
Астанадағы Триатлон саябағында инклюзивті шеберлік сабақтары ұйымдастырылды. Қатысушылар үстел теннисі мен баскетболдан жаттығуларға қатысты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Іс-шара басталмас бұрын ұйымдастырушылар спортшыларға дайындық жаттығуын өткізді.
«Фестивальдің басты мақсаты – спортпен кез келген адам шұғылдана алатынын көрсету. Біз адамдардың басын қосып қана қоймай, олар үшін араласуға және дамуға мүмкіндік беретін алаң қалыптастыруды көздейміз. Жастар мен мүмкіндігі шектеулі жандар спортты өз қабілетін шыңдаудың жолы ретінде қабылдағанын қалаймыз. Фестиваль осымен екінші жыл қатарынан өтіп отыр. Биыл 100-ден астам қатысушыны күтіп отырмыз», – деді жарыс ұйымдастырушысы Тимур Есімов.
Ерекше қызығушылық үстел теннисінен өткен шеберлік сабағында байқалды. Оны жаттықтырушы Ағиза Шалабаева жүргізді.
«Мен пара және сурдо үстел теннисінен жаттықтырамын. Қазіргі таңда «Elorda» мүгедектер спорт клубында жұмыс істеймін. Мұнда есту қабілеті нашар, тірек-қимыл аппараты бұзылған және зияткерлік ерекшеліктері бар спортшылар жаттығады. Бізде үш жаттықтырушы бар, Қазақстан чемпионаттарында жеңіске жетіп, халықаралық жарыстарға қатысып жүрміз», – деді ол.
Оның айтуынша, жаттығулар тегін түрде екі жерде өтеді: Қабанбай батыр көшесіндегі Үстел теннисі орталығында және «Алау» спорт кешенінде. Сондай-ақ дайындық Паралимпиадалық жаттығу орталығында да жүргізіледі.
Фестиваль аясында алғаш рет пара-баскетбол командасы таныстырылды. Оның жаттықтырушысы – халықаралық дәрежедегі спорт шебері, бұрынғы кәсіби ойыншы Рустам Ерғали.
«Мені Virtus федерациясы мен Паралимпиада комитеті шақырды. Үлкен тәжірибем болса да, бұл – жаңа сын болды, мен қабылдадым. Команданы небәрі екі айда құрдық. Әрине, бұл қысқа мерзім, ал әлем чемпионатында бізге 10-15 жылдан бері дайындалып жүрген құрамалар қарсылас болды. Дебют оңай болған жоқ: жеребеде жапондармен ойнап, жеңіліп қалдық. Бұл заңды да, өйткені олардың тәжірибесі мол. Бірақ Қазақстанда осындай команданың құрылғанына қуаныштымын. Пара-баскетбол ерекше назарды қажет етеді. Жігіттердің әлеуеті бар, мен оларды тастамаймын. Жаттығуларды жалғастырамыз, әрі қарай жетелеу – менің нық шешімім», – деді бапкер.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл фестиваль елордада игі дәстүрге айналып, көбірек адамды саламатты өмір салтына ынталандырады.