Басты ақпаратРуханият

Қайраткер. Тұлға. Елші

24 қаңтар – сенбі күні елордадағы Нәзір Төреқұлов атындағы №35 мектеп-лицейде көрнекті қайраткердің мұражайы ашылып, кеуде мүсіні қойылады. Осыған орай қазақтан шыққан тұңғыш елшінің ғұмыр жолына үңілдік. Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, дипломат, ғалым Нәзір Төреқұлов – өткен ғасырдың 20-жылдары жарқырап шыққан жас қазақ ұландарының шоғырындағы ең ірі тұлғалардың бірі.

Ол Түркістан өңіріндегі Қандөз ауылында туып, Ташкентте білім алып, Қоқанда мақта саудасымен айналысқан кәсіпкер Төреқұл деген қазақтың отбасында 1892 жылы дүниеге келген. Нәзір 1900-1903 жылдары Қоқандағы медреседе, 1903-1905 жылдары осындағы орыс-түзем мектебінде оқыған. 1905-1913 жылдары сондағы коммерция училищесін бітіріп, Мәскеудегі коммерция институтына оқуға түседі. Бірақ 1916 жылғы маусымның 25-індегі патша жарлығы бойынша майданның қара жұмысына алынған жерлестеріне көмек көрсету мақсатымен оқуын тастап, Батыс майданына барады. Минскіде Земство одағына нұсқаушы болып жұмысқа кіріп, тыл жұмысына алынғандарға тілмаштық қызмет көрсетіп, олардың мүддесін қорғау бағытындағы іс-шараларға белсене атсалысады. Сонда жүріп қазақ жастарының «Еркін дала» атты астыртын ұйымын құруға жетекшілік етеді. 1917 жылы Орынбордағы Бүкілқазақтық съезге Ферғанадан делегат болып қатысып, 1918 жылы Торғайда «Қазақ мұңы» газетінің редакторы, 1918-1919 жылдарда Ферғана облыстық ревком төрағасы болады. 1920 жылдың 20 наурызында Нәзір Төреқұлов оқу-ағарту комиссары болып тағайындалды. Нәзір Төреқұлұлы өте білімді, сирек болмысты тұлға еді. Нәзір аса үлкен лауазымдарда жүрген кезде де, іштей ұлт мүддесінің күрескері болып қала берді. Оны Нәзірдің Алаштың ұлы қайраткерлерімен тығыз достық байланыста болуынан аңғаруға болады. 1920 жылдың 19 шілдесінде Н.Төреқұловқа Түркістан компартиясының уақытша орталық комитетін басқару тапсырылады. Ал Шығыс халықтарының Бакуде өткен құрылтайынан оралысымен, 8 қыркүйекте Нәзірді Түркістан орталық атқару комитетінің төрағасы қызметіне сайлайды. Артынша Түркістан компартиясы орталық комитетінің төрағасы лауазымына ауысады. Ол «Қосшы» одағын құруда, үкімет басшысы ретінде жергілікті кадрларды тәрбиелеуде оларды Түркістанның жоғары оқу орындарында оқытуға жағдай жасады.

Түркістан Республикасы кеңесі ОАК төрағасы Нәзір Төреқұлов Түркістан Республикасының Маңғышлақ уезі мен Красновод уезінің №4, 5 Адай болыстарын Өзбекстан мен Түрікменстанның аумақтық бөлінісіне кіргелі тұрған жерінен тұрмыстық ерекшелігі мен этнографиялық құрамына қарай Қырғыз (Қазақ) Социалистік Кеңестік Республикасына беру керектігін дәлелдеп, 1920 жылдың 16 қазанында №341 декретімен Маңғышлақ уезі мен Адай болысын Қазақ Республикасына берілуі туралы қарарға қол қояды. Осылайша, тарихи құжатқа қол қойған Алаштың біртуар ұлының арқасында ел байлығының қомақты бөлігін иеленіп отырған кең байтақ қасиетті Маңғыстау жері бүгінде қазақтың бағына айналып отыр. Н.Төреқұлов Түркістан ОАК-нің төрағасы ретінде Түркістан халықтарының басын біріктірудегі тарихи еңбегі орасан зор. Осы кезеңде ол оқу-ағарту ісіне аса мән беріп, Ташкентте тұңғыш қазақ жоғары оқу орнын ашуға ұйытқы болды. Н.Төреқұлов жергілікті халықтардың тілдеріне мемлекеттік мәртебе берілуін, іс қағаздарының жергілікті халық тіліне көшуін, ұлттық мектептер мен кітап өнімдерінің, бұқаралық ақпарат құралдарының өсуін қолдап, бақылап отырды. Н.Төреқұлов көптеген мектептер, колледждер, газет-журналдар, жаңа баспаханалар ашуға атсалысты. Шаруаларға, дихандарға жер үлесі беріліп, ауыл шаруа­шылығын дамыту қолға алынды. Н.Төреқұлов ислам дінінің теориялық проблемаларын жетік білуінің арқасында мұсылман дінін ғайбаттаушыларға, кемсітушілерге дер кезінде жауап беріп, исламның халық өміріндегі беделінің сақталуына көп еңбек етті. Түркістан ОАК-нің төрағасы ретінде барлық мекемеде демалыс күнін жексенбіден жұмаға ауыстыру туралы және Құрбан айттың үш күнін демалыс күндері деп жариялау туралы қаулыларға қол қойды. 1921 жылы «Қызыл байрақ» журналында «Ислам және коммунизм» атты мақала жариялап, онда исламның қоғамдағы атқарып отырған рөліне оң баға берді. Сол заманда мұндай шараларға баруға түркі халықтары арасынан шыққан басшылардың біреуінің де жүрегі дауалаған емес. Н.Төреқұлов 1922-1928 жылдары Мәскеудегі Ұлттар комиссариаты жанындағы КСРО халықтарының орталық баспасын басқарды; шығыс еңбекшілерінің коммунистік университетінде дәріс оқыды; біраз уақыт осында проректорлық қызмет атқарды. Баспаны басқарған жылдары шығыс әдебиетінің асқан білгірі ретінде ғалымдық дарыны жарқырап көрінді. Н.Төреқұлов – қазақ, өзбек, тәжік тілдерін ана тілім деп білген, татар, башқұрт, қырғыз, әзербайжан тілдерінде оқыған, ағылшын, француз тілдерін білген, аз уақытта араб тілін меңгерген. 1926 жылы Бакуде өткен І түркологиялық конгрес­ке арнайы қатысып, алфавит жайында баяндама жасады. Онда латын әліпбиін қолдады. Қазақ, өзбек, тәжік тілдерінде оқулық жазды.

Н.Төреқұлов ғалым ретінде отандық тіл білімі саласына үлкен үлес қосты. Оның «Жат сөздер», «Ұлт мәселесі және мектеп», «Қазақ-қырғыз үшін жаңа әліпби» сынды еңбектері мен өзге де мақалаларында емле, әліпби, терминология жүйесі ғылыми негізде талданады. Өмірінің соңында түрік тілдерін салыс­тыра морфологиялық зерттеу жүргізді. Түрік халықтары кіндік баспасы бас редакторы кезінде 12 тілде кітап ұйымдастырып, басып шығарып отырды. Ол 1923 жылдың ақпанында Ұлт істері халық комиссариатының жанынан құрылған Орта Азияда бірыңғай латын үлгісінде жаңа әліпби жасайтын топқа төраға болып бекітіліп, түркі тілдес халықтардың ортақ әліпбиін латын әліпбиіне көшуді жақтап, араб жазуынан латыншаға көшудің қажеттігін негіздеді. Қазақ тілінде «Темірқазақ» атты журнал шығаруды ұйымдастырып, оған Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев секілді қазақ зиялыларын тартты. Мағжан Мәскеуге келгенде Жоғары әдебиет және өнер институтына түсуіне ықпал жасап, баспаға қызметке алады. Ал Әлихан Бөкейханның баспада әдеби қызметкер болып жұмыс істеуіне қолдау көрсетеді.

1928 жылы маусымда Нәзір Төреқұлұлы Сауд Арабиясында КСРО Бас консулы – Сауд Арабиясында КСРО Төтенше елшісі және Өкілетті министрі болып тағайындалады. 1930 жылдың 26 ақпанында Нәзір Төреқұлұлы Мекке қаласында корольдің ұлы Фейсал ханзадаға сенім грамотасын табыстайды. Нәзір Төреқұлов жаңа қызметін тез арада меңгеріп, жергілікті саяси қайраткерлермен, ірі саудагерлермен өзара сенімді қатынастар орната алды. Бұрын араб тілін толық білмейтін Нәзір тез арада оны меңгеріп алып, арнайы ғұламалармен дін тақырыбында еркін сөз жарыстырып, салтанатты жиында корольмен, оның төңірегіндегілермен дипломатиялық корпус атынан араб тілінде көсіле сөйлейтін дәрежеге жетті. Араб тілін жетік білуі оны еуропалық дипломаттардан жоғары қойды. Н.Төреқұловтың 1932 жылы маусымда Сауд Арабиясы королінің мұрагері Фейсал әс-Саудтың КСРО-ға 10 күндік сапарын ұйымдастыруы елшілік қызметіндегі үлкен табысы, айрықша қайраткерлігі еді. Сонымен қатар Нәзір корольдің аса ықпалды тұлғасы, Қаржы министрі Абдулла Сүлейманды КСРО-мен сауда қатынасын жасауға көндірумен бірге, кеңес өкіметінің ресми сауда өкілдігіне қойылған тыйымдарды алып тастауға қол жеткізді. Сондай-ақ денсаулық сақтау саласында жергілікті халыққа айтулы жәрдем ұйымдастырды. Осы елдегі тұңғыш АТС байланысын жүзеге асырды. Елші Нәзір Төреқұлұлы Араб түбегіне келгенде, жергілікті саяси ахуал Англиямен барынша шиеленіскен кезең еді. Мұсылман дүниесінің жан сырына қанық, хас иманды, аузы уәлі елші ғаламдық дау-дамайға батыл араласты. Оның үстіне Нәзірдің дипкорпустың дуайены (ағаман) болып тағайындалуы ағылшындармен арадағы «тарихи тартысты» өз пайдасына шешкенінің нәтижесі еді. Бұл туралы Н.Төреқұлов былай дейді: «дипкорпустағы ағалық жол үшін ағылшындармен жүргізген «тарихи тартыс» біздің пайдамызға аяқталды деуге болады. Ресми салтанаттарда мен бірінші орынға, ағылшын, сэр Андрю Риан-екінші, француз сенімді өкілі мьсе Мегре-үшінші орынға жайғасатын болды». Осы қызметте жүріп, ол әлденеше рет үлкен және кіші қажылыққа барып, мұсылмандық парызын да өтейді. Сегіз тілді еркін меңгерген Н.Төреқұлұлының жаста­йынан қалыптасқан мәмілешіл, бітімгершіл қасиеті екі елдің арасындағы дипломатиялық қатынасты биік сатыға көтереді. Нәзір елшіліктен оралғаннан кейін, біржола ғылым жолын таңдады. Журналист кәсібін өте ұнатқан ол баспагер болумен қатар, ұстаздық етті.

1937 жылдың 3 қарашасында Мәскеуде жабық сот мәжілісінде Нәзір Төреқұлұлы пантүрікшіл диверсиялық террорлық ұйымның белсенді мүшесі, Түркияның тыңшысы деп айыпталып, ату жазасына үкім шығарылды. 1958 жылы қаңтардың 28-інде КСРО Жоғарғы соты Нәзір Төреқұловтың ісін қайта қарап, толық ақтады. Қатыгез әділетсіздікке жол берген КСРО-ның басшыларына аса наразылық білдірген Сауд Арабияның корольдігі Кеңес Одағымен 50 жылдың шамасында дипломатиялық қатынасын үзді.

Өткен ғасырдың басында егемен ел болу үшін өлшеусіз еңбек еткен Нәзір Төреқұловты еліміз көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері ретінде тани бастады.

Белгілі ғалымдар Б.Кенжебаев, Т.Қожакеев, Р.Бердібай, С.Тілеуқұлов, жазушы-журналистер Ж.Арыстанов, Б.Сахабат, Ж.Әлмашұлы, т. б. Н.Төреқұлов­тың өмірі мен қызметі, шығармашылығы жайлы еңбектер жазды. 1994 жылы Түркістан қаласында ақын Н.Назаровтың басшылығымен алғаш рет «Нәзір» қоры құрылып, Нәзірдің аруағына арнап ас берілді. Исмаил Ыбырай қажының басшылығымен 1995 жылы халықаралық «Нәзір қоры» болып құрылған қор Н.Төреқұлов­тың қоғамдық-сая­си қызметін, шығармашылық мұрасын зерттеудің бірден-бір орталығына айналып, айтарлықтай жұмыс­тар атқаруда. 2007 жылы ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан қаласына арнайы барып, Н.Төреқұловтың мұражайын ашты.

Бүгінде Астана, Алматы, Шымкент, Қызылорда, Ақтау, Түркістан, Жетісай қалалары мен Шолаққорған ауылында көшелер мен мектептерге Н.Төреқұлов есімі берілген. Астана қаласындағы Н.Төреқұлов атындағы мектеп-лицейде оның мүсіні қойылып, мұражайы ашылады. Белгілі қоғам қайраткері, саясаттанушы-дипломат, ғалым Тайыр Мансұров Н.Төреқұловтың өмір жолын терең зерттеп, зерделеп, орыс, ағылшын, қазақ тілдерінде бірнеше кітап шығарды. 2004 жылы Тайыр Мансұровтың Мәскеудің «Молодая гвардия» баспасынан «ЖЗЛ» (Тамаша адамдар өмірі) сериясымен «Полпред Назир Турекулов» деген көлемді кітабы жарық көрді. Бұл жөнінде Ресейдің көрнекті мемлекет қайраткері, шығыстанушы, академик Е.Примаков былай деп баға береді: «Нәзір Төреқұлов сегіз жыл бойы (1928-1936) өз елінің Сауд Арабиясындағы лайықты өкілі бола білді, бұл – сол уақыттағы рекордтық мерзім… Н.Төреқұлов­тың еңбекқорлығы, батыл ойы, жергілікті шейхтермен қатар, «антагонистердің» – Англиядан, басқа да Батыс елдерінен келген дипломаттардың тілін тапқан шеберлігі қайран қалдырады. Өкілетті өкіл қорольмен, оның ұлдарымен де етене жақындасады. Ең ауыр тапсырманың өзін орындауға дайын тұру, туындайтын мәселелерді шын мәнінде мемлекеттік тұрғыда шешуге ұмтылу Н.Төреқұловты кеңестік «алғашқы толқын» дипломаттары арасындағы жарқын тұлғаның бірі деуге негіз береді». 2006 жылы Сауд Арабия­сы Корольдігінің Сыртқы істер министрі Сауд әл-Фейсалдың бастама етуімен Мансұровтың Нәзір Төреқұлов туралы жазған кітабы араб тіліне аударылып, Корольдікте 10 мың тиражбен басылып шықты. 2014 жылы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде дипломат Нәзір Төреқұлов және араб зерттеулері орталығы ашылды. Қазақстанда қазақ дипломатына, оның мұрасын зерттеуге арналған республикалық деңгейде ғылыми конференциялар, т. б. іс-шаралар өтіп тұрады.

Нәзір Төреқұловтың жарқын да жұлдызды ғұмыры болашақ ұрпағымыздың, ұлтымыздың рухани жетіліп, өркендеп өсуі үшін маңызы зор, тағылымы ерекше.

Қуаныш АЙТАХАНОВ,

Сенаторлар

кеңесінің мүшесі

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button