«Қайрат» қайран қалдырды…

Алматының «Қайрат» футбол клубы Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңін сәтті аяқтады. Қазақстандық команда өз алаңында өткізген қарымта ойында Шотландияның «Селтик» командасын тізе бүктірді.
Клубтар арасындағы алғашқы ойын Глазгода өтіп, 0:0 есебімен аяқталды. Алматыдағы жауапты кездесуде де командалар гол соға алмады. Ойыннан кейінгі пенальти сериясында «Қайрат» қақпашысы Темірлан Анарбеков қарсыластың үш бірдей соққысын қайтарды. Нәтижесінде, алматылықтар 3:2 есебімен жеңіске жетті.
Осылайша, «Қайрат» клубы Чемпиондар лигасының негізгі кезеңінде өнер көрсететін болады. Енді, қазақстандық команда Чемпиондар лигасының негізгі кезеңінде кем дегенде 8 ойын өткізеді. Ықтимал қарсыластар қатарында атақты «Реал», «Ливерпуль», «ПСЖ», «Барселона», «Бавария», «Ювентус» секілді командалар болуы әбден мүмкін.
Еске алар болсақ, осыдан 10 жыл бұрын елорданың «Астана» командасы Чемпиондар лигасының топтық турнирінде өнер көрсеткен болатын. Енді сол жетістікке «Қайрат» клубы да қол жеткізіп отыр.