Полицейлер туристерге жоғалған құжаттары мен ақшаларын тауып берді

Астана қаласында полицейлер туристерге жоғалған құжаттары мен ақшаларын тауып берді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Қытай Халық Республикасынан келген туристер такси көлігінде жеке құжаттары мен ақшаларын байқаусызда ұмытып кетіп, Ханшатыр ойын-сауық орталығы маңындағы полиция бекетіне жүгінді. Шетелдік азаматтар құжаттары мен қаражаты салынған сөмкенің көлікте қалып қойғанын айтып, көмек сұраған.
Туристік полиция қызметкерлері Ернұр Амирханов пен Айгерім Ибраимова жедел түрде мән-жайды анықтап, бейнебақылау камералары арқылы таксидің жүру бағытын белгіледі. Қысқа уақыт ішінде автокөлік тоқтатылып, жүргізушімен түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Көлікті тексеру барысында туристердің төлқұжаттары, жеке құжаттары мен ақшалай қаражаты толық көлемде табылып, иелеріне қайтарылды.
Полицейлердің жедел әрі үйлесімді әрекетінің нәтижесінде шетелдік қонақтар маңызды құжаттары мен қаражатын жоғалтпай, сапарларын жалғастыру мүмкіндігіне ие болды. Туристер полиция қызметкерлеріне кәсібилігі мен жедел көмегі үшін шынайы ризашылықтарын білдіріп, алғыс айтты.
Астана қаласы Полиция департаменті қала тұрғындары мен қонақтарына қоғамдық орындарда және көлік ішінде жеке заттарына мұқият болуды ескертеді. Қандай да бір құқық бұзушылық немесе төтенше жағдай орын алған жағдайда дереу «102» арнасына хабарласу қажет.



