Президент Республика күніне арналған салтанатты жиында сөз сөйледі

Президент Республика күніне арналған салтанатты жиында сөз сөйледі, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
«Еліміздің ең басты мерекесі – Республика күні құтты болсын! Ұлттық мейрам қарсаңында дәстүрге сай Ақорда төрінде мемлекетіміздің үздік азаматтарымен бірге жиналып отырмыз.
Биыл еліміз азаттықтың мерейлі белесіне жетті. Осыдан 35 жыл бұрын Қазақстанның Егемендігі туралы декларация қабылданды. Дәл осы күні сан ғасырлық мемлекеттілік дәстүріміз қайта жаңғырды. Көп ұзамай жұртымыз Тәуелсіздік байрағын көтерді. Тарихи әділдік орнап, ұлттың рухы асқақтады. Сондықтан бұл күнді халқымыздың дербес ел болуына жол ашқан қастерлі күн деуге болады.
Тәуелсіздік – бәрінен қымбат құндылығымыз. Оны сақтап, нығайта түсу – баршамызға ортақ қасиетті борыш. Егемендік – ата-бабаларымыздың ұлт мүддесі жолындағы өшпес ерлігінің айқын көрінісі».
«Заңғар ойшыл Әбіш Кекілбаев «Өткеннен тағылым, ертеңнен үміт іздегендер ғана ілгері баса алады» деген. Біз әр кезеңде ұлт тарихында өшпес із қалдырған барлық мемлекет және қоғам қайраткерлеріне құрмет көрсетеміз, оларды ешқашан ұмытпаймыз.
Сонымен бірге келешекке үлкен үмітпен, зор сеніммен қараймыз, биік мақсаттарға ұмтыламыз. Осы жылдарда еліміздің бағындырған белестері аз емес. Біз жер жүзіне егемен мемлекет ретінде танылдық. Шекарамызды шегендеп, іргемізді бекітіп, қауіпсіздігімізді қамтамасыз еттік. Бірлігімізді бекемдеп, татулық пен тұрақтылықтың арқасында түрлі сынақтардан сүрінбей өттік. Бүгінде жаһан жұрты еліміздің өсіп-өркендеп келе жатқанына куә болып, өз құрметін көрсетуде.
Алайда кемшіліксіз, мінсіз жұмыс болмайтыны анық. Біз өткеннен сабақ алып, ешкімге жалтақтамай, өз жолымызбен жүріп келеміз.
Соңғы жылдары халықтың әл-ауқатын арттыру үшін аса маңызды қадамдар жасалды. 2019 жылы ауқымды реформалар қолға алынды. Қазақстан жаңа тұрпатты ел болу жолына түсті.
Жалпыхалықтық референдум арқылы Ата заңымызға түзетулер енгізілді. Парламенттің құзыреті кеңейді, Үкіметтің жауапкершілігі артты. Конституциялық сот құрылды. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институты конституциялық мәртебеге ие болды. Биыл шілде айынан бастап Кассациялық сот жүйесі іске қосылды, бұл қоғамымызда әділеттілікті күшейтуге жағдай жасады».
Президент: «2019 жылдан бері экономикамыз 16 пайызға өсті»
«Әділетті Қазақстанды құру жолында басқа да нақты шаралар қолға алынды. Азаматтарымыз мемлекеттік маңызы бар шешімдер қабылдауға белсенді түрде араласа бастады.
Ауыл, аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдері тікелей сайланатын болды. Ауыл әкімдерінің барлығы, ал аудан әкімдерінің 25 пайызы жаңарды. Осылайша, билік жүйесі айтарлықтай өзгерді.
Елімізде «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидаты орныға түсті. Ашығын айтсақ, осы аймақтағы билік жүйесінде мұндай ауқымды өзгеріс ешқашан болмаған.
Біз бір ел болып саяси реформаны табысты іске асырып жатырмыз, соның нәтижесі ретінде қоғамда түбегейлі жаңғыру үдерісі басталды. Реформаларымызды жүзеге асыруға барша адамзат үшін аса қиын, күрделі кезеңде кірістік.
Пандемия, алпауыт елдердің санкциялық текетіресі, қалыптасқан сауда жолдарының бұзылуы, түрлі қақтығыстар мен соғыстар әлем елдерінің дамуына орасан зор шығын келтірді. Бұл жағдайлар Қазақстанға да салқынын тигізді. Дегенмен біз қажетті шараларды дер кезінде қабылдадық. Экономикамыздың әлеуетін сақтай отырып, оны тың серпінмен дамыта түстік.
2019 жылдан бері экономикамыз 16 пайызға өсті, биыл осы көрсеткіш шамамен 137 триллион теңге, яғни 291 миллиард доллар болады деп күтілуде, бұдан да асуы мүмкін. Бұл Қазақстанның біздің аймақтағы ең үлкен экономика екенін көрсетеді. Жан басына шаққанда ішкі жалпы өнім 47 пайызға артып, 14 400 долларға жетті. Бұл – Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдері арасындағы ең жоғары көрсеткіштің бірі.
Қазақстанның алтын-валюта резервінің көлемі 58 миллиард долларға жетті. Жеті жылда сыртқы сауда айналымы 83 пайызға артып, бүгінде 142 миллиард доллар болды».



