
Астанада көрнекті ғалым, абайтанушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қайым Мұхамедхановтың туғанына 110 жыл толуына арналған іс-шаралар өтті. Ұлттық академиялық кітапханада «Қайым Мұхамедханов – адал азамат, тарихи тұлға» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылса, қалалық Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің №12 көпшілік кітапханасы «Ғалым. Қайраткер. Тұлға» атауымен әдеби кездесу ұйымдастырды.
Белгілі қоғам және мемлекет қайраткерлері, алаштанушы ғалымдар, зиялы қауым өкілдері, Әзербайжан, Башқұртстан және Татарстан ғалымдары қатысқан конференция аясында «Қайым Мұхамедханов: тағдыр, тағылым, тұлға» атты кітап көрмесі ұсынылды. Мәдениет және ақпарат министрлігі Кітап ісі басқармасының басшысы Алмаз Мырзахмет ашып берген іс-шара «Алаштың ізбасары», «Қайым Мұхамедханов және халықаралық әдеби-ғылыми байланыстар», «Қайым Мұхамедханов тұлғасы және «Адал азамат» тәрбиесінің өзектілігі», «Қайым Мұхамедхановтың рухани және ғылыми мұрасы» атты бірнеше бөлімге бөлінді.
Бірінші бөлімде академик, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ғарифолла Есім «Менің ұстазым Қайым Мұхамедханов» атты баяндамасында ғалымның адамдық болмысы мен ұстаздық өнегесін тебірене жеткізіп, Қайым тұлғасы арқылы ХХ ғасырдағы ұлттық ой-сана эволюциясы көрініс тапқанын атап өтті.
Алаштанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы Тұрсын Жұртбай «Қайымның қиямет қайымы» тақырыбында әңгіме өрбітіп, сталиндік қуғын-сүргін кезеңіндегі ғалымның қайсарлығы мен ғылыми адалдығын тарихи деректер негізінде саралады.
«Қайым Мұхамедханов атындағы Білім және мәдениет орталығы» қоғамдық ұйымының директоры, PhD докторы Дина Мұхамедхан Қайым тұлғасы мен мұрасының қазіргі заман үшін маңызы туралы сөз сөйледі. Филология ғылымдарының докторы Айгүл Ісмақова Қайымды алаштанушы, абайтанушы, әуезовтанушы ретінде кешенді ғылыми феномен деп бағалады.
Екінші бөлімде белгілі журналист, философия ғылымдарының докторы Махат Садық «Қайым және Ватикан» атты тың тақырыпта баяндама жасап, ғалымның тарихи-мәдени зерттеу көкжиегін кеңейтті. Жас ғалым Данияр Ықсан Міржақып Дулатұлы мен Қайым Мұхамедхановтың үндестігі төңірегінде ой қозғады. Филология ғылымдарының докторы Сағымбай Жүмағұлов Қайымның абайтанушы ретіндегі еңбегін сараласа, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы «Абай академиясы» ғылыми зерттеу институтының директоры, филология ғылымдарының кандидаты Жандос Әубәкір Қайымның Абайдың ақындық мектебін зерттеуіне тоқталды. Ақын, абайтанушы Алмахан Мұхаметқалиқызы Қайым Мұхамедхановтың Абай музейін ұйымдастыруға қосқан үлкен үлесі жайында айтты.
Ал №12 көпшілік кітапхана оқырмандары Тұрсын Жұртбай мен Алмахан Мұхаметқалиқызымен кездесіп, Қайым Мұхамедханов туралы әңгімелерін тыңдады. Іс-шарада Қайым туралы бейнебаян көрсетіліп, көрме қойылды. Қатысушылар қонақтарға сұрақтарды қойды.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ



