Қала көліктері жаңғыртылады

Мәслихат депутаттары Индустриалдық парк №1 аумағындағы құрылыс алаңына барып қайтты. Мұнда елорда үшін маңызды жоба – бірінші автобус паркіне арналған газ және дизель отынымен жүретін автобустарға тұрақ пен ангарлар салу жүзеге асырылуда.
«Бұл жерде заманауи инфрақұрылым құрылады: 300 газбен жүретін автобусқа арналған тұрақ, оларды күтіп-ұстауға арналған ангарлар және сағатына 55 автобусқа 15 колонкалы газ толтыратын компрессорлық станция іске қосылады. Жоба аясында 35 жаңа жұмыс орны ашылады. Құрылысты биыл аяқтау жоспарланып отыр.
Бұған дейін елорда мәслихатының депутаттары мемлекеттік органдар өкілдерімен бірге Қытай Халық Республикасының бірқатар компанияларына іссапармен барған болатын. Сапар қорытындысы бойынша экологиялық әрі үнемді газ отынымен жүретін 300 жаңа Yutong автобустарын елордаға жеткізу жөнінде шешім қабылданды. Олар осы жылы келеді деп күтілуде.
Мәслихат отырысында депутаттар корпусы ұсынған бастаманың арқасында дәл осы газ қондырғысы бар көлік түрі қолдау тапты. Астана автобустар зауытымен 5 жылдан астам уақыт бойы серіктестік орнатып келеді және олардың техникасы қала тұрғындары мен қонақтары тарапынан оң бағасын алып үлгерді» деп жазды Астана қаласы мәслихатының төрағасы Табиғат Зейнұлқабден Фб парақшасында.