Қалам мен жүрек үндестігі

Байқоңыр ауданының Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында ғалым, жазушы, журналист Маржан Пірімбетованың 70 жылдық мерейтойына арналған «Ұстанымы берік ұлағатты ұстаз» атты әдеби-танымдық мерекелік кеш өтті.
Іс-шара галереялық көрмемен басталып, кейін экраннан автор туралы бейнеролик көрсетілді. Әжелерден құралған топ «Ел қызы Маржан» әнін орындап кештің көркін асырды. Концерттік қойылымдардан кейін, оның кітаптарынан әсерлі үзінділер оқылды.
Ал кеш қонақтары Маржан Пірімбетованың қазақ руханиятына қосқан үлесін айтып, ол қалам мен жүректің үндестігін таба білген, ізгілікті өмірінің басты ұстанымына айналдырған жан екеніне тоқталды.
Расында «Көңіл терезесі», «Айтпайын десем», «Қазақ әйелдері әлем жанарында», «Мәуелі бақ», «Ізгілік философиясы», «Махаббат пен мейірім», «Ұзақ өмір сүрудің формуласы» сияқты еңбектері арқылы ол оқырманын адамгершілікке, ізгілікке, рухани тазаруға шақырады.
– Мен еліміздің тұңғыш астанасы болған Ақмешіт – Қызылорда өңірінде дүниеге келдім. Әкем зергер, анам ісмер – екеуі де өнерге жақын, ел сыйлаған жандар еді. Ал нағашы жағыма келсек, жыраулық пен ақындық дәстүрдің тамыры тереңге кеткен әулеттенмін. Бала күнімнен оқуға, ізденуге құштар болдым. Өмірімді сүйікті мамандығыма – педагогика мен ғылымға арнадым. Ғылыми еңбектерім мен әдістемелік мақалаларым республикалық басылымдарда жарияланып келеді. Мен үшін ұстаздық – мамандық қана емес, өмірлік ұстаным. Ал өзім ұзақ жылдар жинаған 3500-ге жуық кітабымды Белсенді ұзақ өмір сүру орталығына сыйға тарттым. Бұл – жас ұрпақтың рухани дамуына қосқан үлесім деп білемін, – деп ағынан ақтарылды Маржан Бектұрсынқызы.
Ал кеш соңында автордың «Табиғат, тұлға, тарих» атты жаңа кітабының тұсаукесері өтіп, көпшілік тағы бір тың туындының өмірге келгеніне куә болды.
Шапағат ӘБДІР



