалар да бар.
Ержан ҚОЖАС