Полиция есірткі жарнамаларын жойды

Елорданың Есіл ауданында 27 тамыз күні «Заң және тәртіп» қағидаты аясында «Нашақорлыққа жол жоқ» атты кезекті профилактикалық іс-шара өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Акция барысында еріктілер, аудан әкімі аппаратының өкілдері, Жастар саясаты мәселелері басқармасы мен полиция қызметкерлері синтетикалық есірткі құралдарын насихаттайтын заңсыз жазулар мен граффитилерді бояп, жойды.
«Біздің басты мақсатымыз – тұрғындар мен қала қонақтарына, әсіресе жастарға, қауіпсіз әрі таза орта қалыптастыру. Біз тек есірткі туралы жазуларды жоюмен шектелмей, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жалғастырып, мұндай ұсыныстарға қатысты қала тұрғындарында тұрақты теріс көзқарас қалыптастыруға ниеттіміз. Жыл басынан бері Есіл ауданында 6 рет рейд жүргізіліп, 20 жерде 31 граффити анықталды. Барлық жарнама боялып, толықтай жойылды», – деді Есіл ауданы әкімдігінің өкілі Әли Жолтабар.
Акцияның мақсаты – жастар арасында есірткіге қарсы тұрақты иммунитет қалыптастыру, қоғамдық тәртіпті нығайту, қаланың тазалығын сақтау және салауатты өмір салтын насихаттау.
Сонымен қатар жастарды құқықбұзушылықтың алдын алуға және азаматтық жауапкершілікті арттыруға бағытталған әлеуметтік маңызы бар бастамаларға тартуға ерекше көңіл бөлінді.
Мұндай шаралар елорданың барлық ауданында тұрақты түрде өткізіліп келеді.