Ел тынысы

Педагогтерге арналған іс-тәжірибелік семинар өтті

Астанадағы №87 «Қадыр» балабақшасында «Педагогикалық сабақтастық» жоспары аясында даярлық тобындағы балалардың мектепке дайындығы жөнінде тәрбиешілер мен бастауыш сынып мұғалімдерінің іс-тәжірибелік семинары өтті, деп хабарлады astana-akshamy.kz.

Бүгінде аталған балабақшада 12 топ, яғни 307 бүлдіршін тәрбиеленеді. Соның мектеп алды даярлық 4 тобындағы балалар саны 100-ден асады. Педагогикалық ұжымда 30 адам, оның ішінде дене тәрбиесі мұғалімі, үйірме жетекшілері, логопед, дефектолог, 19 тәрбиеші жұмыс істейді. Мұнда балаларға қолөнермен айналысуға жағдай қарастырылған.

«Балабақшадағы балалар мектепке баруға психологиялық тұрғыда дайын болуы керек. Мектептің бастауыш сынып мұғалімдері бізге келіп, балаларды көрген кезде олардың тағы қай қырын ашу керектігі жөнінде ұсыныстарын айтады. Балаларды да мектепке экскурсияға апарып тұрамыз. Өйткені балада бейімделу кезеңі болады. Мысалы, балабақшада олар ойын арқылы сыртқы әлеммен танысса, мектептің тәртібі басқаша. Онда сабақты мұқият тыңдап, тәртіп сақтап отыру керек, жаттау керек. Сондықтан бұл жағынан балабақша мен мектеп арасындағы педагогикалық сабақтастықтың рөлі зор», – деді №87 «Қадыр» балабақшасының меңгерушісі Ләйлә Аханова.

Айта кету керек, 2025-2026 жылғы оқу жылынан бастап №87 «Қадыр» балабақшасындағы балалар бірыңғай қазақ топтарында тәрбие алады. Бұл ретте балабақша іші қазақы ою-өрнекпен безендіріліп, қабырғаларға бүлдіршіндер бір уақ бой сергіту үшін қазақтың ұлттық музыкасы, тарихы туралы ойын тақталары орнатылған.

Іс-шара барысында №75 мектеп-гимназиясының бастауыш сынып мұғалімдері Эльмира Молдашева мен Айкөркем Жаңабай балабақша тәрбиеленушілеріне «Мен мектепке дайынмын ба?» деген дәріс өткізді. «Педагогикалық сабақтастық аясында бұл балабақшаға былтыр да келіп, іс-шараға қатыстық. Тәрбиешілер әдіс-тәсілдерімен бөлісті. Балабақша тәрбиеленушілері де мектепке саяхат жасап тұрады. Қазіргі балалар еркін, сабаққа дайын. Балабақшаның қазақылығына тәнті болдық. Тығыз байланыстамыз. Балабақшадағы әріптестерге, ата-аналарға айтар ұсынысымыз сол балалардың санасына қазақ тілін ерте жастан сіңірсе екен дейміз. Әйтпесе 1-сыныпта оқушылар сабақты дұрыс түсінбей қиналады», – деді Эльмира Молдашева.

«Педагогикалық сабақтастық» жоспары аясында мектеп мұғалімдері балабақша тәрбиеленушілерінің қолөнер жұмыстарымен танысты.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button