Басты ақпаратРуханият

Қайрат құбылысы

Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен әйгілі әнші, ұстаз Қайрат Байбосыновқа Қазақстанның Еңбек Ері атағы берілді. Президент өз сөзінде бұл марапат әйгілі әншінің өлшеусіз еңбегі мен ұлттық өнерімізге деген ерекше құрметтің белгісі екенін атап өтті. Жоғары атақ атамұра өнерді өзгеше өрнегімен, бедерлі бояуымен байытқан әншінің 75 жас мерейтойына тамаша тарту болды. Осылайша мемлекеттің шешімі мен ел тілегі бір арнадан табылды.

«БАЛА БІРЖАН»

Жалпы Қайрат Әукенұлы сый-құрмет, атақтан кенде емес. Орда бұзар отызында Жастар одағы сыйлығын иеленді. Қамал алар жасында халық әртісі атанды. Ердің жасына келгенде, Мемлекеттік сыйлықты қанжығасына байлады. Асқаралы алпысында туған елі құрметтеп, Қарағанды қаласындағы Жұл­дыз­дар аллеясына есімі жа­зыл­ған белгі қойды. Одан бес жыл өт­кен соң «Еңбек ардагері» медалін өңіріне тақты. Жетпіс жас­тың жотасына шыққанда мерейтойының аталуына әлемді жай­лаған індет мұрша бермеді. Со­ның есесі биыл қайтып жатыр.

Әншінің тойы жуырда елордадан басталды. Бас қалада әлі де жалғасады. Арада алтын бесігі Жаңаарқа мен Қарағандыда өтеді. Атап айтқанда, жақында ­Р.Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымы «Айбозым» атты ән кешін ұсынды. Онда Астанадағы және еліміздің әр аймағындағы шәкірттері жиналып, ұлттық өнер салтанат құрды. Осы айдың аяғында, дәлірек айтқанда, 31 қазан күні Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның концерт залында «Айбозым, айхай, бозым…» атты кеш ұйымдастырылады.

Бұл атау бекерден-бекер таңдалмады. Қайрат Байбосыновтың репертуарында 500-ден астам ән болса, соның ішінде Біржан салдың «Айбозым» әнінің алар орны ерекше. Қаршадайы­нан қолына домбыра алып, асқақтата шырқаған Қайратты жерлестері «Бала Біржан» атап кеткен. Бағы шығар, «болар баланың» бойындағы өнерін сол уақыттарда елге келген белгілі азаматтар да байқады. Алғашқы мүшелінде Кеңес Одағы Жоғары Кеңесіне депутаттыққа сайланған академик Шапық Шөкиннің алдында ән салып, ғалымды тәнті етті. Кейіннен Жоғары Кеңес төрағасының орынбасары, ҚазКСР Ғылым академиясының президенті болған Шапық Шөкіұлы Жаңаарқа ауданының басшылығына Қайратқа қамқорлық танытуға, отбасына қарайласуға пәрмен береді.

Ал қараормандай қазақ жұрты есімін он бес жасынан біле бастайды. Жаздың жаймашуақ күнінің бірінде Манақа жайлауында өткен шопандар тойында Біржан салдың «Адасқақ» әнінен бастап, әрі қарай «Әлі есімде», «Қызылорда вальсі» секілді сол кездің тамаша туындыларын шырқаған жетінші сынып оқушысы Қайрат Байбосынов жазушы, журналист Әмен Әзиев­тің көзіне түседі. Қаламгер концерт аяқталған соң дарынды баланың орындауында «Ғазиздің әнін», Мәдидің «Қарқаралысын», Сәкеннің «Тау ішіндесін», Зеберше Оспанованың «Сүйгенім менің қалада», Шәмшінің «Бақыт құшағында» әндерін тыңдап, магнитофон лентасына жазып алады.

Арада көп уақыт өтпей, «Қазақ әдебиеті» газетінің 1965 жылғы 6 тамыздағы санында жазушының «Қайрат – әнші бала» мақаласы жарық көреді. Автор мұны: «Қайрат – шын мәнісінде жаңа ғана гүл атқан дарын иесі. Ол – жас шынар… Біздің елде шын дарынға бөгет жоқ. Бүгін құлыншақ, бүгін тұлпар нәсілі – ертеңгі Құлагер. Ол сөзсіз мақсат нысанасына жетеді. Ойлаған тұғырға қонады» деп түйіндейді көрегендікпен.

ТІЛЕНДИЕВ ТІЛЕГІ

Сол 1965 жылы Қайраттың әншілік тағдырына әсер еткен бір оқиға болады. Абай атындағы опера және балет театры Қарағандыға гастрольдік сапармен келіп, Әмен Әзиев Жаңаарқада өзі көрген дарынды баланы атақты өнерпаздарға көрсету ниетімен облыс орталығына алдырады. Қайрат Нұрғиса Тілендиевтің «Жан сәулем» әнін шырқайды. Фортепианомен аса көрнекті композитордың өзі сүйе­мелдейді. Оның өнеріне әбден риза болған Нұрағасы көтеріп алып «Маған бала боласың ба?» дейді. «Боламын» деп жауап береді бала Қайрат саспастан. Содан бастап әкелі-балалы адамдардай екеуінің қарым-қатынасы композитор өмірден өткенше үзілмейді.

Қазақ киносының классикасына айналған «Қыз Жібек» көркем фильмінде Нұрғисаның ықпалымен 19 жасар Қайрат ән салады. Сол уақытта ән жүйрігі Жүсіпбек Елебековтен сабақ алып жүреді. «Қалиім мен Қосымжаным тірілді» деп ұстазы шаттанады. Осыдан кейін-ақ зиялы ортада «Байбосынов феномені» деген ұғым қалыптаса бастайды. Себебі жас әншінің үні ұстазы Жүсіпбек Елебеков айтқандай, зор дауыстарымен аты шыққан дарабоздар Қали Байжанов, Қосымжан Бабақов­тардың диапазонын еске түсіретіні рас еді. Дегенмен Қайраттың вокалдық мәдение­ті, тембрлік бояуы халықтық вокалда бұрын-соңды кездеспеген таңғажайып құбылысқа баланды…» деп жазады бұл оқиға туралы шертпе күй шебері, ұстаз, өнертанушы Жанғали Жүзбай.

Қайрат Әукенұлы Алматыға опера театрының сол кездегі директоры, Қарағанды қаласына бір сапарында бойындағы өнерін байқаған Жексенбек Еркінбековтің шақыруымен аттанған еді. Жолы болып, дәл сол уақытта эстрада-цирк училищесінде ашылып жатқан ән жүйрігі Жүсіпбек Елебековтің сыныбына қабылданды.

ЕЛЕБЕКОВ ЕЛЕУІШІ

Тиісті конкурсқа жүз елу бала қатысты. Училище директоры Гүлжиһан Ғалиева, атақты музыкатанушы, композитор Ахмет Жұбанов, Жүсіпбек Елебековтің өзі оларды үш күн тыңдап, ақыры бес баланы ғана қабылдады. Жәнібек Кәрменов конкурссыз-ақ өтіп кетті. Ал қалған бесеудің қатарында Жамбыл облысынан Берген Елубаев, Талдықорған облысынан Алма Кенжебаева, Алматы облысынан Әкімхан Базаргелдиев, Көкшетау облысынан Кенжеғали Тәшкенов және Қарағанды облысынан Қайрат ­Байбосынов болды. Соның ішінде Жүсекең Жәнібек пен Қайратты  «Телқоңырым» деп атап, өзге шәкірттерінен ерек көрді.

«Кейде ойлаймын: «Қайрат пен Жәнібек болмаса, Жүсіпбектерден кейінгі халқымыздың әншілік дәстүрін елестету қиын-ау» деп. Бұл екеуі – ерекше жаралған талантты жандар. Тек қадіріне жетсе шіркін!.. Қайрат – әншілік өнердің дыбыс құдіретін, шабыт қуатын білдірсе, Жәнібек – терең ой, ыстық сезіммен халықтың философиялық танымын аша түседі» деп жазды Жүсекеңнің жары Хабиба Елебекова «Ән-­аманат» атты кітабында.

Шынында да, Жүсіпбек Елебеков шәкірттеріне асыл мұра болып саналатын халық әндерінен бастап, Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырай, Естай, Мәди, Шашубай, т.б. халық композиторлардың әндерін үйретіп, аманаттап кетті. Алғашқы оқу жылының өзінде Қайратқа жүз отыз жеті ән үйретті. Олардың көбісі көптен айтылмай, ұмытыла бастаған туындылар еді. Ал негізінен, Елебековтің репертуа­рында үш жүздей ән болғаны айтылады. Соның бәрін алдынан дәріс алған өнерпаздарға сарқып беруге тырысты.

ПАҢ ПАРИЖДЕ

Қайрат Байбосынов эстрада-цирк училищесін аяқтаған соң, оқу орны жанынан құ­рылған «Гүлдер» ансамбліне жұмысқа қабылдады. Іле-шала бір топ өнер қайраткерлерімен бірге паң Париж қаласына гас­трольдік сапармен барды. Қазақ әнінің құдыретін әлемге танытқан Әміре Қашаубаевтың бұл шаһарға сапарынан арада жарты ғасырға жуық уақыт өткен.

Байбосынов алдымен Ақан серінің «Алтыбасарына» басты. Берікбол Көпенұлының «Ағаш аяқ» әнін шырқағанда, Әміре әні құлағында қалған қарт еуропалықтар сөздерін түсінбесе де, жадыраған болар. Айтқандай, бұл ән тосыннан «Ой, пәлі-ай» деп аяқталып, тыңдарманды селт еткізеді. Осы туындыны Қайраттың орындауында қанша тыңдасақ та, әсеріміз кеміген емес. Басқа әншілерден естігенде, орындаушыны біртүрлі менсінбей қалатынымыз бар.

Қайрат Байбосынов әншілік ғұмырында Еуропа мен Азияның талай елің аралап, Америка мен Африкаға дейін барды. Соның бәрінде жұрт үлкен қошаметпен қарсы алды. Әнші шетелдіктердің ән тыңдағандағы көңіл күйін де тап баса білді. Соған сай африкалықтардың алдында «Ағаш аяқ» секілді ойнақы әндерді шырқаса, Еуропаға барғанда кең тынысты, байсалды туындыларды салды.

ҰСТАЗДЫҚҚА БЕТ БҰРҒАНДА

Қырық жасқа жақындағанда әншілікпен қатар ұстаздыққа бет бұрды. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында Жәнібек Кәрменов және Алмас Алматовпен бірге «Халық әні» кафедрасының ашылуына мұрындық болды. Жиырма жылға жуық осы кафедраның меңгерушісі қызметін атқарды. Бір кезде өзі оқыған Ж.Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжін басқарды. Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры Айман Мұсақожаеваның арнайы шақыруымен 2009 жылы елордаға келіп, «Дәстүрлі ән» кафедрасының негізін қалады, профессор атанды.

Қазір ұстаздық еңбек өтіліне де қырық жылға жуықтады. Осы аралықта қаншама шәкірт тәрбиелеп шығарды. Тізбелей бастасақ, марқұм Жақсылық Мырқаев, белгілі әншілер – Рамазан Стамғазиев, Айтбек Нығызбаев, Нұрай Танабаев, Гүлмира Сарина, Ержан Базарбеков, Баян Нұрмышева, Сырым Мұхамеджанов болып жалғасып кете береді. Біз білмейтін шәкірттері де баршылық.

Ұстазының репертуарында үш жүздей ән болса, Қайрат шыр­қайтын әндер бес жүзден асады. Шәкірті Айтбек Нығызбаев пен күйші Қайрат Айтбаев­пен бірге солардың бәрін топтастырып, «Сыр сандық» атты қазақ әндерінің антологиясын шығарды. Кітапқа халық әндері, халық композиторлары мен Қазақстан композиторларының туындылары енгізілді.

БІР ҚАСИЕТІ – ҚАРАПАЙЫМДЫЛЫҚ

Қайрат Байбосынов бала кезінде суретші болуды ойлады. Алайда әнге әуестігі жеңіп кетті. Арманын ұлы Мұхтар жалғады. Ол – Қазақстанның Суретшілер, Дизайнерлер және Еуразия дизайнерлері сияқты бірнеше одақтың мүшесі, доцент, өнертанушы.

Жалпы қан жібермейді екен. Қайраттың әкесі Әукен домбырашы, қобызшы, қолөнер шебері болса, әншінің өзі домбырасының қақпағын ашып, жөндей беретін. Ал інісі Ахат – белгілі күйші. Бұл өнер бабасы Сайдалы Сары Тоқадан дарыған болуы керек. Қайрат та күйшіліктен құралақан емес. Музыка мамандары оның ән айтқандағы қағыстарынан Тотаңның, Ықыластың, Дайрабайдың, Мағауия Хамзиннің күйлерінің тарауларын танып жатады. Қайраттың әншілігі туралы айтқанда, туған жерінде өткен бір өнерпаздың есімін айтпай кетпеуге болды. Бұл – «Қазақ ән өнерінің «Ақ еркесі» атанған Игілік Омаров. Қайрат ән әліппесін ауылда жүріп Икеңнен үйренген еді.

Қайраттың бір қасиеті – қарапайымдылық. Байбосынов қандай биікке шықса да, бетегеден биік, жусаннан аласа қалпынан айнымайды. «Таланттар қазір көп. Олар азайған жоқ. Дәріптейтін, жұртқа танытатын небір жақсы әншілер бар. Бірақ насихат жетіспей жатыр. Дипломын алған соң да олар қайда барарын білмейді» дейді әнші. Хас тұлпар жас тұлпарлар болашағына осылай алаңдайды.

Қазақстанның Еңбек Ері атағын Президенттің қолынан алып тұрып, Мемлекет басшысына алғыс айта келе: «Бұл тек маған ғана емес, бұл – ұлттық өнерге, дәстүрлі ән өнеріне беріп отырған сіздің бағаңыз. Жастарымыздың ұлттық өнерге деген құлшынысы арта берсе екен деген ниетпен осы салада көп жылдан бері ұстаздық етіп келемін. Екіншіден, сахнада маған қошемет көрсеткен халқыма ризашылығымды білдіргім келеді. Осының бәрі – халықтың арқасы» дегені де бар. Қайрат Байбосынов қалыптас­тырған ән мектебінен кейін дәстүрлі өнер өлмейді.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button