Ел тынысы

Қалалық ұлттық киімдер шеруіне қатысты

Астана қаласында «Наурызнама – Ұлттық киім күні» аясында «Қазақтың ұлттық киімі – ұлттың мәдени құндылығы» тақырыбында қалалық шеру ұйымдастырылды. Іс-шараның негізгі мақсаты – халқымыздың дәстүрлі киімдерін, ұлттық мәдениеті мен құндылықтарын кеңінен насихаттау.

Мерекелік шеруге ұлттық киім киген «Ауыл» партиясы Астана қалалық филиалының мүшелері, «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығының Есіл ауданы бойынша зейнеткерлері мен партияның Жастар қанаты қатысты. Қатысушылар Дінмұхамед Қонаев көшесі бойымен жүріп, ұлттық нақыштағы әндер шырқап, Наурыз жырларын орындады.

— Шараға 200-ге жуық жастар мен қариялар қатысып, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге өз үлестерін қосты. Ата-әжелеріміз бен жастар қала тұрғындарына ақ тілектерін арнап, ұлттық өнер мен салт-дәстүрдің сабақтастығын көрсетті. Сонымен қатар, шара аясында қатысушылар тұрғындарға қазақ халқының ұлттық тағамдары – бауырсақ, құрт-ірімшік және қымыз ұсынып, мерекелік көңіл-күймен бөлісті. Ұлттық киім – ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүріміздің, мәдениетіміз бен ұлттық болмысымыздың ажырамас бөлігі. Бұл күнді ел бірлігін нығайтып, жастарды ұлттық құндылықтарды құрметтеуге үндейтін тағылымды шара ретінде атап өттік, -деді «Ауыл» партиясы Астана қалалық филиалының төрағасы Ұлан Әбдіханов.

Шеру барысында қатысушылар «Бәйтерек» монументіне аялдап, дәстүрлі әндерді шырқап, би билеп, астаналық ағайынға мерекелік көңіл-күй сыйлады. Іс-шара бұдан соң «Хан Шатыр» ойын-сауық орталығында жалғасын тапты.

Асантемір ҚАРШЫҒАҰЛЫ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button