Қала күніне – кітап мерекесі

«Жетісу» саябағында Qala fest кітап жәрмеңке-фестивалі өтті. Фестиваль аясында кітап алмасу ұйымдастырылып, қатысушылар қазақ тілінде 500-ге жуық кітап әкелді. Мұның басым бөлігі – қазақ әдебиеті мен әлемдік классика туындылары.
Сонымен қатар «Таза Қазақстан» ауқымды экология бастамасы аясында арнайы қабылдау автоматтары – фандоматтар арқылы пластик бөтелкелерді, алюминий банкаларды және басқа да бос ыдыстарды тапсыруға мүмкіндік болды. Оның орнына сыйлықтар, бонустар, купондар мен тауарлар және қызметтерге жеңілдіктер берілді. Кейін бұл пластиктер сұрыптау және қайта өңдеу зауыттарына жеткізіледі. Qala fest фестивалі ашық аспан астындағы мерекелік концертпен аяқталды.
Қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі «Kitaphana fest» жобасы аясында Астана күніне орай «Жұлдызы жарқыраған Астана» атты кітап фестивалін ұйымдастырды. Іс-шараға Парламент Мәжілісінің депутаты Дәулет Мұқаев, мемлекет және қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы, медиаменеджер, тележүргізуші Гүлмира Дайрабай қатысып, жобаға өз қолдауын білдірді. Фестиваль барысында белгілі қаламгерлер Олжас Қасым мен Әсет Сәдуақасовтың жаңа туындыларының тұсаукесері өтті. Қалалық 22 кітапхана жазғы маусымға арналған үйірмелер мен көрмелерін таныстырды. Әртүрлі бағыттағы шығармашылық шеберлік сағаттары мен кітап инсталляциялары, әдеби ойын алаңдары қала тұрғындарына ерекше көңіл күй сыйлады. Кеш барысында Жастар театрының актерлері өлеңдер оқыды.