Мәдениет

Қаламгермен кездесті

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Отырар» ғылыми кітап­ханасында көрнекті жазушы, сыншы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Асқар Алтаймен кездесу өтті.

Іс-шараны «Кәусар» мәдени-танымдық бірлестігінің жетекшісі, өнертану профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Кенжеғали Мыржықбай жүргізді. Ол қаламгер шығармашылы­ғының қазақ әдебиетіндегі орнына тоқталып, жастар үшін мұндай жүздесулердің маңызын атап өтсе, Асқар Алтай өзінің шығармашылық жолына кеңінен тоқталып, алғашқы туындылары туралы естеліктерімен бөлісті.

«Ең алғашқы шығармамды 1978 жылдың күзінде жазыппын. «Қызбиік» пен «Құланың ажалы» атты әңгімелерімді 8-сыныптан 9-сыныпқа өтер кезде аяқтадым. Сол кезден бастап жазу менің тағдырыма айналды. Жазушыға ерекше тағдыр керек. Ұлы қаламгерді оның тағдыры, өскен ортасы мен қоғам қалыптастырады» деді жазушы.

Әдебиеттегі ұстаздық дәстүр мен білімнің рөлі туралы да ой қозғаған қаламгер өзіне бағыт-бағдар берген тұлғаларды ерекше ілтипатпен еске алды.

«Адамға ең әуелі терең білім қажет. Ол білімді ұстаз береді. Маған Серік Қирабаев, Мұхтар Мағауин, Нығмет Ғабдуллин, Серік Мақпыров секілді алыптар дәріс оқыды. Олардың айт­қан әрбір сөзі азаматтық кредома айналды» деді ол.

Жүздесуде балалар әдебиетінің маңызы да кеңінен сөз болды. Асқар Алтайдың айтуынша, кез келген үлкен әдебиеттің бастауы – балалар әдебиеті.

«Балалар әдебиетіне ұлы жазушылардың бәрі бар­ған. Балалар әдебиетінсіз жалпы әдебиет дамымайды. Одан бастау оңай болғанмен, үлкен әдебиетке келген соң қайта балалар әдебиетіне оралу өте қиын. Мен бұл жолды «Сарытау серісі» арқылы бастадым» деді ­қаламгер.

Жазушы қазіргі қазақ ті­лінің жай-күйіне де тоқ­талып, тілдің қалыптасуы отбасынан, ортадан және көркем әдебиеттен бас­талатынын атап өтті.

«Тілдің шұбарлануы осы жүйелердің бірінің бұзылуынан шығады. Қазір кейде көркем әдебиетке жат сөздерді қолдануға мәжбүрміз. Өйткені оны түсінетін оқырман азайды» деді ол.

Асқар Алтай кітап мәселесіне де айрықша тоқталып, аз тиражбен шығатын кітаптарды қазақ руханиятының үлкен қасіреті деп бағалады.

«Мен үшін кітапхана – қағба. Әр кітап қасиетті. Төрт жылымды кітапханаға арнадым. Сол жылдары жинаған білім мен қор кейін маған үлкен пайдасын тигізді. Егер елімізде 12 мың кітапхана болса, кітаптар 2-3 мың емес, кемінде 10 мың тиражбен шығуы тиіс» деді жазушы.

Кездесу соңында студенттер мен оқырмандар қаламгерге сауал қойып, әдебиет, тіл және руха­ният төңірегінде еркін пікір ал­масты. Рухани мәні терең іс-шара жас буынға ой салған, тағылымы мол дидарласу болды.

Ерасыл НҰРЛЫБЕКҰЛЫ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button