Басты ақпаратЕлорда тынысы

Қала көркі – саябақ

Елорданың ажарын ашып, сәнін келтіріп тұрған нысандардың бірі – саябақтар. Қала тұрғындары мен қонақтары демалыс уақытын саябақтарда өткізсе, сан алуан бұқаралық іс-шара да осында ұйымдастырылады. Сондықтан саябақтардың инфрақұрылымын дамытуға ерекше талап қойылады. Астана қаласы мәслихатының депутаттар тобы қаладағы бірнеше саябақтың жұмысына мониторинг жүргізді.

Бюджет қаражатын пайдала­нудың тиімділігін бақылау мақсатында Астана қаласы мәслихатының төрағасы Табиғат Зейнұлқабден бастаған депутаттар қоғамдық кеңістіктерге, саябақтар мен алаңдарға көшпелі мониторинг жүргізді.

Қалалық мәслихат депутаты ­Бауыржан Смайыловтың айтуынша, мұндай іс-шаралар орындалған жұмыстардың бұрын бекітілген жоспарларға сәйкестігін тексеруге ғана емес, сонымен қатар қала тұрғындарының пікірлерін тыңдауға, жергілікті жерлерде бар проблемаларды анықтауға және оларға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.

Алғашқы нысан Ататүрік атындағы саябақ болды. Депутаттар үшін соңғы жылдары жаңғыртылған сая­бақ инфрақұрылымының, атап айт­қанда, жаяу жүргіншілер жолдарының, жарықтандырудың, жасыл желектің, орындықтардың және демалыс алаңының ағымдағы жағдайын бағалау маңызды. Аралау барысында саябақта, әсіресе кешкі уақытта қауіпсіздікті қамтамасыз ету және бейнебақылау камераларының жеткіліктілігі мәселесі талқыланды. Пандустар мен навигация көрсеткіштерін қоса алғанда, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолжетімділікті жақсарту бойынша ұсыныстар айтылды.

«Жетісу» саябағында абаттандыру сапасына, аумақты күтіп ұстау мәселесіне ерекше назар аударылды. Сонда депутаттар қурап қалған жасыл желектің жағдайын, кейбір аймақтарда қоқыс жәшіктерінің болмауын талқылап, оларға тұрғындар жақын жерде орналасқан ойын-сауық нысандарының тыныштықты бұзатынына шағымданды.

Мәслихат депутаттары қаланың қоғамдық кеңістіктері үшін дизайн және қызмет көрсету бөлігінде бірыңғай стандартты әзірлеу қажеттілігін айтты. «Мұндай нысандар қағаз жүзінде абаттандырылып қана қоймай, тұрғындарға іс жүзінде қызмет етіп, жайлы, қауіпсіз және құрылғылары пайдалануға мықты болуы маңызды» дейді қалалық мәслихат депутаты ­Бауыржан ­Смайылов.

Аралау қорытындысында мәслихаттың алдағы отырыстарында қала тұрғындары басымдық беріп жатқан мәселелер мен нақты қажеттіліктер ескеріледі. Қоғамдық кеңістіктерді жақсартуға бағытталған бюджеттік шығыстар бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар талқыланады.

 

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button