Қаламгерлер мен желтоқсаншылар жалпықалалық сенбіліккке атсалысты

Кеше өткен «Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» акциясы аясындағы жалпықалалық сенбілікке қаламгерлер мен Желтоқсан көтерілісіне қатысушылар да атсалысып, “АЛЖИР” музейі аумағында 100-ге жуық ағаш отырғызды.
Аталмыш музейдің директоры, белгілі ақын Дәулеткерей Кәпұлы сауын айтқанда жазушы, драматург, аудармашы Өтен Ахмет “Әлі де ағаш егуге жараймын” деп үн қатты. Тоқсанның төріне жақындаған қарт қаламгер ізгі істің басынан табылды.
Сол сияқты жазушылар Мәди Айымбетов, Айгүл Кемелбаева, Mирас Мұқаш, ақындар Ғалым Жайлыбай, Сұраған Рахметұлы, Иманғазы Нұрахмет, Сәндібек Жұбаниязов, Мұхарбек Махамбет, Нағашыбай Қабылбек, Арман Шеризат, Біржан Ахмер, Жоламан Айткен, т.б. қаламгерлер қаламның орнына қолдарына бір мезгіл күрек ұстады. Осылайша, музей аумағында жас қарағайлар мен шыршалар бой көтерді.
3 жасар Бексұлтан Шмит ақын-жазушыларға қолғабысын тигізді. Бұл – бекер емес. Балақайдың есімі көрнекті жазушы Бексұлтан Нұржекеұлының құрметіне қойылып, Ғалым Жайлыбай тұсауын кескен еді.
Қаламгерлер мен желтоқсаншылар ағаш егумен шектелмей, жазықсыз жапа шеккен аналардың рухына тағзым етіп, музейді аралады. 16 тілге аударылған “Қара орамал” поэма-реквиемінің авторы Ғалым Жайлыбай қасіретті жылдар шежіресін шертті. Аталған шығармасынан үзінді оқып, ҚарЛагтың, оның бір бөлімшесі болған АЛЖИР-дің тарихын тарқатты.
Дәулеткерей Кәпұлының айтуынша, АЛЖИР аумағында нәубетті жылдары тұтқын әйелдер еккен алма бағы да бар. Бірақ бұл күндері жабайыланып кеткен. Болашақта осы бақты қалпына келтіру жоспарланған.
Аманғали Қалжанов