Қайсар қайраткер еді

Үстіміздегі жылдың 22 маусымы күні көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Еркін Нұржанұлының туғанына 95 жыл толуына орай 1985 жылдың 22 қаңтарынан 1989 жылғы шілденің 25-іне дейін Қызылорда облыстық партия комитетінде үгіт-насихат бөлімі меңгерушісінің орынбасары, соңыра меңгерушісі ретінде тікелей қызметтес болғандықтан қолыма қалам алып отырмын.
Республиканың ауыл шаруашылығы жүйесінде, Көкшетау, Торғай облыстарын басқарып, Сыр бойына үлкен дайындықпен келген, өзін бірінші хатшы етіп бекіткен, 1985 жылдың 22 қаңтарында өткен Қызылорда облыстық партия комитетінің VII пленум мүшелері Еркін Нұржанұлын ерекше қабылдады. Бұған шын жүректен ризашылық сезімін білдіре отырып, Ерекең Қызылорда облысының экономикасы мен мәдениетінің дамуы, гүлденуі мен оның республикада өзінің атына лайықты орын алуы, алда тұрған үлкен де жауапты міндеттерді шешу, жаңа белестерге шығуы үшін бар күш-жігерін, білімін еш аямайтынын танытты. Облыстың өзіндік ерекшелігі мен жағдайын ескеріп және алда тұрған маңызды әрі ерекше міндеттерді терең түсініп, үлкен жауапкершілік сезіммен жүзеге асыруға тырысатынын білдірді. «Бүгіннен бастап сіздердің қатарларыңызда боламын» дегені қызыл сөз емес, шынайы ықыласы болатын. Оны облыстағы өмірі мен сан салалы қызметі толық дәлелдеді. Ерекең уәде үдесінен шыға білді. Ел де жаңылған жоқ.
Еркін Нұржанұлы өзіне тән іскерлікпен, қажырмен, ерекше дарынмен жаңа облыстағы тірлікке құлшына кірісті. Ең алдымен облыстың әлеуметтік-экономикалық жағдайына терең талдау жасады. Негізінен, ауыл шаруашылығы бағытында ғана дамып келе жатқан облыстың республика деңгейінен кенже келе жатқанынан мына фактілер дәлел бола алады. Облыста шығарылған өндіріс өнімінің көлемі республика көрсеткішінің бір пайызына да жетпейтін. Еңбек ресурстарының төрттен бір бөлігі пайдаланылмады. Әрбір еңбеккердің реалды табысы Қазақстанның орташа көрсеткішінен 1,5 есе кем болды. Тұрғындардың азық-түлік өнімдерін пайдалануы да төмен еді. 1984 жылы облыс халқы, Ленинскіні қоспағанда, 30 келі ет жеді, ал тиісті норма 65 келі болатын. Осындай облысты тығырықтардан шығарудың сан салалы тиімді жолдарын жалықпай іздеді. Тапты. Сыр бойына Мәскеудің назарын бұрып, аймақ үшін маңызды-маңызды 5 қаулы-қарар қабылдатқызды. Оның ішінде мынандай бірер құжатты атай кеткен артық болмас: 1986 жылғы 25 желтоқсанда КСРО Министрлер Кеңесінің «Қазақ КСР Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуын жеделдету шаралары туралы», 1988 жылы 19 қыркүйекте СОКП Орталық Комитеті мен КСРО Министрлер Кеңесінің «Арал теңізі аймағындағы экологиялық және санитарлық жағдайды түбегейлі жақсарту шаралары, осы бассейндегі су және жер ресурстарын пайдалану мен қорғауды күшейтудің тиімділігін көтеру туралы» қаулылар.
Облыста республикалық деңгейде жиын өткізіп, оған көрші республика басшыларын қатыстырып, Арал қасіретін айқындай түскен болатын. Осындай қажырлы жұмыстардың арқасында Арал теңізінің проблемасы бүкілодақтық деңгейге шығып, өңір «экологиялық апат аймағы» деген мәртебеге ие болды. Бұл белгілі жағдайда еңбек адамының жалақысына 15 пайыздық қосымша үлес әкелді. Облыстың үшінші категориядан екіншіге өтуі де елеулі оқиға еді.
Жезқазған өңіріне жататын «Құмкөл» мұнай кенішіне қарасты аймақты Еркін Нұржанұлының облыстың пайдалануына ұзақ жылға жалға алу туралы келісімге қол жеткізуінің Сыр бойы халқының әл-ауқатын, тұрмыс-тіршілігін көтеруге қаншалықты пайдасы болғанын қазір дәлелдеп жатудың өзі артық. Облыста мұнай өнімін өндіру үшін геологиялық барлау жұмысы тиянақты жүргізіліп, 1988 жылы алғашқы өнімге қол жеткізілді. Сол кездері іске кіріскен, өңірдің экономикасында өзіндік оны бар «Шалқия» кенішін, аэропорт, жүздеген тұрғын үй, т. б. деп жалғастыра беруге болады. Иә, айта берсең, толып жатыр. Осыларды жүзеге асыру тек Ерекең сияқты ерлердің ғана қолынан келетін еді. Мұның бәрі жұртшылықтың көңіл күйін де ерекше көтергені белгілі.
Ол кадр саясатына ерекше көңіл бөліп, бұл мәселе арнайы облыстық партия комитетінің пленумында қаралды. Кадрлар арасындағы парақорлық, пайдакүнемдік, жағымпаздық, қоғам мүлкін талан-таражға салу, жағымсыз қылыққа бейімделе қою, өз абыройын өзі түсіру қатты сынға ұшырады. Салтанатшылдықпен, жетістіктерді далитып көрсету, кемшіліктерді жасыру фактілерімен аяусыз күрес жүрді. Тәртіп бұзушыларға жариялылық жасалып, сын және өзара сынның дамуы үшін объективті жағдай жасалды. Төменнен бақылау күшейді. Алғашқы екі жылда 200-ден астам облыстық, қалалық, аудандық партия комитеттерінің номенклатурасындағы басшы кадрлардың жұмыстан босауы бұған дәлел бола алады. Бірақ ешкімге артық қиянат жасаған да, жасаттырған да емес.
Тарих талай дәлелдеген халық арасында болу оны басқарудың төте жолына апаратынын жақсы білген Ерекең облыс алдындағы міндеттерді жүзеге асыру бағытында көпшілік арасында көбірек болып, облыстың жағдайын тереңірек білуге, өз мақсатын кеңінен түсіндіруге тырысты. Бұл үшін сол кездері қалыптасқан жұмыс нысандарын тиімді пайдалануға ұмтылды. Өзі сайланған қаңтар айынан жыл аяғына дейін 50-ден астам кездесуде болып, сөз сөйледі. Әр айдың бесінші жұма күндері «Бірыңғай саяси күндер» және ай сайын «Малшылар күні», сондай ақ «Ашық есік күндері» өтіп, барлық аудандық, облыстың деңгейдегі бірінші басшылар еңбек ұжымдарында болып, жағдаймен танысып, жұртшылық алдында есеп беріп жүрді. Осылай халықпен, активпен жолығудың түрлі жолын, өңірді басқарудың өзіндік жаңаша стилін енгізіп, жаңа амал-тәсілдерді қалыптастырды.
Облысқа жаңа басшының келуімен сан жылғы тоқыраудан шаршаған халықтың арыз-шағымы обкомға қардай борады. Мысалы, 1985 жылы өткен жылмен салыстырғанда шағымданушылар қатары 4,4 есе көбейді. Жұртшылық үніне сергек Ерекең бір арызды толық оқымай, ешкімге тапсырма бермейтін. Оны арыздардағы негізгі мәселелердің асты қара сиямен сызылғанынан байқайтынбыз. Мәселелері жергілікті жерде шешіліп жатқан соң жұртшылық Мәскеу, Алматыға хат жолдауды күрт азайтты. Арыздардың басым көпшілігі шешімін тауып жатты. Оны үгіт-насихат бөліміне қатысты хаттардан байқадым. Әрине, осы сәтті пайдаланып қалғысы келгендер де болмай қалмады. Алайда олар дегеніне жете алмады.
Еркін Нұржанұлы намысшыл басшы еді. Әсіресе, облысқа қатысты мәселеге аса жауапкершілікпен қарайтын. Өзі көбіне заман талабына сай орысша сөйлеп жүргенімен, ұлттық қасиеті басым, халықшыл қайраткер болатын. Ол кезде қазақтың орысша сөйлеуіне жұртшылық елең ете қоймайтын. Мұндай сәнді бұзғысы келмей жүргендер әлі баршылық қой. Бірақ Ере-кеңнің ұлттық рухы биік екені, азаматтық намысы айқын байқалатын.
Берісі облыс, әрісі республика үшін жер кіндігі Төретам өңірі әскери, ғылыми-техникалық сынақ полигоны болып, табиғаттағы тепе-теңдікке әсер еткені белгілі. Бірақ мұны Сырға келген мәскеуліктер көріп, біліп жүрсе де мойындай қоймады. Орталық, негізінен, әскерилердің жағдайын жасап, жергілікті халықпен санаспады. Сондай фактілердің бірі Байқоңырдағы әскерилер канализацияның суын Сырдария өзеніне ағызып жібергенде, Ерекең Мәскеуден, Ленинскіден шақыртқан кеудесіне нан пісетін генералдарды қабылдау бөлмесіне топырлатып қойған болатын. Бұл мәселе арнайы обкомның бюросында қаралып, оған Мәскеуден келген комиссия да қатысты.
Әділетсіздікке қасқайып қарсы тұратын, өзінің адами, өршіл тамаша қасиеттерімен көптеген замандасынан жоғары тұрған, биік мінбелерде лауазыммен есептесе бермейтін Ерекеңнің тұлғасында адалдық пен әділеттік ерекше байқалатын.
Ұлт қайраткері Мұстафа Шоқай оқыған, тәрбие көрген адамның барлығы зиялы емес, белгілі бір мұрат-мақсаттардың соңында жүрген жəне сол белгілі мұрат-мақсаттар төңірегіне жиналғандарды ғана зиялы, ал ұлттық зиялылар қатарына тек өз халқының саяси, экономикалық жəне əлеуметтік дамуына қалтқысыз қызмет ете алатын адамдар ғана кіре алады деген болатын. Осылай ойлай алсақ, зиялылықты мемлекеттік деңгейге көтерген қайсар қайраткер, адал басшы Еркін Нұржанұлы Әуелбеков туралы сөзімді қазақтың айтулы ақыны Кәкімбек Салықовтың мына өлең жолдарымен аяқтағым келеді:
Ер еді ғой
Еңбек етсе міні жоқ,
Қатал деме,
Еккен нәзік гүлі көп.
Сан айқасқа атой
салып кірісті,
Ары таза кемеңгердің
бірі боп…
Ерекең туралы бұдан артық айту қиын да шығар.
Әбдіжәлел БӘКІР,
саяси ғылымдар докторы,
профессор