Полиция нысандарына қолдау қажет

Астанадағы бірқатар полиция нысандары жаңартуды қажет етеді. Осыған байланысты қалалық мәслихат депутаттары елордалық Полиция департаментінің бірқатар стратегиялық нысандарын аралап, жағдайымен танысты.
Алғашқы нысан – Тілендиев көшесінде орналасқан Патрульдік полиция полкінің ғимараты. 1964 жылы салынған 1200 шаршы метрлік бұл нысан ескірген әрі қазіргі заман талабына сай емес. Оның жартысы Төтенше жағдайлар департаментіне тиесілі болғандықтан, полицейлер тар бөлмелерде жұмыс істеуге мәжбүр. Арнайы техника мен жеке құрамға да орын тапшы.
– Қала аумағы ұлғайған сайын полицейлер саны да артып келеді. Қазіргі жұмыс жағдайы талапқа сай емес. Қала әкімдігі Айтматов пен Қорғалжын тасжолы қиылысынан 2 гектар жер бөліп, жаңа типтік ғимарат салу жобасын қолға алдық. Қазір жобалау жұмыстары жүріп жатыр. Сараптамадан кейін депутаттарға сметалық жобаны ұсынамыз, – деді Астана қаласы Полиция департаменті бастығының орынбасары, полковник Арман Айтмағамбетов.
Келесі нысан – Сарыарқа аудандық полиция басқармасының Агрогородок елді мекеніндегі учаскелік пункті. Бұрын бұл бөлімше ескі балабақша ғимаратында орналасқан еді, бірақ апатты деп танылған соң, уақытша басқа жерге көшірілген.
Үшінші нысан – Алаш тасжолындағы 1983 жылы салынған атыс тирі. Мұнда жөндеу жүргізілмеген, оқу-жаттығулар ескі әдіспен – қағаз нысанаға атумен өтіп жатыр. «Мұнда күн сайын СОБР, арнайы бөлімше және барлық жеке құрам жаттығады. Жылыту жүйесін жаңарту, ғимаратты күрделі жөндеу және техникалық жарақтандыру қажет. Мысалы, атылған оқ нәтижесін монитор арқылы көруге мүмкіндік беретін камера орнату керек» деді мәслихат депутаты, тұрақты комиссия төрағасы Кендебай Адамбек. Оның айтуынша, бастапқы жұмыстарға кететін қаржы шамамен 300 мың теңгеден басталады.
Соңғы нысан – 1961 жылы салынған автокөлік шаруашылығы. Мұнда ішкі тұраққа – 130, ал сыртқы аумаққа 200 көлік сияды. Мұнда арнаулы техника, жабдықтар сақталады. Алайда ғимарат тозып, қабырғалары жарыла бастаған.
– Полиция департаменті басшылығы өз қызметкерлерінің жағдайын жақсарту жолында белсенді жұмыс істеп келеді. Қоғамдық тәртіптің сенімді сақталуы үшін қызметкерлерге қолайлы жағдай жасалуы қажет. Сондықтан бұл мәселелерді шешу – қала қауіпсіздігіне қосылған үлес, – деді Кендебай Адамбек.