Қаламгерлік пен қайраткерлік құдіреті

15 мамыр күні Түркістан қаласында көрнекті қаламгер Мархабат Байғұттың 80 жылдығына арналған «Мақамы бөлек Мархабат Байғұт» атты халықаралық симпозиум өтеді. Оған еліміздегі белгілі қаламгерлер, Парламент депутаттары мен қоғам қайраткерлері, сонымен қатар Қырғызстан, Өзбекстан, Түркияның қаламгерлері қатысқалы отыр. Сол күні кешкі 18.00-де Шымкент қаласындағы Жұмат Шанин атындағы Қазақ сазды-драма театрында «Жоғалған жұрнақ» пьесасы қойылады. Қаламгердің 80 жылдығына арналған шаралар 16 мамыр күні Шымкент қаласындағы Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетіндегі ғылыми-практикалық конференцияға ұласады. 17 мамыр күні Түлкібас ауданында бұған дейін ұйымдастырылып жүрген «Таупістелі тағылымының» кезекті конференциясы өткелі жатыр.
Қазақтың көрнекті жазушысы, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің, сондай-ақ халықаралық «Түркі әлеміне қызмет» сыйлығының иегері, Оңтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы Мархабат Байғұт ағамен қош айтысқанымызға да жылдан астам уақыт болды. Қараша айының қоңыр салқынында аптал азамат, көркемсөз бен көсемсөздің шебері, мақамы бөлек Мархабат көкем келместің кемесіне мініп, кете барды.
Біз Мархабат ағамен бауыр болдық. Қызмет бабында да көп жолығатынбыз. Қаламгерлік қабілеті бөлек-тін. Кітап жазса да, әңгімелері басылымдарда жарияланса да үзбей оқитынмын. Әрбір туындысындағы ойларды өмірден алатын. Әңгімелері сонысымен құнды еді. Бір ғана «Жұрнақ» атты жазбасында бүкіл Желтоқсан оқиғасының мән-жайын көрсетті. Ал «Нәуірзек», «Қорғансыз жүрек» «Серт пен сенім» және тағы басқа да жарық көрген кітаптарында ел өміріндегі жағдайларды жеткізді.
Ел газеті «Егемен Қазақстан» газетінің өңірлік тілшісі ретінде облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы жолындағы атқарылып жатқан жұмыстарды кең көлемде елге таныстырды. Өзекті мәселелерді көтеріп, шешілуіне ұйытқы болды. Әсіресе, төтенше жағдай туғызған оқиғалардың бел ортасында жүрді. Бұл Махаңның кәсібіне адалдығы деп білемін.
Мен Сарыағаш ауданында әкім болған жылдары 8 ауылдық округтегі екі мыңға жуық үйді тасқын суы басып қалды. Махаң «Егеменнің» арнаулы тілшісі ретінде оқиғаның дәл ортасында жүрді. Қиын сәтте қасымнан табылып, қолдауын көрсетті. Жапа шеккен жандармен тілдесіп, жағдайды түсіндірді. Көзбен көргенін сөзбен суреттеп, еліміздің бас газетіне «Кібесе қарғыны» атты тақырыппен көлемді мақала жазды. Сындарлы сынаққа тектілікпен төтеп берген сол кездегі әкімдік қызметкерлері мен жұмысшы топтың еңбегі жоғары екендігін басылым арқылы жеткізді.
Көркемсөз бен көсемсөздің шебері, елдік істердің бастамашысы еді.
Соның тағы бір мысалын айтсақ, «Ырыс алды – ынтымақ» жобасы Оңтүстік өңіріндегі ең айтулы рухани жобалардың бірі ретінде танылды. «Таупістелі тағылымы», «Бозарықтан Бозторғайға дейін» секілді іс-шаралар да Мархабат ағаның ұйымдастыруымен қолға алынды. «Ырыс алды – ынтымақ» жобасында қаншама маңызды мәселелер көтерілді. Соның бірі – халықты бірлікке, ынтымаққа шақыру болса, екіншісі жастардың тәрбиесіне арналды. Тәуелсіздікті ұстап қалудың бір жолы – ол халықтың ынтымақ-бірлігі. Экономика қарыштап дами берер, егер қоғамда ішкі бірлік болмаса оның бәрі бекер боп қалуы мүмкін. Сондықтан бір кездері елімізге осындай рухани жобалар керек болды. Тіпті елді ынтымаққа бастайтын мұндай бастамалар әлі де керек. Себебі өздеріңіз көргендей, қазіргі таңда әлемнің қай бұрышын алсақ та тыныштық болмай тұр. Оны геосаяси жағдайдың осы күнде шиеленісіп тұрғанынан байқауға болады. Осындай аумалы-төкпелі заманда қоғамның айрандай ұйыған береке-бірлігін сақтап қалудың өзі – үлкен тірлік. Әлі есімізде, «Ырыс алды – ынтымақ» форумы зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен өтетін. Келелі басқосуда қайтсек ынтымағымыздан ажырап қалмаудың жолын қарастырамыз, әлемнің дамыған мемлекеттер көшіне елімізді ілестіріп, солардың қатарына қайтсек қосамыз деген секілді ауқымды мәселелер айтылып, олардың шешуі ретінде ойшыл азаматтар өздерінің ой-пікірлерін ортаға салатын. Соның ішінде әсіресе діни фанатизмге, діни теріс ағымдарға жастардың ілесіп кету қаупінің алдын алу туралы өзекті проблемалардың түйіні тарқатылып, көптеген маңызды ұсыныстар айтылатын. Ал осынау форум-жиындардың бас дирижері тума талант иесі Мархабат Байғұт ағамыз болатын. Бұл қаламгердің жазушылық еңбегінен бөлек осылай қоғамды ұйыстыруға күш-қайратын бағыттаған қайраткерлік қасиеті мен мінезі деп білеміз.
«Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» демекші, Махаңның жазған шығармалары қазақ халқы тұрғанда мәңгілік жасай береді. Жазушының бір таланты қанша уақыт өтсе де ескірмейтін, өлмейтін шығармалар жазып кетуінде. Махаңда да дәл солай. Ауылдардың хал-ахуалы, ауылдағы қарапайым азаматтардың тұрмыс-тіршілігі мен адамдардың арасындағы қарым-қатынас – мәңгі өлмейтін тақырып. Арада талай ғасыр өтсе де қоғамда осы тақырып әрдайым өзекті болып қала береді. Яғни, адамдардың өзара бір-бірімен байланысы, жақсы мен жаманның арасындағы күрес, рухани кемелдікке ұмтылу, керісінше адамгершілік қасиеттерден айырылып қалудың себептері мен оның қоғамға кері әсері жайындағы тақырыптар ешқашан өзектілігін жоймақ емес. Міне, жазушы Мархабат ағамыз адам психологиясындағы, ішкі жан дүниесіндегі осы мәселелерді қаузап өтті, қарапайым адамдардың қоңыртөбел тіршілігін әңгіме-повестерінің мазмұнына айналдырды. Қаламгер сонысымен талантты, оны жұрт осы шығармалары үшін шын ниет, жүрегімен жақсы көреді.
Рас, Мархабат ағаның жазған дүниелерін оқып отырып, ауылдағы өмір көз алдыңа келеді, ондағы қыз-қыз қайнаған тіршіліктен өзіңнің балалық шағың еске түседі. Ал кейіпкерлерінің бейнесін көргенде соларға ұқсаған жандардың сенің де айналаңда толып жүргенін байқайсың. Сөйтіп солардың мінез-құлқына, істеген істеріне қарап жақсы мен жаманды ажыратасың, өмірді іштен, жақыннан танығандай күй кешесің. Жазушы шығармасының адамды тәрбиелей алатын құрал екендігінің құдіретін сол кезде барып сезінесің.
Мархабат аға журналистиканы көсемсөз, әдебиетті көркемсөз деп атайтын. Бір таңғаларлығы, қаламгер екі салада да тер төгіп соның биігіне шыға алған азамат болды. Оңтүстіктен түлеп ұшқан талай ақын-жазушы Астана мен Алматы қалаларының тұрғыны боп сол жаққа сіңісіп кетті. Ағамыз да елордаға немесе зиялы қауым ордасы Алматыға көшіп кетуге шамасы келер еді. Және оны ол үшін ешкім де сөге қоймас. Бірақ Махаң өз туған жерінде қалып, Оңтүстіктің киелі топырағын қиып ешқайда кеткісі келмеді. Бұл да ағамыздың қарапайымдылығы мен бойында тұнған адалдық қасиеті шығар.
Адам талантты болса түбінде бәрібір мойындалады және сүйікті жазушысы қай жерде жүрсе де оған деген халықтың сүйіспеншілігі кеміп қалмайды. Осынау ойымыз Мархабат ағаға тікелей қатысы бар деп білеміз. Өйткені ол елдің оңтүстік қиырында өмір сүрсе де халық қазақтың мықты қаламгерлерінің бірі ретінде әлдеқашан бағасын беріп қойды. Сонымен бірге Махаңның әрбір жазған шығармасы, одан бөлек жазушының өзінің адами қадір-қасиеті әдебиетсүйер қауымның жүрегінен ойып тұрып орын алғанын жоққа шығармауымыз керек.
Ендігі жерде жазушының қаламынан шыққан кітаптары қалың оқырман арасында кеңінен насихатталу керек деп ойлаймын. Өйткені адамгершілік, руханият пен мәдениет құндылықтарын толғаған бұл шығармалар адамзатты ізгілікке, пайым-парасатқа шақыруда өте үлкен рөл атқарады деп сенемін.
Махаң достыққа адалдықтың, бауырмашылдықтың үлгісі еді. Оңтүстік өңірінің журналистері еркелетіп «журналиссимус» деп атап кеткен марқұм Баекең Байдулла Қонысбек екеуі әрі ағалы-інілі бауыр әрі араларынан қыл өтпес нағыз достар еді. Екеуінің бір-бірін ренжітпейтін қағытпа сөздеріне, әдемі әзілдеріне қарап жұрт «шіркін-ай, бізде де осындай жақсы достар болса ғой» деп армандайтын. Солардың ішінде біз де бар едік. Махаң мен Байекең тек дос болып қоймай, сонымен бірге екеулеп талай бастамалардың жаршысына айналды. Оңтүстікте игі бастамалар осы екі қаламгер ағаларсыз өтпейтін. Уақыт шіркіннің зымырап өтіп жатқаны-ай! Соны бәрі күні кеше сияқты еді. Қос ағаның бастаған әдемі бастамасының бірі тойға кешікпей келу мәселесі болатын. Осыған орай екі қаламгер де жиын-тойға өздері көпке үлгі боп уақытында барып, жұртты шақырған жерден кешікпеуге үндейтін. Қарап отырсаң, сол кездер нағыз берекелі уақыт екен ғой. Ендігі жерде зиялылықтың нағыз үлгісін көрсетіп кеткен ағалардың рухы шат болсын деп тек дұға тілейміз.
Осыдан оншақты жыл бұрын Мархабат аға «Егемен Қазақстан» газетінде біз туралы көлемді мақала жазған қаламгердің ұсынысымен «Тәуелсіздік және шенеунік» айдарын ашсақ қалай болады деген идеямен еліміздің бас газетінде мемлекеттік қызметкерлер жайында мақала жарияланып, соның бір кейіпкері өзіміз болғанбыз. Біздің кім екенімізді, мақтауға лайықпыз ба, оның бағасын, әрине, халық береді. Бірақ сол кезде ағамыздың шенеуніктің бәрі шіренген адамдар емес, арасында шынайы пейіл-ықыласымен елге адал қызмет етіп жүрген жандар да баршылық және олардың саны да аз емес деген секілді мағынадағы ойларына толықтай қосыламын.
Жалпы Махаңның ешкімге ұқсамайтын, өзіндік бөлек стилі бары рас. Оны әдебиетсүйер қауым да, қолына қалам ұстаған жазушы-журналшылар да мойындап, талантына, жазу мәнеріне ерекше сүйсініп тәнті болған. Жасыратын несі бар, солардың ішінде біз де бармыз. Иә ағамыздың жазу стилі, сөз саптауындағы өзіндік өрнектері бөлекше ғой, шіркін. Әсіресе қаламгердің сөздерді бас әрпіне қарай ұйқастырып, қатарын бұзбай бір ойды құрап жазуы айрықша таңғалдырады әрі қазақ тілінің осынша сөзге бай екендігіне жазушы өз шеберлігі арқылы бас ұрғызады. Сонымен бірге жазушы қазақтың көнерген ескі сөздерін де беталды қолданбай, реті келген жерінде, орайына қарай пайдалануы оқырман жүрегін ұғынар жан дүниесі нәзік қаламгер екенін аңғартады. Мәселен, сол мақаладағы мына сөзге назар аударсақ: «Тоталитаризм тітіренткен кезенейлі кезеңдерде «Бөліп ал да, билей бер» деген баяғы сайқал саясат сұрқия сипаттарға ие болып, одан әрмен асқына түсті. Сол замандардың бәрінде де түрлі үрдіс-үдерістердің, қилы құбылыстардың бел ортасында шенеуніктер жүрді» дейді қаламгер.
Қош делік, елге қызмет жасау жолындағы елеулі өзгерістердің бірі – халық сенімін арқалап алғаш рет Парламентке депутат болып сайланғаным. Сол кездері Мархабат ағамыз тынбай баспасөз арқылы арнайы ашық хат жазып, өңірдегі өзекті мәселелерді жеткізіп жүретін. Өз тарапынан талай ұсыныстарын айтты. Мен де баспасөз арқылы жауап бердім. Атқарылуы тиісті жұмыс жоспарларымен таныстырдым. Үнемі бір-бірімізбен сырласып, шер тарқатып отырушы едік…
Қазір сол күндерді сағынамын.
Жалпы, аға мен іні арасындағы байланыс әрдайым берік-тін. Сәл көрмесек, сөйлеспесек сағынысып қалатынбыз. Ағалық қамқорлық көрсетіп, ақыл-кеңесін беріп отыратын. Амал қанша, өмірдің «қамшының сабындай ғана» қысқа болатынын енді ұғынып келеміз…
Мархабат аға артына теңдессіз мұраны тарту етіп кетті. Әдебиеттің дамуына арқау болған жазбалары алтын қорға айналып отыр. Ал өнегелі өмірі мен шығармашылық жолы тәлім-тәрбиенің асыл көзі болып қала бермек…
Жаныңыз жәннатта болып, пейіште нұрыңыз шалқысын!
Ұласбек СӘДІБЕКОВ,
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты