Басты ақпаратҚоғам

Қайраткер- ардагер

Астана қаласы Алматы ауданының Ардагерлер кеңесінің төрағасы, қоғам қайраткері Марат Кәрімұлы Мұстафин туралы бір үзік сыр

Ол кісіні Астана қаласының ардагерлер кеңесі ұйымдастырған әртүрлі жиындар мен шараларда көріп жүрдім. Кейіннен таныс-біліс болдық.

Марат Кәрімұлы Мұстафин 1952 жылдың 7 мамырында Қостанай облысы Жанкелді ауданының Ақкөл ауылында дүниеге келген. 1973 жылы Қазақ химия-технология инс­титутын, ал 2002 жылы Алматының экономика-статистика институтын сырттай бітірген. Сонымен қатар ол АҚШ-тың Вашингтон, Аризона штатында және Ұлыбританияның Лондон қаласында басқарушылықты жетілдіру орталықтарында да білім алған.

Марат Мұстафинді алғаш көргенімде Астанадағы Ахмет Байтұрсынов атындағы мектепте ол сахнада сөз алып, ұлт ұстазының өнегелі өмірі мен саяси қызметі, әрі шығармашылығы жайлы баяндады. Ахаңның қазақ үшін қалдырған еңбегі ұшан-теңіз деп мінберден сөйлеп тұрып: Біз ардагерлер ертеңгі болашақтың ұлтжанды болуы үшін жұмыс істеуіміз керек деп, осы мақсатты істі өзінің парызы санайтынын жеткізіп, жалынды сөздерімен біздерді қанаттандырды. Сондағы аңғарғаным, оның ұлтына деген құрметі мен сүйіспеншілігі ерекше жан екенін түсіндім. Кезінде оның білікті, білімді, қайраткер басшы болғанын естіген едім. Ол жас кезінен алдына қойған мақсатты ісін тындырмай қоймайтын, ойлаған арманын жүзеге асырмай тынбайтын қайсар азаматтығымен танылыпты.

Еңбек жолын керамзит бетон дайындайтын Есіл зауытынан бастайды. Қатардағы қарапайым инженер болып орналасады. Инженер болып жүріп-ақ ол зауытта бірден көзге түседі. Іскерлігі мен өз мамандығына деген адалдығын көрген зауыт басшылары оның тиянақты, еңбекқор екенін байқап қалады. Цех бастығы, зауыттың бас технолог қызметін атқарады. Жас маманды партия қызметке шақырып, аудандық партия комитетінің өнеркәсіп-транспорт бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындалады.

Сатылап отырып, ең соңында Марат Мұстафин осы зауыттың директоры қызметіне дейін көтеріледі. Зауытқа басшы болып келісімен біршама жаңа өзгерістер енгізіп, ұйымдастырушылық қабілеті мен іскерлігінің арқасында жұмыстың қарқынды жүруін қадағалуының барысында алдымен облыс, кейіннен республика көлеміне танылып, зауытты алдыңғы қатарға шығарады. Құрылыс индустрия саласы жағынан талай рет республиканың жеңімпазы атанып, тіпті ол басқарып отырған зауыттың аты Кеңестер Одағына  да белгілі болады.

Торғай облысы екінші рет қайта құрылғанда Марат Кәрімұлы  халықтың қолдауымен, жоғары жақтың шешімімен 1993 жылы Арқалық қаласының басшылығына, кейіннен әкімдігіне тағайындайды. Бұл қызметке келісімен Марат Мұстафин Арқалық қаласының инфрақұрылымын жетілдіруге, әлеуметтік нысандардың құрылысын жаңғыртуға және жылу орталығын қалпына келтіру, көшелерді жөндеу мен көгалдандыруға, сонымен қатар жолаушылар көліктерін реттеу тағы да басқа толып жатқан жұмыстарымен айналысады. Осы жылдары тоқырау заманының кезі емес пе? Жоқтан бар жасап, қирап қалғандарды жөндеп ретке келтіреді. Атап айтсақ, Арқалық қаласына оның қалдырған өз қолтаңбасы бар.

Осыдан кейін оның қызметтегі баспалдақтары алдында жазғанымыздай, сатылап көтеріле береді. Марат Кәрімұлы Мұстафин туған жері Торғай облысында, Арқалықта, Ақмола облысында, Астана қаласында жауапты қызметте болады. Ол қай жерде қызметте жүрсе де елдің жоғын жоқтап, үнемі халық жағында жүреді. Шешілмей жатқан мәселелерді елмен бірге шешіп отырады. Ол үш облыста Табиғи монополияларды реттеу жөніндегі департаменттің басшысы болады. Зейнет жасына шыққанға дейін ол біраз жыл Баға және монополияға қарсы саясат комитеттерінде және Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің департаменттерінде, кейіннен ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің Астана қаласы бойынша департаменттерінің басшысы қызметін атқарған.

Тағы бір айтарым, Марат Кәрімұлы – тектінің ұрпағы. Қанға біткен қасиет қай кезде де өзінің жақсы қасиетін жоғалт­пайды. Жақсы отбасында тәрбиеленіп, ата-анасының үлгі-өнегесін көрген азамат.

Әкесі Кәрім ақсақал – Торғай облысындағы атақты Тілеп қобызшы мен Аманкелді, Кейкі батырлар мен Әліби Жанкелдиннің ұрпағы. Атақты ақсақалдың 100 жас мерейтойын туған жерінде жерлестері дүркіретіп өткізген екен. Өмір бойы елде ұстаздық еткен. Білімді, парасатты, көптің сыйлысы болған. Кітапты көп оқыған, балаларын да соған үйреткен.

Марат Мұстафиннің нағашылары да тегін адамдар емес. Шақшақ Жәнібек батырдың туған ағасы Тұрлығұлдың ұрпағы Жанқожа батырдан тарайды. Анасы Нәбира – ол да ұлағатты ұстаз болып, талай шәкірт тәрбиелеген, ауылында асыл әже атанған адам. Осындай тектілерден туған ол кісінің  осал болуы мүмкін бе?

Кейін онымен жақынырақ таныстым. Оның атқарған талай   тамаша шараларының куәгері  болдым. Аудан ардагерлерінің атқарып жатқан жұмыстары жан-жақты. Қаладағы бес ауданның алды деуге болады. Жасап жатқан жұмыс­тары мен әртүрлі шараларын тіпті әлеуметтік желіден де жиі көріп тұрдым. Соның бірі Конституция күніне арналған «Ата заңым – айбыным» атты мерекелік шарасы еді. Алматы ауданындағы ардагер-зейнеткерлердің және тұрғын үйлердегі бастауыш ұйымдарының өкілдері  қатысқан Қазақстан Республикасының Конституция күніне ұйымдастырылған флэшмоб болатын. Осы шараны Астанадағы Алматы ауданының ардагерлері бар жігерімен, ерекше рухани болмысымен мазмұнды атап өтті. Қазақ елі монументінің алдына 500-ге жуық жиналған ардагер ақсақалдар мен ақ жаулықты аналар тегіс ұлттық киім киіп, Қазақстан мемлекетінің гимнін орындап тұрып, халқымыздың қастерлейтін құс патшасы Бүркіт пен алтын Күннің бейнесін жасады. Бүркіттің қос қанатын бейнелейтін екі топқа бөлінген ардагерлеріміз екі жақтан шықса, алда тұрған топ бүркіттің тұмсығын суреттеді. Ал ортада тұрған бір топ ардагерлер Күннің көрінісін сомдады. Яғни Бүркіт – еркіндіктің, батырлық пен қайсарлықтың белгісі болса, Күн – даму мен өсiп-өркендеудiң және жарқын өмiрдiң белгiсiндей әсер қалдырды.

Аудан ардагерлерінің жұмысы жайлы сұрағанымызда Марат Мұстафин мына жайларды айтып өтті: – Қазіргі уақытта Алматы ауданында 32406 зейнеткерлер болса, солардың 8000-нан астамы Алматы ауданы ардагерлер кеңесінің құрамына енген, олар 66-бастауыш ардагерлер ұйымдарына біріктірілген. Аудан ардагерлері кеңесінде Ұлы Отан соғысына қатысқан 4 майдангер, 257 тыл ардагері, 285 саяси қуғын-сүргін құрбандары, 35 адам –жалғыз­басты. Міне, осындай топпен жұмыс атқарып отырмыз. Олардың әрқайсысының өз проблемасы, шешімін таппай жатқан мәселелері бар. Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлеріміздің бірі – өткен жылы 101 жасын атап өткен атамыз Рзағұл Байкешев ақсақал. Атамыздың өмір жолы жастарымызға тәрбиелік мәні зор рухани байлық десек те болады. Ол кісі жайлы «Астана ақшамы» газетіне журналистер мақала жазып, бүгінгі ұрпаққа үлгі етті.

Ауданымызда соғыс және тыл ардагерлерінің материалдық-тұрмыстық мәселелері мен олардың осындай үлкен мереке күндері қала және аудан басшылары тарапынан әрдайым көмек көрсетіліп тұрады. Сондай-ақ аудандық ардагерлер кеңесі аудандағы әрбір ардагерлердің торқалы тойын «Астана ақшамы», «Вечерняя Астана», Қазақ радиосы және ауданымыздың чатында құттықтап тұрамыз. «Алғыс хаттар» да табыс етіледі. Лайықтылары ҚР Орталық ардагерлер кеңесінің, Қалалық ардагерлер кеңесінің, қала және аудан әкімдігінің құрмет грамоталарына ұсынылады.

Өткен жылы Алматы ауданы ардагерлер кеңесіне көп жылдар басшылық жасаған Сайлаубек Дүйсенбекұлы Байболовты 85 жасқа толған торқалы мереке күнімен аудан әкімі Рүстем Тәуекелов және Қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сансызбай Есілов құттықтады. Біз де құттықтадық. Алматы ауданы кеңесінде тұрақты жағдайда әлеуметтік-тұрмыстық мәселелелері бойынша ардагерлерді қабылдау жүргізіп отырамыз. Ардагерлер көбіне тегін тіс салдыру, санаторлық-курорттық емделу, концерттерге тегін қатысады және мерекелерде тегін азық-түлік те беріліп тұрады. Жалғызбасты қарт ардагерлердің ауласын қардан, қоқыстан тазартуға барлық бастауыш ұйымдарының төрағалары белсенділік танытуда. Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында «Елорда» халықтық хорының есептік концерті өтті. Олар өнерлерін тек елордада ғана емес, республика көлемінде көрсетіп жүр.

Марат Кәрімұлы елордадағы Қоғамдық кеңестің көп жыл мүшесі болған. Бұл – өте жауапты жұмыс. Қоғамдық кеңес қызметінің негізгі мақсаты – азаматтық қоғамның қоғамдық маңызды мәселелер бойынша пікір білдіру. Осы бағытта азаматтық қоғамның мүдделерін білдіру және республикалық және жергілікті деңгейлерде шешімдерді талқылау мен қабылдау кезінде жұртшылықтың пікірін ескеру. Орталық және жергілікті атқарушы органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының азаматтық қоғаммен өзара іс-қимыл жасауын дамыту және сонымен қатар басқару органдары қыз­метінің ашықтығын қамтамасыз ету болып табылады.

Өз әңгімесінде Қоғамдық кеңес жұмысы жайлы қайраткер-ардагер: – Халықты, яғни Астана тұрғындарын толғандырған сауалдарын назарға аламыз. Олардың өтініш-талаптарын жергілікті билік өкілдеріне жеткізіп, кейбір мәселелердің оң шешімін табуына ықпал етеміз, – дейді.

Марат Мұстафин қазіргі таңда Алматы ауданының ардагерлер кеңесінің төрағасы ретінде ғана емес, қаланың жарық, жылу беру, су мәселесі мен  табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау тақырыптары бойынша да Астананың бірнеше телеарналары дайындаған тікелей эфирлеріне қатысып, өз пікірін айтып, күрмеуі келмей жатқан жұмыстардың жүріп кетуіне кеңес беріп жатады. Кез келген тақырыпқа жауап аласың, таптырмайтын маман, өз ісінің шебері. Ол кезінде Астана қаласы бойынша Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің басшысы болғандықтан жұртшылықтың негізгі тіршілік көзі – су, жылу, жарық тарифтерін реттеу кезінде Астана қаласының тарифтерінің ұлғаюына жол бермеу үшін талай жобалар жасап, кәсіпорындардың өтініштерін қарап, қабылдау жұмыстарымен айналысты. Марат Кәрімұлын, тіпті бүкіл қаланың тіршілік көзінің негізгі жауап беретін маманы дерсің. Сондықтан да болар, ол әлі күнге дейін сол жердің мамандары мен журналис­тердің сұрақтарына жауап беріп жатады.

Өзі департаменттен зейнетке шығар жылы тұтынушылардың құқыларын қорғау мақсатында табиғи монополия және реттелетін нарықтағы заң бұзушылықтарды жою жөнінде 101 ұйғарым шығарыпты. Бұл – үлкен жұмыс. Жалпы Марат Мұстафин қай қызметте болса да өз жұмысына жанын сала кіріседі. Жұмысына адал, жан тазалығын жақсы көретін ғажап адам.

2014 жылы ол кісі басқарған департамент тұтынушылардың құқын қорғау мақсатында 50 сот процесіне қатысыпты. Оның ішінде 35-іне талап қоюшы ретінде, 14-іне жауап­кер ретінде және біреуіне тұтынушы мүддесін қорғау­шы үшінші тарап ретінде қатысқан. Шығарған қорытынды бойынша департамент сот процестерінің 96 пайызында жеңіске жетіпті. Бұл дегеніңіз – тұтынушылардың құқы толығымен қорғалды деген сөз, сөйтіп, реттелетін нарық субъектілерінің заңсыз әрекеттерінің жолы кесілген.

Жаны таза, жүрегі жылы, адамдарға қамқор, ішкі мәдениеті бай, мінезі бірқалыпты, көпке кішіпейіл, елі қадірлеген Марат Кәрімұлындай азаматтың арамызда жүргені көңілге медеу. Оның осындай азаматтық қасиетіне, оның еңбекқорлығына демеу боп отыр­ған бір адам ол – өмірлік жан жары, Гүлнәр Малғаждарқызы. Ол жан жары Маратпен Қазақ химия-технология инс­титутын бірге бітірген. Гүлнәр Малғаждарқызы да жұбайы Маратпен бірге Есіл керамзит бетон дайындау зауытында 30 жылдай қызмет жасаған және Торғай облыстық кеден басқармасында, Ақмола облыстық су құрылысы тресінде жауапты қызметтерде болған. Марат Кәрімұлымен 50 жыл отау құрып, бала-шағасының қызығына тоймай бақытты отбасы атанып, бүгінде ұрпақтарымен көркейіп отыр. Үлкен қыздары Роза – кәсіпкер, ұлы Ерлан – шетелде оқып келіп, Алматыда аудиторлық қызмет атқаруда. Ал кіші ұлы Ержан – Астанада республикалық Мемлекеттік кіріс комитетінде жауапты қызмет атқарады.

Марат Кәрімұлының еңбегі де еш кеткен жоқ. 2007 жылы «Құрмет» орденімен марапатталған. «Астана» медалімен екі рет және Қазақстан Тәуелсіздігінің 10, 20 жылдығы медальдарымен, Қазақстан Конституциясына 10, 25 жыл, «Еңбек ардагері» медалімен, тағы да басқа наградалармен марапатталған. Марат Кәрімұлы Мұстафиннің жан сарайы – бай, сыртқы тұлғасына ішкі мәдениеті де сай, тіпті, ерекше жарасып тұратын ер мінезді, барынша кішіпейіл, өзін қадір тұтып, біз сыйлайтын замандас­тың бірі. Онымен қызметтес болған әрбір адам оның кісілігін, қарапайымдылығын, қайырымды жан екенін, қолынан келсе кез келгенге жақсылық жасауға дайын тұрады деп сипаттайды, әрі онымен мақтанады.

Бірер жылдың төңірегінде Марат Кәрімұлы жайлы білгенім, көргенім кейіпкерім – өте қарапайым адам. Айналасындағы қызметтес әріптес­теріне де ардагерлер-зейнеткерлеріне де қамқорлықпен, сыйластықпен қарайды. Адамға жоғарыдан қарағанын көрген емеспін. Біреудің жақсылығы үшін балаша қуанады. Алдына көмек сұрап келген адамның қолын қақпайды, көмек көрсетеді. Өзі еңбекқор, мінезге бай, жұмыста алда жүріп көп шаруаны өзі тындырады.

Президентіміз Қасым-­Жомарт Тоқаевтың айтқан – «Адал еңбек, Адал табыс, Адал адам» деген қағидатындағы нағыз адал адам, нағыз еңбекқор жан, адалдықты жақтаған азаматтың бірі – Марат Мұстафин. Біз сізбен мақтанамыз!

Ғалия БАЛТАБАЙ,

ардагер-журналист

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button