Ел тынысы

Президент Жолдауы — 2025: «Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп барады»

Жылдағыдай халыққа кезекті Жолдауын арнаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жолы да көлік-логистика және транзиттің еліміз үшін маңызына тоқталып өтті. Президенттің биылғы жолдауы «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» деп аталды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

«Көлік-логистиканы одан әрі дамыту керек. Еліміз Еуропа мен Азияның арасын жалғап тұрған аса маңызды көпір болып саналатыны кеңінен белгілі. Былтыр біздің территориямыз арқылы жүк тасымалдау көлемі 1 миллиард тоннадан асты. Сонымен бірге еліміздің транзиттік әлеуетін арттыруға әлі де зор мүмкіндік бар. «Солтүстік – Оңтүстік» көлік дәлізі Парсы шығанағы мен Оңтүстік Азия елдерінің нарығына тікелей жол ашады. Ал «Шығыс – Батыс» дәлізі мен Қытайдың «Бір белдеу, Бір жол» жаһандық бастамасы Қазақстанның Еуразиядағы негізгі құрлық жолы ретіндегі рөлін күшейте түседі, — деді Мемлекет басшысы өз Жолдауында.

Сондай-ақ ол Қазақстан үшін Транскаспий халықаралық көлік бағдарын дамытудың маңызы арта бастағанын атап өтті.

«Бұл бағыттардың бәрі біртұтас жүйе сияқты жұмыс істеп, елімізге едәуір табыс әкелуі керек. Сондай-ақ инфрақұрылымды жақсартуға жаңа инвестиция тартуы қажет, сапалы жұмыс орындарын ашуға ықпал етуге тиіс. Осы орайда, цифрлық тәсілдерді ауқымды түрде қолданған абзал. Онсыз ешқандай тиімділік болмайды», — деді ол.

Президент өңірлердің көлік байланысына қатысты мәселемен мықтап айналысу керектігін ескертті. Ірі транзиттік аймақ саналатын Қазақстан үшін бұл бағыт айрықша маңызды.

«Біз таяуда Вьетнамға Қытайдың Ляньюньган порты арқылы бидайдың алғашқы легін жөнелттік. Ауғанстанда Пәкістан нарығына шығуға мүмкіндік беретін «Тургунди – Герат» темір жолын салу жоспарда бар. Алайда, жаңа көлік бағыттарына және жаңа нарықтарға жол ашатын мүмкіндіктер мұнымен шектелмейді. Алда атқарар шаруа көп. Жалпы, әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр. Басқа да арзан балама бағыттар мен жолдар ұсынылуда. Транзиттік тасымалдың көлемін арттырамыз десек, біз алдын ала әрекет етіп, әрдайым бір қадам алда болуымыз керек.Тағы да қайталап айтарым, инфрақұрылымды жаңғырту ісін одан әрі жалғастырып, осы саладағы озық ел болу үшін цифрландыру мен жасанды интеллектіні кең ауқымда пайдаланған жөн», деді Қ. Тоқаев.

Биыл ұзындығы – 836 шақырым болатын «Достық – Мойынты» темір жолының екінші желісі іске қосылады. Жоба өте қысқа мерзім ішінде жүзеге асырылды.

«Бұл жол «Шығыс-Батыс» бағытының жүк өткізу мүмкіндігін айтарлықтай арттырады. Бірақ мұнымен тоқтап қалмай, үкімет «Бақты-Аягөз», «Қызылжар-Мойынты» жобаларын уақытылы жүзеге асыруы тиіс. Себебі, аталған жобалар еліміздегі теміржол жүйесінің толық қаңқасын қалыптастырады», — деді Президент.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button