Полицейлер қоғамдық тәртіпті нығайтты

1 қыркүйектен бастап Астанада «Учаске» жедел алдын алу іс-шарасы кең көлемде жалғасуда. Екі айдан астам уақыт ішінде полицейлер қала аудандарының барлығын қамтып, ең шеткі тұрғын алаптар, қала маңындағы аймақтар мен саяжай алқаптарын да назардан тыс қалдырмай, ауқымды жұмыс атқарды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Іс-шараның басты мақсаты – қоғамдық қауіпсіздікті нығайту, азаматтардан келіп түскен сигналдарға дер кезінде әрекет ету және тұрғындар мен полиция арасындағы өзара тұрақты сенімді қалыптастыру.
Бүгінде атқарылып жатқан шаралардың елеулі нәтиже беріп отырғанын сеніммен айтуға болады. Күнделікті кешенді тескеріс барысында көші-қон қызметі, арнайы бөлімшелер, кинологтар, жедел бөлімшелер мен учаскелік полиция инспекторлары жұмылдырылды.
Осындай кешенді тәсіл әрбір аумақтағы жағдайды жан-жақты зерделеуге, ең шеткі аудандардан бастап саяжай алқаптары мен қала маңындағы шағын аудандарға дейін толық қамтуға мүмкіндік берді.
Тәртіп сақшылары 400 мыңнан астам пәтерлер мен жеке үйлерге барып, аула мен пәтерлерді аралады. Шамамен 8 000 саяжай үйі тексерілді. Көңіл көтеру орындары мен сауда нысандарына 2 500-ге жуық тексеріс жүргізілді. Тексеріс кезінде бірқатар құқық бұзушылықтар анықталды.
Ең жиі кездесетіндері – отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтар, алкогольдік ішімдіктер ішу және қоғамдық орындарда мас күйінде жүру, көші-қон заңнамасын бұзу, бұзақылық фактілері, ортақ пайдаланылатын орындарды ластау және басқа да құқық бұзушылықтар.
Іс-шараның негізгі нәтижелерінің бірі – азаматтардың полицияға деген сенімінің айтарлықтай артуы. Тұрғындар полицияның әркез қолжетімді болуы, тұрақты түрде аула аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізуі және тікелей кері байланыс орнатуы өздерін анағұрлым қауіпсіз сезінуге мүмкіндік беретінін атап өтуде.
Көптеген аулалар мен шағын аудандарда полицейлерге тікелей жүгінулер түсіп, олар тұрғындардың өзекті мәселелерін шешуге, ықтимал жанжалдардың алдын алуға көмектесті. «Учаске» жедел-алдын алу іс-шарасы 1 желтоқсанға дейін жалғасады.
Полиция әрбір әкімшілік аумақта белсенді жұмысын жалғастырып, тұрғындардың қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге күш салып жатыр.



