Басты ақпаратРуханият

«Qaitadan»: қайталанулардан сақтандыра ма?

Жақында ғана ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен жарық көрген жас режиссер Думан Еркінбектің алғашқы толықметражды туындысы – «Qaitadan» фильмі қазақстандық прокатта сенсация тудырды. Үш апта ішінде көркем фильм 1 миллиард теңгеден астам табыс жинап, отандық кинопрокатта көш бастады. Бұл – қазақстандық кино өндірісі тарихындағы соңғы жылдары айрықша көрсеткіш.

Осылайша, Мемлекет тарапы­нан бөлінген қа­ражатты бес есе артығымен ақтаған бұл фильм көрерменнің ықыласына бөленіп қана қоймай, ұлттық киноның жаңа деңгейге көтеріліп келе жат­қанын дәлелдеді.

Көрермендер мен сыншылар «Qaitadan»-ды ерекше визуалды қуаты, эмоциялық әсері және әлеуметтік астары терең мазмұнымен бағалап отыр. Кинодағы әр диалог бүгінгі қоғамға ой салады, әр көрініс көрерменнің жүрегінен орын алады. Фильмде отбасы құндылығы, жауапкершілік, бауырмалдық пен бірлік идеясы ұштасып, көрерменді өткеннен сабақ алып, болашаққа сеніммен қарауға шақырады.

Фильмнің режиссері Думан Еркінбек – қазақ киносына тың тыныс әкелген жас буын режиссердің бірі. Оның осы киносы – тек экрандағы драма емес, қоғамның ішкі жаңғыруына үндеу. Бұл туындының табысы – отандық киноның жаңа толқынының туғанын айғақтайды. Сондықтан біз оның шығармашылық жолы мен «Qaitadan» фильмінің идеясы, түсіру барысы және болашақ жоспарлары туралы сұхбаттасқан едік.

– Думан мырза, ең алдымен, сізді шығармашылық табысыңызбен құттықтаймыз! Ең әуелі әңгімемізді өзіңіз туралы және кино әлеміне қалай келгеніңіз жөнінде бастасаңыз.

– Рақмет! Мен Алматы облысы Жамбыл ауданы Үңгіртас ауылында дүниеге келдім. Өзіме кішкене күннен кино көрген ұнайтын. Бірақ ол кезде өзім кино түсірем деп ойламаппын. Кейін Абай атындағы ұлттық мамандандырылған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын мектепте білім алдым. Ал режиссерлік бойынша арнайы академиялық білімім жоқ, бірақ кино саласына деген қызығушылығым мені осы жолға алып келді. Студент кезімде түсірілім алаңында фотограф болып, сериалдардың монтажын жасап, сценари­йін жазып, тәжірибе жинадым. Кейін «Қазақстан» және «Хабар» арналарында бірқатар телесериал мен қысқаметражды фильмнің монтажына, өндірісіне қатыстым. Сол жұмыстар мені толықметражды фильм түсіруге дайындады.

– Ал «Qaitadan» фильмін түсіруге не түрткі болды? Бұл идея қалай туды?

– 2020 жылы жұбайымның дипломдық жұмысын түсіруге байланысты Күрті ауылына барған едік. Сол жерде үлкен су қоймасының дамбасын көріп: «Егер мына дамба жарылып кетсе не болар еді?» деп ойладым. Сол сәтте мені таңғалдыр­ған нәрсе – ауыл тұрғындарының қауесетке қарамастан көшпей, бейқам отыра беруі. Осы көрініс ішімде үлкен ой тудырды. Сол сәттен бастап «осындай жағдайда адамдар не істер еді, олар өз өмірін, отбасы мен қоғам алдындағы жауапкершілікті қалай түсінеді?» деген сұрақтар мазалады. Осы ой кейін сценарийге айналды. Бірнеше жыл бойы пісіп-жетіліп, ақыры көркем фильмге ұласты.

– Ендеше фильм атауы туралы не айтасыз? «Qaitadan» деп қойылуының астарында қандай мағына жатыр?

– «Qaitadan» – жай ғана сөз емес, тұтас идея. Біздің қоғам кейде бір қателікті қайталай береді. Бұл – тек тұрмыстық деңгейдегі емес, қоғамдық, моральдық, тіпті рухани қателіктер. Сол қайталанған қателіктер ақыры апаттарға, өкініштерге алып келеді. Фильм арқылы мен «егер бізге уақыт қайта берілсе, осы күнге дейінгі жасаған сол қателіктерімізді түзете алар ма едік?» деген ой тастағым келді. Бұл – тек апат туралы емес, ішкі өсу, адам мен қоғамның жетілуі, өткеннен сабақ алу туралы туынды.

– Сонда көрерменге жеткізгіңіз келген негізгі ой осы ма?

– Әрине, фильмнің өзегі – өсу мен өзгеріс. Бұл – тек бас­ты кейіпкердің емес, бүкіл қоғамның жетілуі жайындағы әңгіме. Біз кейде өмірімізде бір орында тұрып қалғандай боламыз. Ал алға жылжу үшін ең алдымен өзімізбен күресіп, ішкі әлсіздігімізді жеңуіміз керек. Сонымен қатар фильмде отбасы институты, бауырмалдық, бірлік сияқты ұлттық құндылықтар көрініс табады. Әрбір көрініс көрерменді ойлануға итермелейді: қауіпсіздік, жауапкершілік, бір-бірімізге деген қамқорлықтың мә­нін түсінуге шақырады.

– Сценарий жазу мен түсіру процесінде қандай қиындықтар кездесті?

– Әрине, қиындықсыз ­шы­ғармашылық болмайды. Сценарий жазу кезінде логика мен байланысқа ерекше мән бердім. Фильм апатты жағдайға құрылғандықтан, техникалық жағынан күрделі болды. Дамбаның жарылу сәтін түсіру үшін арнайы макет жасалды, ол табиғи түрде жарылып, су әсерін шынайы көрсету үшін бірнеше дубль қажет еді. Оның үстіне бізде үлкен бюджет болмады, бірақ соған қарамастан команда жанын салып жұмыс істеді. Түсіру тобының ынтымағы, өз ісіне адалдығы мен шығармашылық рухы – осы фильмнің басты жетістігі.

– Ал оны түсіру үшін мемлекеттік қолдауға қол жет­кізу процесі қалай өтті?

– Шынын айтсам, бұл – менің алғашқы үлкен жобам. Сондықтан бәрі біз үшін тәжірибе еді. Алғашқыда жеке демеушілер іздеп көрдік, бірақ нәтиже болмады. Кейін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы ұйым­дастырған грант байқауына қатыстық. Алайда қаржыландыру көлемі бастапқы жоспарымыздан аздау болды. Бірақ мүмкіндік берілсе, соның өзін тиімді пайдалану керек деп шештік. Сол шешімнің арқасында бұл жоба жүзеге асты. Қазір нәтиже бәрін ақтап отыр: фильм мемлекеттен алған қаражатты бес есе артығымен қайтарды.

– Фильмнің халық ара­сында қабылдануы сіз күткендей болды ма?

– Шынымды айтсам, біз бұлай үлкен қызығушылық ­туады деп ойлаған жоқпыз. Алайда халық фильмді ерекше ықыласпен қабылдады. Кө­рермендердің пікірі өте жылы болды. Әлеуметтік желілерде, кинотеатрларда көргендердің көбі шынайы сезіммен пікір жазды. Бұл – біз үшін ең үлкен марапат.

– Киноны шетелдік ау­диторияға ұсыну жоспарыңыз бар ма?

– Иә, қазір Өзбекстан, Түркия, Қырғызстан секілді көрші елдермен прокат келісімі бойынша жұмыс жүріп жатыр. Сондай-ақ халықаралық кинофестивальдерге қатысу жоспарда бар.

– Шығармашылығыңыз­да кімдерден үйренесіз? Бос уақытыңызда қандай кітап­тар немесе фильмдер көресіз?

– Мен көбіне теориялық білімді кітаптардан алдым. Мысалы, «Джозеф Кэмпбелл – «Мың бейнелі кейіпкер», ­Уильям Индик – «Сценаристке арналған психология», Блэйк Снайдер – «Марғауды құтқару» атты еңбектері көп көмектесті. Бірақ мен үшін ең үлкен ұстаз – тәжірибе мен киноның өзі. Әлемдік фильмдерді көру арқылы мен режиссураның тілін үйрендім. Кітаптан алған білімді тәжірибемен ұштас­тыруға тырысамын.

– Қазіргі қазақ киносы ­туралы пікіріңіз…

– Қазақ киносы соңғы жылдары айтарлықтай дамып келеді. Жас режиссерлер жаңа тақырыптарға барудан қорықпайды, көрерменнің талғамы да өсіп жатыр. Әрине, шешілмеген мәселелер бар: сценарий сапасы, дайын­дық кезеңінің қысқалығы, кадр тапшылығы. Бірақ ең маңыз­дысы – бағыт дұрыс деп ойлаймын әрі бұл саладағы ізде­нісімізді жалғастыра береміз.

– Алдағы жоспарлары­ңызбен бөліссеңіз.

– Қазір жаңа сценарий бойынша жұмыс істеп жатырмын. Ол да әлеуметтік-психологиялық драма болмақ. Қазақ қоғамындағы құндылықтар мен қазіргі жастардың рухани ізденісін көрсеткім келеді. Сонымен бірге «Qaitadan» фильмін шетелдік фестивальдерге ұсынып, халықаралық аудиторияға таныстыру жоспарда бар.

 Сұхбаттасқан

Шапағат ӘБДІР

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button