Қайраткер зейнеткер

Зейнетке шыққан соң өмір тоқтамайды. Бұған ұлағатты ұстаз, білім саласының үздігі, қоғам қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, бүгіндері 90 жастың төріне жақындаса да, сергектігінен айнымаған Еркін Дәуешұлының істеген, әлі де атқарып жатқан істері айқын дәлел.
Кезінде бұл кісі ұстаздықтан бастап, жоғары лауызымды қызметтерді атқарды. Атап айтқанда, қарапайым мұғалім, мектеп директоры, Сілеті аудандық партия комитеті идеология бөлімінің, Ақкөл аудандық білім бөлімінің басшысы болды. Осы ғасырдың басында зейнетке шықты. Бірақ сонда да еңбек етуді қойған жоқ. Астана қаласындағы Қарттар үйіне педагог-психолог болып орналасты. Бұл салада 14 жылдай еңбек етті. Қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандардың жабырқаған көңілін демеп, туындаған мәселелерін шешті. Сол еңбегі арқылы еліміздегі әлеуметтік саладағы тұңғыш психолог атанды. Зейнет жасында «Құрмет» орденімен марапатталды.
Еркін Дәуешұлы – басылымымыздың белсенді авторы. Қаламды өміріне серік еткен жан Ақмола өңіріне еңбегі сіңген азаматтар, өзекті мәселелер жөнінде жазады. Бүгіндері Астана қаласы Ардагерлер кеңесінің медиатоп мүшесі ретінде Қасым Тәукенов, Светлана Жалмағамбетова, Зейнолла Шібкенов, Кенжеболат Бәпішев, Мұхтар Еркетаев, т. б. осындай тұлғалар жөнінде мақалалары жарық көрді. Кезінде «халық жауы» болып сотталған Бәуке Құлмағамбетовтің ақталуына тікелей үлес қосты.
Еркін ақсақалдың әсіресе осы өлкеден шыққан Алаш рухты жазушы Жайық Бектұров, Кеңес Одағының Батыры, Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі, Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетов, мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Тәшенев есімдері мен еңбегін насихаттауға қосқан үлесі үлкен. Соның ішінде Жайық Бектұровтың аты қаламгер туған Ақкөл қаласындағы бір көшеге және жалғыз қазақ мектебіне берілуіне мұрындық болды. «Жаны жайсаң Жайық аға» атты кітап шығарды.
«Астана-Бурабай» тасжолының бойында Еңбек ауылы бар. Соның тұсынан өтетін жолаушылар бұл ауылда Сағадат Нұрмағамбетовтей батыр туғанын білсін деп билборд орнатқызды. Мәдениет үйінің екінші қабатынан музейін ашқызды. Ақкөл қаласындағы саябаққа батырдың ескерткішін, Еңбек ауылындағы саябаққа мүсінін қойғызды. Еркін Дәуешұлының еңбегінің арқасында мектеп пен Мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтіп, ауылға кіретін жолдар жөнделіп, көшелер жарықтандырылды.
Еркін ақсақалдың пікірінше, Жұмабек Тәшенев тарихтан әлі де өзінің лайықты орнын алған жоқ. Қарт қаламгер осы мәселені көтеріп, бірнеше мақала жазды. Соның ішінде Жұмабек Ахметұлына Халық қаһарманы атағын беруді, Аршалы ауданын оның атымен атау мәселелерін көтерді. Қазір ұсыныстары шешімін тапса екен деп жүр. Сондай-ақ өзінің кіндік қаны тамған Амангелді ауылының болашағына алаңдайды. Бұл ауылдың құрылғанына 3 жылдан кейін бір ғасыр толады екен. Бірақ қазір 40 шақты ғана отбасы қалған. Қос қабатты мектебінде небәрі 30 оқушы ғана оқиды. «Мектеп жабылса, тұрғындар бірте-бірте қоныс аударып, ауыл Қазақстан картасынан өшіп қалуы мүмкін» дейді ақсақал. Осыны болдырмас үшін бес адамнан тұратын бастамашы топ құрып, тиісті жұмыстармен айналысып жатыр.
«Президентіміздің әртүрлі жиындарда қойған тапсырмаларын Үкімет пен жергілікті билік орындап, еліміз қуатты, халқымыз бай болсын!» деген ақ ниетті ақсақалдың тілегіне біз де қосыламыз.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ