Ел тынысы

Қайтарылған активтер еліміздің дамуына қалай жұмсалады?

Заңсыз иемденілген активтерді елімізге қайтару – Үкіметтің әлеуметтік нысандарға  инвестиция салудың экономикалық тәсілі ғана емес, бұл сонымен бірге әділдікті қалпына келтірудің бір қадамы болып саналады. Бір кездері мемлекеттің бақылауынан шығарылған осы қаражат арқылы бүгінде мектептер мен ауруханалар салынып, су жүйелері тартылып, сондай-ақ өңірлерге қолдау көрсету сынды қоғам алдындағы міндеттер шешіліп келеді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

Қазақстаннан заңсыз жолмен шығарылған активтерді мемлекет меншігіне қайтару мақсатында 2023 жылдың 12 шілдесінде «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заң қабылданды. Оның ережелерін іске асыру үшін басқарушы компания – «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» ЖШС құрылып, оған мемлекеттің еншісіндегі активтерді қабылдау, сақтау және сату міндеттері жүктелді.

Аталған қаражат Арнаулы мемлекеттік қорға тікелей аударылады. Қалған активтер (жылжымайтын мүлік, көлік және т.б.) ҚАБК басқаруына өтіп, сатуға қойылады. 2025 жылдың 27 маусымында Арнаулы мемлекеттік қорда жинақталған ақша 103,4 млрд теңгеге жетті. Бұл ретте жиынтық түсімдердің көлемі 433,3 млрд теңгеге, ал шығыстардың сомасы 329,9 млрд теңгеге артқанын айта кетейік.

ҚАБК қазірдің өзінде 34 млрд теңге сомаға 48 активті сатты. Актив орналасқан елдің заңнамасына сәйкес шетелде мүлікті сатуды қоса алғанда, тиісті жұмыс жалғасып жатыр. Тарихи-мәдени маңызы бар құнды нысандар (ерте темір дәуірі мен орта ғасырлардағы жәдігерлер) ғылыми зерттеулер үшін ҚР Ұлттық музейінің тұрақты коллекциясына берілді.

Жалпы сомасы 318,1 млрд теңге болатын Арнаулы мемлекеттік қордың қаражаты 406 әлеуметтік маңыздағы жобаны қаржыландыруға бағытталады. Қаржыландырудың негізгі көлемі сумен жабдықтау (160,6 млрд теңгеге 230 жоба) және денсаулық сақтау саласына (100,4 млрд теңгеге 162 жоба) жұмсалды. Сондай-ақ білім беру (24 млрд теңгеге 10 жоба) мен спорт саласындағы (33,1 млрд теңгеге 4 жоба) жобаларды да қаржыландыру жоспарланған.

Мәселен, 2025 жылдың 13 маусымында өткізілген Республикалық бюджет комиссиясының отырысында 80 млрд теңгеден астам сомаға 73 жобаны қаржыландыру мақұлданды. Оның ішінде Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің бағытына байланысты, атап айтқанда 63 жоба еліміздің қалалары мен ауылды елді мекендеріндегі сумен жабдықтау жүйелерін дамытуға бағытталды. Тек Абай, Ақмола, Жамбыл, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және басқа облыстардың ауылды жерлерінде 50-ден астам нысан жаңғыртылатын болады. Бұдан басқа Су ресурстары және ирригация министрлігінің Түркістан, Ақмола, Атырау, БҚО және СҚО-да 30 млрд теңгеге жуық қаражатқа топтық су құбырларын салу мен жаңартуға қатысты 8 жобасын іске асыруға қаржылай қолдау көрсетіледі. Сонымен қатар Қостанай облысында Ғылым және жоғары білім министрлігінің 1 жобасы (Арқалықтағы инфрақұрылымды дамытуға арналған ғимаратты 1,9 млрд теңгеден астам сомаға жаңғырту) мен Туризм және спорт министрлігінің 1 жобасы (Көкшетау қаласында 12,6 млрд теңгеден астам сомаға көпфункционалды кешен салу) қолдау тапты.

Түйіндейтін болсақ, бұл бағытта халықтың өмірін жақсартатын жобаларға басымдық берілетін болады. Мемлекеттің қаражатын атаулы түрде пайдалану әлеуметтік жағдайды жақсартумен бірге Қазақстанның ұзақмерзімді дамуына жол ашатынын айта кеткен орынды.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button