Қайтуы жоқ сапарға айналған шетелдік білім

Кейінгі жылдары Қазақстанда баласын шетелде оқытуға немесе шетелге біржола көшіруге бар күшін салатын ата-ана көбейіп келеді. Бұл үрдіс тек қалталы ортада ғана емес, орта тап пен тұрмысы төмен отбасылар арасында да байқалуда. Көп жағдайда ата-ана баласының болашағы үшін үйін сатып, несиеге батып, тұрмыстық тұрақтылығын тәуекелге тігеді. Соның салдарынан баласының болашағы үшін қарызға белшесінен батқан отбасылар саны артып, кейбірі бірнеше жыл бойы қиналып, тіпті үйсіз-күйсіз қалады. Шетелде оқып, сол елде қалып, басқа ұлттың етегінен ұстап, шаңырақ көтерген жастар да аз емес…
«Ұлымды Жапонияға оқуға жіберу үшін ипотекаға алған үйімді саттым» дейді Қайрат есімді азамат. Бұл – жалғыз Қайраттың ғана басындағы жағдай емес. Мұндай мысалдарды ауылдан да, қаладан да көптеп кездестіруге болады. Бұрын байлар баласын шетелден оқытуды сән көрсе, қазір екінің бірі, егіздің сыңарының баласын шетелден оқытуға аңсары ауған. Жерін сатқан, көлігін өткізген, несиесін қайта-қайта «рефинанс» еткен жандардың бар арманы – бала шетелден білім алып, жақсы ақша тапса екен деген тілек. Бірақ бұл үміт көбіне қайтарымсыз кететін инвестицияға айналып отыр. Оқуға кеткен баланың дені туған елге оралмайды. Оралған күннің өзінде, алған білімі ел ішінде қажет болмай, мамандығына сай жұмыс таба алмай, тағы да шетелге кетудің жолын іздейді. Сөйтіп бұл оқу көп отбасы үшін «қайтарымсыз билетке» айналады – бала кетеді, ал ата-ана туған елде қолғанатсыз қалады. Ендеше, неліктен бұл құбылыс жиіледі?
Біріншіден, еліміздегі білім жүйесіне сенімнің азаюы. ЖОО-лардың сапасына, дипломның құндылығына, мамандықтың нарықтағы өтімділігіне күмән көбейді. Яғни сапалы білім тұрғысынан алғанда, әлемдегі үздік университеттер – АҚШ, Ұлыбритания, Канада, Аустралия секілді елдерде. Жастар сол оқу орындарынан сапалы білім алып, жаһандық деңгейде бәсекеге қабілетті болғысы келеді. «Болашақ» сияқты бағдарламалар және басқа да халықаралық стипендиялар ағылшын тілін меңгерген жастар үшін мол мүмкіндік туғызады. Жастар ағылшын тілін үйрену арқылы әлеммен байланыс орнатқысы келеді. Шетелге барған немесе шетелдік өмір салтымен танысқан жастардың әсері де басқашалау болуы мүмкін.
Екіншіден, еңбек нарығындағы әділетсіздік. Байланыс, пара, «таныс арқылы» жұмысқа тұру – жас мамандардың сағын сындырады. Ал саяси тұрғыдан кейбір жастар батыс елдеріндегі еркін пікір, ашық қоғам моделіне қызығады.
Үшіншіден, экономикалық себеп. Қазақстандағы орташа жалақы шетелмен салыстырғанда төмен. Жастар еңбекке лайықты ақы алғысы келеді. Ел ішіндегі жұмыссыздық пен таныс арқылы жұмысқа тұру проблемасы жастарды үмітін үзуге итермелейді.
Қысқасы, Қазақстандағы болашақ туралы үміттің көмескі тартуы – шетелге аңсары ауудағы басты факторлардың бірі. Кей жастар ата-анасына, бауырларына көмектесу үшін шетелде жұмыс істеп ақша жібергісі келеді. Бұл жағдай бірнеше тұрғыдан қауіпті:
Ең бастысы, кей ата-ана шынайы мүмкіндігі мен әлеуметтік мәртебесін салыстырмайды. Өйткені, жергілікті жерде де сапалы білім алуға болады. Шетелде оқу – тек оқу ақысы емес, сонымен бірге өмір сүру шығыны, тілдік бейімделу, менталдық күйзеліс, жалғыздық және т. б. қиындықтар бар. Барын сатып, қарызданып жіберген жастардың көбі кейін ата-анасына көмектесе алмай, өзі де тығырыққа тіреліп қалуы мүмкін.
Қоғамдық психоз, «бәрі кетіп жатыр» деген көзқарас басым. Қазір кей отбасылар жұрттан қалмау үшін көшуге немесе оқытуға тырысады. Бұл – шын мәнінде тұлғалық емес, топтық шешім. Бірі көшкен соң, екіншісі де солай істеуге мәжбүр сезінеді.
Ұлттық ресурстың сыртқа ағу қаупі бар. Кедей де, бай да елден кетуге ұмтылса, ел ішіндегі интеллектуалдық және адами капитал азаяды. Көшкендер де, кеткен соң артында күтімге мұқтаж ата-анасын, кең даласын, тілі мен ділін қалдырып кетеді. Бұл – ұлттық тұтастыққа қауіп.
Шетелде бәрі «жасыл» емес. Шетелге кету – табысқа жету емес. Жастар ақша үшін қара жұмыс істеп, мамандығына сай келмейтін тірлікпен айналысып жүр. Көбі уақытша статуспен, арзан жұмыс күші ретінде өмір сүруде. Эмоциялық және мәдени шеттетілу салдарынан өзін жоғалтып алатындар да бар.
Қорытып айтқанда, қазақстандық ата-аналардың баласына жасаған инвестициясы – бұрын ел ішінен білім беру, тұрмысын түзеу болса, енді елден тыс жерге жол ашу болып тұр. Бұл – қауіпті үрдіс. Себебі ел болашағы – елде қалатын жастарға ғана байланысты. Сондықтан, ата-аналар баланың қабілеті мен қызығушылығын ескере отырып шешім қабылдауы, «жұрт не дейді» емес, өз жағдайына сай жолды таңдауы; шетелге кету – соңғы мүмкіндік емес, бір ғана жол екенін түсінуі қажет.
Біздің бұл тақырыпты қаузаудағы басты мақсат та ата-аналарды кінәлау емес. Олар – өз баласының қамын жеген қамқор жандар. Мәселе – сол ата-анаға ел ішінде баласының болашағын елестете алатындай орта қалыптастыра алмауда. Егер ел ішінде сапалы білім, әділ еңбек нарығы, тұрғын үйге қолжетімділік, әлеуметтік кепілдік болса – ешкім де барын салып, бөтенге телмірмес еді. Бұл да ескеретін мәселе.
Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ