Пиротехника қолдануға тыйым салады

Астанада Байқоңыр аудандық полиция қызметкерлері Көшке Кемеңгерұлы атындағы №49 мектептің акт залында 8-сынып оқушыларымен пиротехникалық бұйымдар мен тасымалданатын лазер сәулесін қолдануға тыйым салу тақырыбында профилактикалық дәріс өткізді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Дәріс барысында оқушыларға пиротехниканың қауіптілік деңгейі, мереке күндері жиі кездесетін жарақат алу қаупі, сондай-ақ заңсыз қолданған жағдайда қарастырылған әкімшілік жауапкершілік пен айыппұлдар егжей-тегжейлі түсіндірілді. Сонымен қатар, лазер сәулесінің адам көзі мен денсаулығына тигізетін зияны туралы нақты мысалдар келтірілді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – оқушылардың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру, мереке кезінде қауіпті бұйымдарды қолданбау, өз өмірі мен денсаулығын қорғау қажеттілігін түсіндіру.
Полиция қызметкерлері оқушыларды қауіпсіздік талаптарын сақтауға, пиротехникалық заттардан бас тартуға және кез келген қауіпті жағдайды дер кезінде ересектерге немесе тиісті органдарға хабарлауға шақырды.



