Басты ақпаратҚала мен салаМәслихат

Пригородныйдың бүгіні мен болашағы

Пригородный – елорданың қарқынды дамып жатқан тұрғын алаптарының бірі. Елді мекен тұрғындарының жайлы өмірі үшін қала билігі тарапынан біраз жұмыс істелді. Аймақты одан әрі өрлету үшін бірқатар мақсат-міндет қойылды. Бұл жайында осы аймақтан Астана қаласы мәслихатына сайланған депутат Ғабит Тәжімұратовпен әңгімелестік. Ғабит Қалиұлы – қалалық мәслихаттың құрылыс, экология, көлік және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясы төрағасының орынбасары. Әңгімеміз де негізінен тұрғын алаптың әлеуметтік мәселелері және инфрақұрылымы жөнінде өрбіді.

– «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» АҚ басқарма төрағасы болғаным­да, маған әуежайда жұмыс істейтін Пригородный тұрғын алабының тұрғындары әртүрлі мәселе бойынша өтініштермен келетін. Бұл елді мекен аумағы 85 гектарды құрайды. Ресми мәлімет бойынша, саяжайларды есепке алғанда, мұнда 20 мыңнан астам адам тұрады. Аймақта 25 көпқабатты үй мен 150-ден аса жер үй, 3 мемлекеттік балабақша мен 1 мемлекеттік мектеп, дәрігерлік амбулатория, полиция пункті, 8 саяжай қауымдас­тығы орналасқан, – дейді Ғабит ­Тәжімұратов.

Оның айтуынша, Пригородныйда соңғы жылдары тұрғын үй құрылысының көлемі едәуір артты. Елді мекеннің әлеуметтік және инженерлік инфра­құрылымы даму жолына түсті. Шағын және орта бизнестің жаңа нысандары да көбейіп жатыр. Қазіргі міндет – аймақтың тепе-тең дамуын қамтамасыз ету, яғни тұрғын үй құрылысымен қатар мектептерді, балабақшаларды, медицина мекемелерін, мәдениет және спорт нысандарын салу керек. Инженерлік желілер мен жол инфра­құрылымының құрылысы да баспана мен әлеуметтік нысандар құрылысымен тең дәрежеде жүргізілгені шарт. «Анау жоқ екен, мынау жоқ екен» деген әңгімені болдырмас үшін тұрғындар қажеттілігін алдын ала ескеру керек.

– Бұған кешенді тұрғыдан келу керек. Сонда ғана Пригородный дамуында оң динамика сақталады. Құрылыс жұмысымен қатар адамдардың жайлы, сапалы, қауіпсіз өміріне сай келетін орта қалыптастыру керек. Қазір сумен, электрмен қамту желілерін, жол жабынын кезең-кезеңімен жаңғырту жұмысы жүргізіліп жатыр. Көліктің қолжетімді­лігі бойынша айтарлықтай оң өзгерістер бар. Келу жолдары кеңейіп, қоғамдық көлік қызметі күшейді. Әлеу­меттік инфрақұрылымға ерекше назар аударылды. Орта мектеп құрылысы жоспарға енгізілді. Қазір жоба-смета құжаттамасы әзірлену үстінде. Білім нысаны «Orman Park» атты жаңа тұрғын үй кешені аумағында бой көтермек. Мемлекеттік балабақша пайдалануға берілді, алғашқы медицина көмегі нысаны жұмыс істеп жатыр. Пригородный тұрғындары медицина қызметін «Үй жанындағы дәрігер» жобасы аясында ашылған «Шипагер» отбасы денсаулығы орталығының филиалында алады. Әрине, елді мекен тұрғындары көбейген сайын осындай нысандардың қажеттілігі артып барады, сондықтан бұл мәселені үнемі бақылауда ұстап, құрылыс қарқынын арттыру керек. Пригородныйда жалпы қалаға ортақ жобалар іске асып жатыр. Мәселен, апатты үйлер тұрғындарын көшіру. Сондай үйлердегі 150 пәтердің тұрғындары жаңа баспанаға ие болды. Бұлар бұрын 1968-1970 жылдары салынған Арнасай, 111 және 114 көшелеріндегі ескі жатақханаларда тұрды, – дейді Ғабит Қалиұлы.

Депутаттың айтуынша, тұрғын алапты көгалдандыру, аулалар мен қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру жайлы қалалық ортаны қалыптастыруға септеседі. Бұл жағдайда әсіресе елді мекен отбасылық жұптар мен жас мамандарға тартымды бола түседі. Соңғы жылдары бірнеше ауланы жаңғырту жұмысы жүргізілді. «Юг» атты тұрғын үй кешенінің аумағы, Жаңадария көшесі, 115, 126А мекенжайлары, Қабанбай батыр даңғылы, 105, 105А аумағындағы көпқабатты үйлердің аумағы абаттандырылды. Жаңа асфальт, тартан жабындысы, брусчатка төселіп, тренажерлер мен воркаутқа арналған құралдар орнатылды. Газдандыруға келгенде, тұрғын алаптың негізін жер үйлер құрайды. Оларға жылу орталық қазандықтан келеді. Бірқатар көпқабатты үй Қабанбай батыр кентіне қарай кететін газ құбыры арқылы ­газдандырылған.

– Пригородный – инвесторларға тартымды тұрғын алап. Елордада және қаланың айналасында туристік аймақтардың, кемпингтер және белсенді демалыс аймақтарының аздығы байқалатындықтан, Пригородныйда мұны дамытуға болады. Тұрғын үй құрылысы көбейген сайын сауда, қызмет көрсету және демалыс орындарының қажеттілігі артады. Бұл жағдай жаңа жұмыс орындарын құруға, сервис деңге­йін көтеруге мүмкіндік береді. Астана билігі қала құрылысы ережелерінің және экология талаптарының сақталуы жағдайында жаңа жобалардың талқылануына ашық, – дейді Ғабит Тәжімұратов.

Оның сөзінше, «Қазаэ­ронавигация» РМК-мен белсенді әріптестік орнаған. Бұл кәсіпорын бірнеше жыл бұрын «Aspan» спорт кешенін салып берді. Осы кешенде аула клубы ашылған. Онда балалар ақысыз негізде шахмат, хореография, ағылшын тілін үйренумен айналысады. Бұл нысанды кәсіп­орын қала балансына тапсырды.

– Өзімнің жағдайыма қарай Пригородныйға жақын орналасқан кәсіпорындар мен меценаттардың көмегімен тұрғындарға көмір түсіруге, саяжайлардың ішкі жолдарына фрезерлік асфальтты төсеуге, қар тазалауға, соның ішінде елді мекен мешітін тазалауға септесіп тұрамын. Тұрғын алапта саяжайларды ысыру жоспарланбаған. Инвестор мен қызығушылық танытқан құрылыс компаниялары пайда болғанда ғана, сондай-ақ елді мекеннің қажеттілігі туындағанда бұл жұмыс қолға алынуы мүмкін, – дейді Ғабит Қалиұлы.

Қорыта айтқанда, аталмыш тұрғын алаптың дамуы мен қажеттілігі – депутаттың бақылауында. Қазірдің өзінде Пригородныйға қоныстанушылар, басқа аймақтардан көшіп келушілер өте көп. Демек, елді мекен әрі қарай да дамиды.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button